22 Шілде, 2010

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЮДА

586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Осындай мақсатты сапар­ла­ры­ның сәтіне балаған неміс-биз­нес делегациясы өндірісті өңірге келіп кетті. Осы елдің ТМД елде­рі­мен сыртқы экономикалық бай­ланыс департаментінің өкілі, атап айтқанда Франк Вайзинг бас­тап келген бұл делегация ар­найы басқосуда қыруар өндіріс орындары шоғырланған біздің өңірдің өздерін қызықтырмай қоймайтындығын жеткізді. Сон­дықтан алдағы жылдары екі жақ­ты сауда-экономикалық қарым-қатынасты барынша дамытып, әріптестік байланыстарды нығай­туды  қолға алмақшы. Бұл елмен тек қана экономикалық, есеп-қисап бағытында ғана емес, ру­хани-әдеби-мәдени байланыстар да  өрістетіледі. Облыс орталы­ғын­да Ассамблеяның бір бұтағы тәрізді немістердің “Возрож­де­ние” қоғамы деп аталатын неміс мәдени орталығы жұмыс жасап келеді. Бұрыннан белгілі ауыл-аудан орталықтарында, Успен, Ертіс, Майқайың, Железинка аудандарында, жалпы облыс өңі­рінде  неміс ұлтының өкілдері  көп тұрды. Олардың дені кезінде этно елдеріне қарай көшіп кетті. Бүгінде де облыс орталығында, қалаларда, аудан-ауылдарда не­містер басқарып отырған,  елге үлгі-өнеге боларлық ірілі-ұсақты  өндіріс орындары,  шаруа қожа­лық­тары, оқу орны, басқа да орын­дар баршылық. Павлодар­лық­тар үшін облыс орталығын­да­ғы  “Квазар”, “Артур” деп ата­ла­тын сауда кешендерінің иесі, кәсіпкер  Шпейзер есімінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартқандай. Ал,  “Возрождение” қоғамының ая­сында екі ел кәсіпкерлері ара­сын­дағы байланысты нығайту үшін  кәсіпкерлер биржасы да құ­рылды. Еуроодақтың құрамын­дағы Германия жай жатқан ел емес, жаңа заманға лайық техно­логиялық бағыты өркендеген, аты елге танымал елдердің санатында. Сөйтіп, немістер келген бетте-ақ, облыс орталығында орналасқан бірқатар кәсіпорындарда, атап айтқанда, мұнай-химия зауыты акционерлік қоғамында, “Кас­тинг”, “KSP SteeІ” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестіктерінде болып, өндіріс орындарының даму қарқынымен, ондағы жұ­мыс үрдістерімен танысты. Ал, та­раптар бас қосқан жиын ба­ры­сында немістер өздері алып кел­ген кәсіпорындарының жұмыс жобаларымен таныстырды. Бұл екі ел кәсіпорындарының энер­ге­тика, металлургия, және мәши­не жасау салалары бойынша ортақ өндірістік бағытта жұмыс жасауларына жақсы жол ашады деген сөз. Осындай байланыс­тар­дың жалпы еліміз үшін маңызы барын, оның өзектілігін, ел экономикасын өркендетуде қосар  үлесі болатынын осы  жиынға қатысқан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев та айтып өтті. Яғни, өткен жылы өндірісті өңірдің  Германия елімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі — 139 миллион АҚШ долларын құраған көрінеді. Облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бас­тығы Қанат Шәбеновтің айтуын­ша, биылғы жылдың алты айын­да жүргізілген есеп бойынша  Германия елі мен өндірісті өңір­дің арасындағы сауда-саттық ай­на­лымы 34 миллион АҚШ дол­ла­рын құраған екен. Жалпы, ал­ғанда, неміс  кәсіпорындарымен  өндірісті өңір кәсіпорын­дарының байланыстары жақсы жолға қойылғаны байқалады. Оған дә­лел, бір ғана өткен жылы “Еу­разиа энергетикалық кор­по­ра­циясы”, “Қазақ алю­минийі”, “Қа­зақстан элек­тро­лиз” зауыт­та­ры АҚ, “Екі­бастұздағы “Бога­тырь Көмір” АҚ, Ақсудағы “Каз­хром” АҚ, трансұлттық ко­м­паниясы, облыс орталы­ғын­дағы мұнай-химия зауыты, “Ромат” фармацев­тикалық ком­паниялары алыс-жақын демей екіжақты әріп­тестік эконо­ми­калық байла­нысты нығайтқан. Сапар со­ңын­да неміс-бизнес делегациясының өкілдері өндіріс орындарын аралап,  жоғары оқу орын­дарында кездесулер өткізді. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.