01 Сәуір, 2015

Әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағдар

438 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Астана әкімшілігіКеше Астана қаласы әкімдігінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Тұрғындардың әлеуметтік әлеуеті – Астана бренді» атты кеңес болып өтті. Кеңес жұмысына Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және республикалық ұйымдардың, қалалық басқармалардың, жоғары оқу орындарының, медициналық мекемелердің басшылары қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі әкімдіктер мен ірі кәсіпорындардың, орталық мемлекеттік органдардың арасында өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, еңбеккерлердің еңбек құқығы мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі өзара ынтымақтастық меморандумдарын бекіту жөнінде кең көлемді жұмыстарды іс жүзіне асыруда. Елорда әкімдігіндегі алқалы жиын да нақ осы маңызды шараға арналған. «Әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан біздің елімізде әлеуметтік салаға бөлінген шығындар ешбір қысқартуға ұшыраған жоқ және биылғы жылы ол 4 триллион теңгені құрап отыр. Экономикалық дағдарыс жағдайында Үкіметтің басты міндеті – тұрғындарды еңбекпен қамту және жұмыссыздықты болдырмау. Бүгінде біз осы биік мақсаттарды іс жүзіне асыру жолында кешенді жұмыстар атқарудамыз», деді Премьер-Министрдің орынбасары өз сөзінде. Үкімет басшысының орынбасары атап көрсеткендей, Елбасының тікелей тапсырмасымен елімізде әлеуметтік саладағы дағдарыс қиындықтары барынша жеңіл болу үшін тиімді жолдар қарастырылуда. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша әлеуметтік саланың нысандарын салу мәселесіне басымдық беріліп отыр. Осы орайда республикалық бюджеттің қаржысы есебінен Астанада 17 әлеуметтік нысан құрылысы салынбақ. Сонымен бірге, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің тапшылығын азайту, апатты және үш ауысымда жұмыс істейтін мектептерді болдырмау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылмақ. Қазіргі таңда Астанада 1 апатты және үш ауысыммен жұмыс істейтін 3 мектеп бар. 2017 жылы елордада бұл проблема толық шешімін табады. Елорда тұрғындарына меди­циналық қызмет көрсету жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылмақ. Бұл ретте қаладағы медициналық мекемелердің материалдық жабдықталуын жақсарту және кадрлармен толық қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар белгіленген. Елімізде медицина мамандарын даярлайтын 7 жоғары оқу орнын жыл сайын 4 мыңға жуық мамандар бітіріп шығады. Алдағы уақытта медициналық кадрлардың сапасын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар атқарылады. Елімізде жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз болса, Астанада бұл көрсеткіш одан да төмен. Алдағы уақытта ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарламаны жүзеге асыру барысында елордада 4 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. «Астана бизнесті дамытудың локомотиві болып табылады. Ел­ордада жоғары технологиялық өндіріс ошақтары молынан шо­ғыр­ланған. Бас қаламызда шетелдік танымал бизнес өкілдерінің жә­не бизнес құрылымдарының қа­тысуымен халықаралық форумдар өткізіліп тұрады. Бүгінде әрбір қазақстандықтың елордадағы мәдени-қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласуға толық мүмкіндігі бар. Болашақта біз елорда тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін жақсарту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз. Астаналықтар үшін «Тұрғындардың әлеуметтік әлеуеті – Астана бренді» атты қағида бас­ты бағдарға айналуы керек», деп атап көрсетті Б.Сапарбаев. Кеңес қорытындысында Астана әкімдігі министрліктермен 2015-2017 жылдары денсаулық сақ­тау, мәдениет, спорт, әлеумет­тік қорғау, жұмыспен қамту және білім беру салаларында ынты­ма­қ­тастықты қамтамасыз ету мемо­рандумдарына қол қойды. Атап айтқанда, қала әкімі Әділбек Жақсыбеков пен Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова жұмыспен қамту тиімділігін арттыру және елорда тұрғындарын нақты әлеуметтік қорғау және көмек көрсету мақса­тын­дағы және тұрғындардың ден­саулығын жақсарту мақса­тын­дағы меморандумдарға қол қойса, Мәдениет және спорт министрлігімен тарихи-мәдени мұраларды дамыту, этнос­аралық келісімді сақтау, ұлттық тілді және мәдениетті дамыту кон­фессияаралық теңдік пен диалогты қамтамасыз ету мақсатындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Білім және ғылым министрлігі мен әкімдік арасындағы білім беруді дамыту жөніндегі меморандум аясында, «Биотехнология ұлттық орталығы» ғылыми-инновациялық кешенін, «Astana Business Campus» ғылыми паркін құру, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық-ша­руашылығы, энергетика, туризм, қонақ үй бизнесі, ақ­парат­тық-коммуникациялық тех­но­логия мамандарын даярлау жө­­ніндегі «AstanaPolytechnic» тех­никалық жоғары мектептерін ашу көзделінген. Кеңеске қаты­су­шылардың бірауызды пікірінше, мәжіліс барысында бекітілген меморандумдар Астана қаласының әлеуметтік әлеуетін арттыруға серпін береді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».