22 Шілде, 2010

КОНТАДОР ТОП БАСЫНА ШЫҚТЫ

496 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бүгінгі күн­дері күллі әлем­нің назары Францияның тас­падай тартылған асфальт жол­да­рының жондарында тұр. Ал мұнда жер-жиһандағы ең көне, ең та­нымал һәм ең беделді веложарыс өтіп жатыр. Ілкі бастауы сонау 1903 жылда жатқан “Тур де Франс” деп аталатын бұл дүбірлі дода­ның биылғы 3 шілдеде 97-ші мәрте сөреден шыққан ке­зекті бәйгесі күн санап өз мә­ресіне жақындап келеді. Әдеттегідей 21 кезеңге бө­лініп өтіп жатқан вело­жү­гірістің қазір 16-шы бөлігі артта қалып та үлгерді. Мі­не, атышулы сайыстың соң­ғы сөре сызығы тақаған сай­ын жан беріп, жан алысатын текетірестің бәсі тіпті қыза түсуде. Осы ақырғы арқанның айбыны көз ұшынан көл­бең­деп көрінгеннен қазақ­стандық жанкүйер қауым­нан да маза кеткен сияқты. Бұ­ған және себеп те жоқ емес. Осыған дейін толайым топтың басында келе жатқан шоғырдың ішінен табылып келген “Астана” командасының мүшесі әрі оның екі капитанының бірі испандық Альберто Контадор 15 кезеңнен кейін жеңімпаздың сары жейдесін кию құрметіне ие болды. Бұл кезеңде сөре сызығын бірінші болып француздың “Bbox Telekom” командасының мүшесі Томас Фек­лер қиып өткенімен, белдеуге же­тін­ші болып жеткен Альберто жал­пы ұпай санымен турнир кестесінің бірінші орнына шықты. Бұған бір жағы осыған дейінгі жарыс лидері люксембургтік Анди Шлектің (“Saxo Bank”) велосипеді сынып қалып, орта жолдан біраз кідіруі тікелей әсер еткен сияқты. Осы­лайша біздің команданың тарланы өзінің басты қарсыласынан 8 се­кунд­қа алға түсіп кетті. Осы ба­сымдық 19 шілде күні өткен келесі 16 кезеңнің қорытындысында да сақталды. Бұл жолы мәреге фран­цуз Пьеррик Федерико бірінші келгенімен, алғашқы ондыққа да іліге алмаған А.Контадор өзі ен тағып үлгерген ілкідегі орнын ешкімге бере қойған жоқ. Әзірге ол манағы Андиді 8 секундқа ұтып тұрса, үшінші орындағы отандасы, испанның “Euskaltel-Eusksdі” клу­бының мүшесі Самуэль Санчестен табаны күректей 2 минут алда ке­леді. Ал алда Альбертоға қолайлы трасса саналатын тау жолдары жа­тыр. Осы кезеңдердің алғашқы­сы­нан ол 30 секундтай ілгері шыға ал­са, қалған қашықтықтарда ешкімге есе жібере қоймайтынын мамандар қазірдің өзінде айтып отыр. Енді Альберто Контадор жө­нінде бірер сөз. Ол испан, 1982 жыл­ғы 6 желтоқсанда туған. Бұған дейін екі рет “Тур де Франстың” же­ңімпазы атанған. Былтыр Ресей­дің “Катюша” командасы осы спорт­шыны сатып алудан бас тарт­қ­ан екен. Содан кейін біздің “Ас­танамен” келісім-шартқа отырды. Былтыр осы команда сапында өнер көрсеткен ол 26 шілде күні мәреге жеткен “Тур де Франс” 21 туры­ның қорытындысы бой­ынша мой­нына лавр жапырағын орап, же­ңім­паз атанды. Онда екін­ші орын оның қазіргі басты қар­сыласы Анди Шлекке бұйырып еді. Ал үшінші орынды америкалық атақты вело­шабандоз Лэнс Арм­стронг жеңіп ал­ған. Шамасы, биыл да сол былтырғы көрсеткіш қай­таланып қалатын түрі бар. Лайым солай болғай! Серік ПІРНАЗАР,  АСТАНА. “COCA-COLA. БЫЛҒАРЫ ДОП” ТУРНИРІ Биыл елімізде “Coca-Cola. Был­ғары доп” жалпықазақстандық ба­лалар футболының турнирі жаңа серпіліспен