Аймақтар • 18 Мамыр, 2024

Су сапасы сарапталады

51 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында тасқын судан зардап шеккен елді мекендердің бірқатарында дезинфекциялау жұмысы аяқталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Су сапасы сарапталады

Өңірде наурыз айының со­ңында әуелі Қалдығайты, Аңқаты, Шідерті секілді шағын өзен­дер тасыса, кейін транс­ше­ка­ралық Қараөзен мен Сарыөзен, Шаған мен Деркөл, Жайық өзендері де арнасынан асып, асау мінез көрсетті. Тасыған су көп жерде тұрғын үй мен мал-мүлікті ғана емес, әлеуметтік құрылымдарға, соның ішінде ауызсумен қамту жүйесіне де зақым келтірді.

Облыстық санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау бас­қар­масының дерегінше, су кеткен аудандардың елді мекендерінде, яғни Бәйтерек, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі, Сырым аудандарындағы тұрғын үйлерді, сондай-ақ Қаз­талов ауданының су басқан 2 су құбырын дезинфекциялау ша­расы аяқталып қалған. Бұл жер­лерде енді су сараптамасы жүр­гізілмек.

Қазір қалпына келтірілген орталық­тандырылған су жүйе­сін­­дегі су да зерттеліп, қауіпсіздік шарасы жасалып жатыр екен. Су тасқыны басталғаннан бері ма­мандар барлығы 1 625 мәрте су сы­на­масын зерттеуге алған. Оның ішінде 817 сынамаға мик­ро­биологиялық зерттеу, 808 сынамаға санитарлық-химиялық зерттеу жасалған.

Бұған қоса орталық­тан­ды­рыл­ма­ған сумен жабдықтау жүйесін де зерттеуге сани­тар­лық-микро­биологиялық 17 сы­нама және санитарлық-хи­мия­лық зерт­теулерге 17 сынама алы­ныпты.

«Зертханалық талдау нәти­же­лері судың сапасы талапқа сай екенін, қауіпсіздігін, алынған бар­лық сынамада жұқпалы ауру­лар­­дың өршу қаупі жоқты­ғын көрсетті», дейді мамандар.

Бүгінге дейін барлығы 724 тұрғын үй, 577 кәріз, 3 су құбыры дезинфекцияланған. Соның ішінде Сырым ауданы Қосарал ауылының 1 су құбыры, Қазталов ауданындағы орталық құбыр мен Әжібай ауылының су құбыры бар.

Орал қаласы маңындағы сая­­жай­ларда дезинфекциялау жұ­­мысы су кеткен соң басталады. Жайық бойын жағалай жат­қан Ақжайық ауданында 45 елді мекен болса, соның 32-сі өзен бойында орналасқан. Биылғы тасқыннан ауылдар аман бол­ғанымен, 7 ауылдық округке қарасты 12 ауылдың су айдау нысандары өткен аптада су астында қалған. Қазір бұл ауылдарда алдын ала резервуарларға жиналып алынған су тұрғындарға кестемен беріліп жатыр. Одан бөлек, әркім өз ауласындағы құйма құдықтарға су жинап алып, амалдап отыр. Кей ауылдарға ауызсуды көлікпен тасымалдау ұйымдастырылған.

Ақжайық ауданы әкімінің орын­басары Бейімбет Ғиззатов­тың айтуынша, ауызсудан тұр­ғын­дар тапшылық көрмейді.

– Халықты ауызсумен қамту мақсатында су таситын 6 көлік қызмет етіп жатыр. Оның екеуі «Жайықтехсервис» комму­налдық меке­месі құзырын­дағы су тасы­ғыш техникасы болса, қалған төртеуі облысқа материалдық резерв­тен беріл­ген. Су деңгейі түскен жағ­дайда санитарлық тексеру-таза­лау жұмысын өткеріп, орта­лық­тандырылған су жүйесін қайтадан қалпына келтіреміз, – дейді аудан әкімі орынбасары.

Айта кетейік, эпидемияға қарсы іс-шараларды облыс әкімі Нариман Төреғалиев тікелей өз бақылауында ұстап отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы