22 Шілде, 2010

ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ – ҮКІМЕТ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗІ

533 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше Маңғыстау облысындағы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның орындалу барысымен танысуын жалғастырды. Қазақстанның батысындағы облыстарды аралау және маңызды нысандардың құрылысымен, олар­дың жұмыс барысындағы жағ­дайы­мен танысу Үкімет басшысына көп мәселені ашып бергендей. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеумет­тік-экономикалық дамуды интен­сивтендіру және халықтың тұрмыс са­пасын жақсарту жөніндегі тап­сырмаларының орындалуы Кәрім Мәсімов кабинеті қызметінің негізі екенін ескерсек, атқаруға тиісті істер де, шешілуі қажет мәселелер де аз емес екендігі анық. Қазақстанның инновациялық дамуындағы табыстар мен әлемде жалғасып жатқан дағдарыс салда­ры­ның күрделі жағдайындағы елі­міздегі тұрақтылықтың мәні алға қойылған мақсатты нақты айқын­дап, олардың орындалуына күш-жігердің шоғырландырылуында болса керек. Адамды және оған жасалатын мүмкіндікті ұдайы басты назарда ұстайтын Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев мемлекеттің бүкіл күш-жігерін халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмылдырып отырғаны белгілі. Үкіметтен Мемлекет бас­шы­сы нақ осыны талап етеді. Үкімет жұмысының табысты болуы экономиканы дұрыс бас­қа­руға ғана байланысты емес. Ха­лық­тың әлеуметтік қорғалу шараларын же­тілдіру, жұмыссыздық пробле­ма­ларын кешенді шешу, жаңа жұмыс орындарын құру, ертеңгі күнге деген, әсіресе, жастар арасында се­німділік ахуалын қалыптастыру – Президент саясатының шешуші өлшемдері. Кәрім Мәсімов Үкіметінің жұ­мыс стиліне әдетте іс-әрекеттің жеделдігі мен тиімділігі тән болып табылады. Сондықтан да жұмыс сапарына шыққан делегацияның құрамына бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары енгізілген. Мұның өзі жағдаймен танысу барысында қажетті ұйым­дық және нақты шешімдерді сол орын­да қабылдауға мүмкіндік береді. Маңғыстау облысына сапары­ның екінші күнін Кәрім Мәсімов Боранқұл газ өңдеу зауытының құрылысынан бастады. Зауыттың құ­рылысы 2005 жылдың науры­зын­да басталса да, оның пайдалануға берілу мерзімі жылжумен келеді. Ал зауыт Индустриялық-инновация­лық даму стратегиясы аясындағы ең маңызды нысандардың бірі болып табылады. Осыған дейін құрылысты “Толқынмұнайгаз” ЖШС жүргізген еді. 2010 жылдың 1 маусымына дейін 24,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Қаржылық пробле­ма­ларға байланысты қазір құрылыс тоқтап тұр. “Ертеңгі күннен бастап заң­на­ма­ға сәйкес “ҚазМұнайГаз” уа­қыт­ша басқаруға кірісуге тиіс, кәсіп­орын жұмыс істеуі керек”, – деп тап­сыр­ды Үкімет басшысы. “Бүгін “Тол­қын­мұнайгазбен” келісім-шар­тты бұзу туралы бұйрыққа қол қойылды. Ертеңнен бастап “Қаз­МұнайГаз” ҰК тарапынан уақытша басқару енгізілетін болады”, – деді Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Бейнеу – шалғай аудандардың бірі. Шекарада орналасқан аудан­ның 50 мыңға тарта халқы үшін зауыт – ең алдымен жаңа жұмыс орындары сондықтан да Премьер-Министр Боранқұл зауытының тездетіп іске қосылуын өте жауапты деп атады. “Бұл үлкен кәсіпорын, жұмыс істейтіндер көп болады, сондықтан да мұнда тәртіп орнату керек”, – деді К.