01 Сәуір, 2015

Энергетиканы дамыту – экономиканы дамыту

1270 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
МинистрҚазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді», деп атап өтті. Мемлекет басшысы бұл ойын «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде «Әлемдік рыноктарда энергия көздері мен металл бағаларының құлдырауы экономикалық тәуекелдерді күрт ұлғайтып жіберді. Барлық дерлік мемлекеттер елеулі геосаяси және эко­но­микалық сын-қатерлерді бастан өткеруде», – деп жалғастырды. Қазақстандықтар қазірдің өзінде белгілі геосаяси және экономикалық факторлардың әсерін күнделікті тіршілікте, экономика мен энергетикада сезінуде. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты Қазақстанның экономикалық тәуекелге жауабы болып табылады. Ол, біріншіден, инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде экономиканың құбылмалылығына қарсы тұру шаралары болса, екіншіден, екінші бесжылдықтағы индустрияландыру бағытын жалғастыруды қамтиды. Мұнда түбегейлі өзгерістер үдерісін энергетикалық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз етпей мемлекеттің тұрақты дамуын сақтау мүмкін емес екенін атап өту қажет. Энергетика саласында орын алған жағдай экономикаға ғана емес, сонымен қатар, басқа да салаларға әсерін тигізе алады. Қазақстан Республикасының энергетика саласындағы әлеуеті өте зор. Еліміз әлемде энергия ресурстарын өндіруде 18-ші орында, мұнай және газ қоры бойынша 12-ші орында, уран бойынша 2-ші орында тұр. Сондай-ақ, дәлелденген көмір қоры бойынша республикамыз әлемде 7-ші орында. Осылайша, Қазақстан экономикасы өзінің шикізаты және отын-энергетика қорымен толық қамтамасыз етілген және оларды экспорттауда едәуір табысқа ие. Қазақстандық энергия ресурстары экспортының негізін мұнай, көмір және табиғи газ құрайды. Бүгінде республикада көмірсутек шикізатына жер қойнауын пайдалануға арналған 199 келісімшарт тіркелген. 2014 жылы мұнай өндіру 808 млн. тоннаны құрады, жыл ішінде 14,9 млн. тонна мұнай өңделді. Мұнай және газ конденсатын экспорттау көлемі 2014 жылы 72 млн. тоннадан асты. Соңғы екі жылда барлаудан өндірістік игеруге 6 кен орны– Әлімбай, Масабай, Ракушечное, Шығыс Жағабұлақ, Шығыс Қаратұрын, Теңіз Қаратұрын кен орындары енгізілді. 2014 жылы газ өндіру 43,2 млрд. текше метрді құрады. Еліміздің негізгі газ өндіруші компаниялары бүгінде әлемге белгілі «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Теңізшевройл» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «СП «ҚазГерМұнай» ЖШС болып табылады. Қазақстанда өндірілетін газ, негізінен, табиғи болып табылады, сондықтан оны тауарлық өнім деңгейіне жеткізу үшін газ өңдеу зауытында өңдеу қажет. Бүгінде Қазақстанда үш газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) жұмыс істейді, олар Қазақ ГӨЗ, Теңіз ГӨЗ және Жаңажол ГӨЗ. Қазақстандық газ экспортының көлемі 2013 жылы 1,1 млрд. т/м. құрады. Қазақстан Президенті энергетиктерге сауданың қарапайым түрлерінен өндірістік және ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ саланың инвестициялық тартымдылығы мен әлемнің жетекші энергетикалық компанияларымен инновациялық және жоғары технология саласындағы өзара іс-қимылға көшу жөнінде міндет қойды. Өнеркәсіпті одан әрі дамытудың келесі кезеңі өңдеу саласы үшін жағдай жасау болып табылады. Мұнай-газ саласында бұл мұнай мен газды терең өңдеп, мұнай-химия өнімін алуды дамытуды білдіреді. Қазіргі таңда Қазақстанның мұнай-химия өнеркәсібі заманауи технологияларды батыл ендіру арқылы дамуда. Қазақстанда мұнай-газ, химия өндірісін дамыту мүмкіндіктерінің оң бағасын, халықаралық сарапшыларды қоса алғанда, зерттеу нәтижелері де растайды. Осы күні республикада мұнай мен газды терең өңдеу бойынша «якорлық» өндірістерді құру жөнінде инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазақстан Республикасында мұнай-газ,­ химия саласын дамыту шаралары 2015-2019 жыл­- дарға арналған мемлекеттік индустрия­лық -инновациялық бағдарламаның, сондай-ақ 2014-2018 жылдарға арналған мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаның ережелерінде көрсетілген. Мұнай-газ, химия өндірісі (терең өңдеп жоғары қосылған құнымен өнім алу) мол қаражатты талап ететінін ескергенде, мұндай жобаларды іске асыру қажетті инфрақұрылымдық қамтамасыз етусіз мүмкін емес. Әлемдік тәжірибеге сәйкес инфрақұрылым нысандарын мемлекет салады, бұл инвестициялар мен жаңа технологиялар тартуды қамтамасыз етеді. Қолданыстағы инфрақұрылым арнайы экономикалық аймаққа (АЭА) қатысушы компанияларға 20 % күрделі және 15 % операциялық шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА инфрақұрылымы нысандарының құрылысы жалғастырылатын болады. Осы орайда, негізгі өндірістік нысандарға (полипропилен, полиэтилен, бутадиен) тартылған инвестициялардың жал­пы сомасы шамамен 8 млрд. АҚШ долларын­ құрайды. Инфрақұрылым мен өндірістік нысандардың құрылысы толық аяқталған соң, сондай-ақ негізгі зауыттар іске қосылғаннан кейін АЭА-да мультипликативті тиімділік, оның ішінде, жылына жалпы сомасы шамамен 2 млрд. АҚШ доллары тұратын жоғары қосылған құнмен экспортқа бағытталған өнім шығару күтілуде. Қазақстанның энергетикалық, оның ішінде, электр тасымалдау инфрақұрылымын дамыту, экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Президент Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауында «...магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», деп атап өтті. Осы міндеттерді орындау үшін республикада «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» шығыс және оңтүстік бағыттары бойынша жоғары вольтты желілер салынатын болады, соның арқасында бірқатар энергияға тапшы теміржол учаскелері электрмен қамтамасыз етіледі, шекара маңындағы аумақты дамытуға және жаңғырмалы энергия әлеуетін игеру бойынша жобаларды кеңейтуге қосымша серпін береді. Дәстүрлі энергияның айтарлықтай қорының болуына қарамастан, бұл энергия көздерінің мәңгілік емес екенін біз жақсы түсінеміз. Сонымен қатар, Қазақстанның жаңғырмалы энергетиканы дамыту үшін үлкен әлеуеті бар – ол судың, желдің күші мен күн сәулесі және бұл мүмкіндіктерді пайдаланбау дұрыс болмас еді. Біздің еліміз әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде парниктік газ қалдықтарын азайту бойынша халықаралық жобаларға белсенді қатысып, өз экологиялық бастамаларын көтеруде. 2010 жылы Қазақстан Республикасы «Жасыл көпір» бүкіләлемдік экологиялық бастамасына мұрындық болды. 2013 жылдан бастап Қазақстанда «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы іске асырылуда, 2020 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы мөлшерінде жаңғырмалы энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 3 %-ға жетеді, ал 2030 жылға қарай 10 % болады. Бұдан басқа, «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президенттің Жолдауына сәйкес, Мемлекет басшысы өндірісте энергияның жаңғырмалы және балама түрлерін дамыту бойынша 2050 жылға қарай еліміздің барлық энергия тұтыну үлесінің жартысынан кем болмауы қажет деген міндет қойып отыр. Атом энергиясының әлеуеті туралы айта отырып, бүгінгі таңда энергия көздерінің ең бәсекеге қабілеттілерінің бірі ретінде оның экологиялылығын және генерацияның төмен бағасына қатыстылығын атап өтуге болады. Қазақстанда атом саласын құру және дамыту үшін барлық объективті алғышарттар бар. Олар барланған уран қорының едәуір мөлшерінің болуы, дамыған уран өндіру және уранды қайта өңдейтін өнеркәсіптің болуы, атомдық ғылымның, жоғары мамандандырылған жеке мамандардың, сондай-ақ АЭХА талаптарына сәйкес келетін атом энергиясын пайдалану мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық базаның болуы. 