Мәсімов. Уақытша басқаруды енгізудің өзі уақытша шара екені белгілі. Сон­дықтан да мұндай алып құры­лыс­тарды салуға тендер өткізгенде оны ұтқан заңды немесе жеке тұл­ғаның адал болатындығы кепілден­дірілгені жөн. Ал мәселенің түпкі шешімін үкіметтік деңгейде “Тол­қын­мұнайгаз” және “Қазполмұ­най” ЖШС активтерін Боранқұл газ өңдеу зауыты құрылысын аяқ­тау шартымен мемлекет немесе жеке әлеуетті инвестордың сатып алуы бойынша соңғы шешім қабылдануы керек. Үкімет басшысы сондай-ақ Аты­рау мен Маңғыстау облысы арасындағы көлік қатынасын түбегейлі жақсарту, Ресей Феде­ра­ция­сы мен Еуропадан келетін жүктер жеткізілетін, Орта Азияның көліктік дәлізі қызметін атқаратын аса маңызды “Атырау – Ақтау” авто­магистралының “Бейнеу – Ақтау” жолын қайта жаңарту жо­ба­сымен танысып, оның үстіміздегі жылы пайдалануға берілуге тиіс 40 шақырымдық “Бейнеу – Манашы бекеті” телімі құрылысының бас­та­луына қатысты. Премьер-Министр бұл жерде де өзін ыстық ықы­ласпен қарсы алған жұртшылықпен жарқын амандасып, аудан халқына Елбасының сәлемін жеткізді. Облыстағы елді-мекендердің бір-бірінен және облыс орталы­ғы­нан шалғай орналасқандығы бұл өңірде қатынас жолдарын жақсар­ту­ды талап етеді. Қазіргі кезде атал­ған “Бейнеу – Ақтау” автомобиль жолын жөндеумен бірге “Бейнеу – Жезқазған” жаңа темір жол желісін салу жоспарланған. Бұл жоба іске асатын болса, жолаушы және жүк тасымалы әлдеқайда жақсармақ. Сол секілді “Бейнеу – Бозоай – Шым­кент” магистралдық газ құбы­ры салынады. Оның бірінші кезегі 2013 жылы, екінші кезегі 2019 жылы салынып бітпек. 1487 шақы­рымға созылатын құбырдың жо­балық қысымы газды қашықтыққа жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір бұл жобалардың әзірлік жұмыс­тарын жүргізу шарттары жасалған. Одан соң Үкімет басшысы Бей­неу ауылындағы жаңадан салынып біткен Күйкен орта мектебінде болып, ауданның әлеуметтік-эко­номикалық даму көрсеткіштерімен танысып, жұртшылықпен әңгіме­лес­ті. Ауыл ақсақалдары Үкімет бас­шысына сәт сапар тілеп, бата берді. Облыс орталығында Кәрім Мәсімов “Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңейту” жобасының жү­зеге асырылу барысымен танысты. Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысына сәйкес 2006 жылы жүзеге асырыла бастаған жобаның құны 41 млрд. 680 млн. теңге. Аталмыш жоба аясында жағалау сызығын қорғау және толқын құлатуға арналған гидротехникалық құрылғылар құрылысы, жаңа акватория мен су асты арналарын қалыптастыру жөніндегі теңіз табанын тереңдету жұмыстары, қосалқы инфрақұры­лымы бар төрт мұнай құю және үш құрғақ жүкке арналған айлақтар салу жобалары қаралған. Бұл ауқымды жұмыстар “Қа­зақ­стан Даму Банкі” акционерлік қоғамының займдары есебінен қаржыландырылды. Өңірдің экономикалық даму жағдайын оң бағалаған Премьер-Министр өркендеп жатқан өндіріс орындарында маңғыстаулықтар еңбек етіп, игілігін көруі керектігін атап айтты. Премьер-Министр облыстық аурухананың былтыр күрделі жөндеуден өткен блогында болып, бөлімшелерді аралады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы С.Мусинов Маңғыстаудың денсаулық сақтау саласының жай-жапсарымен таныстырды. Облыс­тық аурухана 460 төсектік. 700-ден астам медициналық қызметкер мұнда түскен сырқаттарға қызмет көрсетеді. Жылына 14 мың адам емделіп шығуына болады. Облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен министрлік комитеттерінің аумақ­тық департаменттері арасындағы тығыз қарым-қатынас арқасында Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін енгізуге қол жетті. Жаңа жүйенің енгізілуімен облыстың денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер байқалуда. Биылғы алты айда ана өлімі тіркелген жоқ. Ал нәресте шетінеуі 18,6 көрсеткішіне төмендеді. Өткен жылғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 21,0 болатын. Сондай-ақ, тубер­ку­лез­бен аурушылық та едәуір азайған. Яғни, өткен жылғы жарты жылда 100 мың адамға шаққанда 81,8 болса, биылғы алты айда 58,1 бо­лып, 29%-ды көрсетіп отыр. Облыста дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де жақсы жолға қой­ылған. Үстіміздегі жылдың ал­ғашқы жарты жылында 146 дәрігер, 29 орта медициналық қызметкер қайта даярлық курсынан өтті. Ұлттық бірыңғай жүйенің ен­гізілуімен тұрғындарға облыс та­рихында тұңғыш рет медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлері көрсетіле бастады. Жыл басынан бері ересектерге кардио­хирургиялық оталар жасалып келе жатса, сәуір айында балаларға да осындай ота жасалды. Сондай-ақ буындарды эндопротездеу, түрлі офтальмологиялық, урологиялық, нейрохирургиялық оталар да жасалды. Бұл мақсаттарға қажетті құрал-жабдықтар облыстық бюджет есебінен сатып алынды. Осындай оң өзгерістерге орай салаішілік бәсеке даму үстінде. Жаңа жүйеде көзделген мақсат та осы. Облыс тұрғындарына көрсеті­летін медициналық көмек сапасын жақсарта түсу үшін облыс орталығы мен аудан, қалаларда жаңа меди­циналық нысандар құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Денсаулық сақтау саласындағы жағымды жаңалықтармен таныс­қан­нан кейін Кәрім Мәсімов емдеу мекемелері басшыларымен дөң­ге­лек үстел басында кездесті. Қазақ­стан Республикасы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Сала­матты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын талқылауға арналған басқосуда Серікбол Мусинов аталмыш бағдарламаның жарты жылдан бері облыс емдеу мекеме­лерінде талқыланып келе жатқанын және дәрігерлердің жаңа бағдар­ла­маны қолдайтынын айтты. Сондай-ақ ол бағдарламаның салаға жаңа­лық енгізген кейбір тұстарын ерекше атап өтті. Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген дәрігерлер бағдарламаны қолдай­тын­дықтарын білдіріп, өз ойлары мен ұсыныстарын да жасырмай айтып, сұрақтар қойды. Премьер-Министр олардың сауалдарына жауап берді. Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің айтуын­ша, мемлекеттік бағдарламаның еліміздің барлық медициналық ұжымдарында талқыланып, бүгінгі күні денсаулық сақшыларынан келіп түскен ұсыныстардың ұзын саны 600-ге жетіп, бұлардың барлығы жан-жақты талдануда. Медицина қызметкерлерімен қатар қарапайым халық арасында да қолдау тапқан “Саламатты Қазақ­стан” мемлекеттік бағдарламасын талқылау қазір өз мәресіне жетті. Облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев дәрігерлердің қоғам өмірінде зор орын алатынын атап өтіп, олар­дың қоғамдағы әлеуметтік орнын қай­та қарастырып, еңбекке деген ын­тасын арттыру қажет деген ойын айтты. Күннен-күнге әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсару үстіндегі қазыналы түбекте Үкімет басшысына ауыз толтырып айтар жаңалықтар, мақтанышпен көрсе­тер сәулеті мен ажары айшықты нысандар жеткілікті. Солардың бірі әрі бірегейі – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті. Елбасының тікелей қолдауымен тұтастай қайта салынып, заманауи озық