2009 жылдан бері Қазақстан атом энергиясын әлемдік жеткізуші болып табылады. Біздің елімізде 2014 жылы 22,8 мың тонна атом энергиясы өндірілді, осылайша көшбасшы ретінде стратегиялық шикізатта еліміз әлемнің атомға қажеттілігін 40 %-дық тұрғыда қамтамасыз ете отырып, өз позициясын сақтап қалды. Бүгінгі таңда елімізде тәуелсіз Қазақстанның алғашқы атом стансасын салу туралы мәселе қарастырылуда. Меншікті атом генерациясын дамыту елімізде бар отындық және минералды ресурстарды тиімді және теңестіріле пайдалануға, экспорттық әлеуетті көтеруге, энергетикалық технологияның экологиялық тазалығын қамтамасыз етуге, экономиканың түрлі салаларында пайдалану үшін ядролық технологияны дамытуға, еліміздің АЭС салу ұйғарылған өңірлерінде әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Есеп бойынша «жасыл экономика» шеңберіндегі қайта құру 2050 жылғы қарай біздің елімізде ІЖӨ-нің 3%-ға қосымша өсуіне, 500-ден астам жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету саласының және өнеркәсіптің жаңа салаларын қалыптастыруға, ел азаматтары өмірінің сапалық стандарттарын жақсартуға мүмкіндік береді. Міндеттер қарапайым емес, алайда шынайы. Мысалға, қазірдің өзінде Қазақстанда өндірілген және өңделген шикізаттан күн сәулесі панельдері жаппай шығарыла бастады. Елімізде Қазақстан ғалымдарының бірден-бір зерттемесі – дауылды жел кезінің өзінде де жұмыс істейтін дала жел генераторларын тәжірибеден өткізу ойдағыдай аяқталды. Қазақстандық энергетиктер мен экономистердің пікірі бойынша, ұзақмерзімді перспективада жел энергетикасы анағұрлым әлеуетке ие болады. 2013-2020 жылдар аралығындағы кезеңде жалпы белгіленген қуатпен 1787 МВт 34 жел электр стансаларының, жалпы белгіленген қуат бойынша 713,5 МВт күн электр стансаларының және жалпы белгіленген қуатқа сәйкес 539 МВт 41 шағын ГЭС жұмыстарын іске қосу жоспарлануда. Қазақстанда жаңғырмалы энергия көздерін дамыту жобасына инвестицияның жалпы болжамдық сомасы 540 миллиард теңгеден астам соманы құрайды. Аса маңыздылығына қарамастан, балама энергетиканы дамыту, оны пайдаланудың кең мүмкіндіктері мен әлеуетті көпшілікке тарату жүйелі мемлекеттік қолдауға мұқтаж болып отыр. Осы мақсаттар үшін Қазақстан Республикасында энергияның балама көздерін пайдаланғысы келетін жеке шаруашылықтарды мемлекеттік қолдау жүйесі әзірленді және ол іс жүзіне енгізілуде. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай отырып, Қазақстан тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тарихында кеңестік елдер кеңістігінде танылған көшбасшы елдердің бірі болғандығын атап өтуге тиіспіз. Күшті және бәсекеге қабілетті кәсіпорын салу үшін экономиканың энергетикалық қауіпсіздігі міндетті шарт болып табылады. Қалыптасқан және серпінді дамушы мемлекет ретінде Қазақстан бүгінгі таңда өз алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты өзінің Жолдауында атап айтқандай, ««Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – біздің әлемнің ең бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жолындағы ауқымды қадамымыз». Владимир Школьник, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі.
Соңғы жаңалықтар