технологиялармен толықтай жабдықталып жатқан білім ордасы бо­лашақта әлемнің айтулы оқу орын­дарымен иық тіресуді мақсат тұтуда. Университетке ат басын бұрған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов­ті оқу орнының ректоры Әбдімү­тәліп Әбжаппаров университет қалашығының даму жоспарымен, оқу орнының білім беру жайымен таныстырды. Мұнда қазір күндізгі бөлімде 2628, ал сырттай оқу бө­лі­мінде 4000 студент білім алады. Оқу орны Каспий маңы мемлекеттері университеттер ассоциациясының мүшесі. Қазіргі кезде университет алыс және жақын шетелдермен 54 меморандум мен келісім-шарттарға қол қойған. Содан кейін Үкімет басшысы облыс білім беру саласы басшы­ла­ры­ның қатысуымен “Қазақстан Рес­публикасында 2011-2020 жыл­дар­ға арналған білім беру жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарла­ма­сының” жобасын талқылауға ар­налған дөңгелек үстел өткізді. Дөң­гелек үстелді қысқаша кіріспе сөз­бен ашқан К.Мәсімов бұл күндері бүкіл еліміздегі барлық педаго­ги­калық ұжымдарда кеңінен талқы­ланып жатқан Бағдарламаның бо­лашақта республикамыздағы білім беру жүйесін әлемдік талапқа сай дамытудағы маңызына тоқталып, дөңгелек үстел басына жиналған пе­дагогтардың ұсыныс-пікірлерін өз құлағымен естігісі келетінін айтты. Дөңгелек үстелде алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев білім беру жүйесінің қазіргі жай-күйі мен болашақтағы жұмыс жоспарлары жөнінде қыс­қа­ша баяндады. Ол талқыланып отыр­ған Бағдарламаның ертеңін “Келешекке – кемел біліммен” деген Елбасы сөзін көкіректеріне құйып, мақсатының Темірқазығы еткен білімпаз ұрпақпен тығыз байланыстырып отырған елімізде білім беру жүйесін дамытуға зор септігі тиетін құжат екеніне қосыла келе, қазіргі күнгі аса зәру жұ­мыс­шы мамандықтарына оқытатын инженер-педагогтарды даярлауға зор көңіл бөлу қажет деген ұсы­нысын білдірді. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және ин­жиниринг университетінің рек­то­ры Ә.Әбжаппаров білім беруде мемлекеттік бюджетпен қатар несиелік жүйеге көшкен жоғары оқу орындарында педагогтардың еңбекақысының шетелдік әріптестерінен едәуір аздығы, орыс тілінде оқытатын мектептерде мемлекеттік тілді оқыту деңгейінің төмендігі жөнінде ойларын бөлісе келе Бағдарламаны қабылдағанда осы мәселелерге көңіл бөлу қажеттігін айтты. Дөңгелек үстелді қорытқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы жылдары облысымызда білім беру саласына зор көңіл бөлініп отырғанын, соның арқасында білім беру деңгейінің жыл санап арта түскенін, оған биылғы ҰБТ-да облысымыздың республика бой­ын­ша жоғары көрсеткішке жеткені дәлел екендігін айтты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев халыққа Жолдауында Үкіметке балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қам­та­масыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырғаны мәлім. Осыған орай облыста да аталған бағдарлама негізінде іс-шаралар жоспары жасақталып, жүзеге асы­рылуда. Аталған жоспар бойынша 2014 жылға дейін 7101 орындық 55 нысанды іске қосу көзделуде. Бұл күндері облыста жұмыс жасайтын 95 мектепке дейінгі мекеменің 24-і үстіміздегі жылы ашылған. Үкімет басшысы солардың бірі – Ақтау қаласындағы “Балдәурен” балалар бақшасында болып, жұмы­сымен танысты. 188 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткен балалар мекемесі 280 балдырғанды тәр­бие­леуге арналған. Құрметті қонақ алдымен “Өзін өзі тану” бағдарламасы бойынша тәр­биеленетін топқа кіріп, бүлдір­шіндермен амандасты. Топ тәр­биешісі балаларды адамгершілікке, жігерлілікке, өзгені сыйлай оты­рып, өзін де басқаға сыйлата білуге тәрбиелейтін бағдарлама жөнінде әңгімелегеннен кейін балалар қонақтарға өнерлерін көрсетті. Облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Есболат Өмірзақ мектепке дейінгі білім беру мекемелері желісін кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша ақпарат берді. Нақтылай айтқанда, жыл соңына дейін балдырғандарды мектеп жасына дейінгі мекеме­лермен қамтамасыз етуді жетпіс пайызға жеткізуге берік негіз бар. Кәрім Мәсімов Ақтауда соңғы кезде ашылған “Ақтау” ойын-сауық кешені мен “Олжа” сауда орталығында болды. Үкімет басшысы бұлардағы бағалармен, халыққа көрсетіліп жатқан қызмет түрлерімен танысты. “Ақтауда” тұрғындардың спорт­пен айналысып, көңіл көтеру­ле­рі­не, бос уақыттарын тиімді өткізу­ле­ріне өте жақсы жағдай жасалған, балаларға арналған бассейн, сырғанақ секілді ойын алаңдарында көрсетілетін қызмет сапасы жоғары. “Олжадан” ақтаулықтар облыс­тық ауыл шаруашылығы басқарма­сы жанындағы “Берекет” МКК басқа аймақтардан сатып алып, ха­лыққа ең арзан бағамен ұсынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып ала алады. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға тиім­ді болып тұрған бұл мекемеге тұр­ғын­дар қажетін өтеуі үшін жергі­лік­ті бюджеттен мол қаржы бөлінуде. “Берекет” жұмысына ризашы­лық білдірген К.Мәсімов сауда орындарында нан, ет, сүт, май, қант сияқты бірінші қажетті азық-түлік бағалары тұрақтылығының қамтамасыз етілуіне назар аударды. Мұнан соң Үкімет басшысы облыстың ішкі істер департаменті­не соғып, қоғамдық тәртіп сақ­шы­ларының заманауи техникалармен жарақтандырылуымен танысты. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімдігінің кіші залында өткен қорытынды мәжілісті Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ашып, жүргізіп отырды. Онда Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев еліміздің оңтүс­тігінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іске асы­рылатын “Бейнеу-Бозой” құ­быры құрылысының жай-жапсары, “Толқын”, “Шағырлы-Шөмішті” кен орындарының игерілуіне қатысты мәселелер жайында баяндады. Көлік министрі Әбілғазы Құсайынов, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, тағы басқалар шығып сөйледі. Облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев Маңғыстау облысының әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына, оның ішінде “Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық мәсе­ле­ле­рін шешу жөніндегі кешенді жос­пардың” орындалу барысы және облыстың Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айта келіп, ай­мақ­тың экологиялық проблемалары мен облысты ауыз сумен қамтама­сы­з ету мәселелеріне де тоқталып өтті. Премьер-Министр К.Мәсімов облыста болған екі күндік жұмыс сапарын қорытындылай келе, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты даму үстінде екенін атап өтті және “Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара” темір жолы үшін жергілікті кадрларды даярлау, ауыз сумен қамту, экология, мұнай-газ секторын дамыту мәселесіне тоқталып, тиісті тапсырмалар берді. “Егемен Қазақстан” газетінің ұжымдық тілшісі – “Маңғыстау” облыстық газеті. Суретті түсірген Серік Майемеров.