өтіп жатыр. Турнирдің іріктеу ойындары осы жылдың сәу­ір айында басталды. Алғашқы ке­зең­де мектепішілік (сыныптар ара­сындағы) турнирлер өткізілді, со­дан соң олардың жеңімпаздары аудан­дық және қалалық жарыс­тар­да ойнады, содан кейін ойындар облыс деңгейінде өткізілді. Енді міне, ше­шуші ойындарға кезек кел­ді: 18 шіл­деде Қарағанды қала­сын­да 1995-1996 жылғы туған жас футболшылар арасындағы жоғарғы топтарда “Co­ca-Cola. Былғары доп” тур­нирінің шешуші кезеңінің ой­ын­дары “Шах­тер” стадионында өтті. Шешуші турнирдің жеңімпазда­­рын марапаттау салтанатына Қара­ғанды қаласы әкімдігінің, Қа­зақстан Футбол федерациясының өкілдері, Қазақстанның ардагер және бұрын­ғы көрнекті футболшы­лары, соны­мен қатар, жеңім­паз­дарға бағалы сыйлықтар даярлаған, “Coca-Cola Былғары Доп” турни­рінің демеушісі Coca-Cola ком­паниясы қатысты. Өткен көктемде “Coca-Cola. Былғары доп” жалпықазақстандық балалар мен жасөспірімдердің футбол турнирін өткізуді жалғас­тыру туралы кезекті үш жылдық келісім-шартқа қол қойылды. Би­­ылғы жылы бесінші рет өткізілгелі отырған турнир елдегі балалардың ең көп қатысатын спорт сайысы болып табылады. 2006 жылдан бері біздің елімізде турнир футбол бойынша балалар­дың ең ірі сайысына айналды. Осы жылы оған Қазақстанның 5000-нан астам мектебінен 500 000 оқушы қатысады. Қазақстанның әр түрлі өңірлерінен – Батыс Қа­зақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақ­тө­бе, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Жам­был, Қостанай, Шығыс Қазақ­стан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақ­стан, Павлодар, Атырау, Қызыл­орда облыстарынан және Астана, Алма­ты, Семей қалаларынан және басқа да өңірлерден келген оқу­шы­лар финалға шығу үшін додаға түседі. Қазақстан Футбол федерация­сы­ның бас хатшысы Саян Хамит­жа­нов: “Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту – федерацияның басты мақсаты. Ол “Coca-Cola. Был­ғары доп” турнирінің міндет­те­рімен үндесіп жатыр – балаларды спортқа баулу, әсіресе футболға бау­лу және болашақта кәсіби фут­болшы болуға және жергілікті және халықаралық деңгейлерде Қазақ­стан атынан шығып, танытуға қа­білетті, талантты жасөспірімдерді із­деу”, – деп атап өтті. “Біз “Coca-Cola. Былғары доп” турнирінің болашақ кәсіпқой футболшылардың шы­нығуына мұрындық бол­ға­нына қуа­ныш­тымыз. Мә­се­лен, 19 жас­тағы Сергей Хиж­ни­ченко 2006 жылы үлкен жас­тағы топта “Coca-Cola. Был­ғары доптың” ең үздік шабуылшысы атан­ған. Қазір Сергей Аста­на­ның “Локомотив” команда­сын­да ойнайды және Қазақ­станның фут­бол құрама ко­ман­дасының мү­ше­сі!”, – деді Coca-Cola ком­па­ниясы­ның Орта­лық Азия елде­ріндегі үкі­меттік және әлеуметтік байланыс­тар жө­нін­дегі менеджері Арыс­тан­бек Нұр­ма­ханов. Біз, “Ко­ка-Кола” компа­ния­сындағылар, футболды сүйетін дарынды жас­өс­пірімдердің дамуына үлес қосаты­нымызды мақ­­тан тұта­мыз, себебі олар саламатты өмір салтын дә­ріптейді”. Футбол ассоциацияларының Еуропалық одағы (УЕФА) “Coca-Cola. Былғары допты” УЕФА тө­рағасының өзі қол қойған, арнайы “Әлемдегі балалар мен жасөс­пі­рімдер футболын дамыту бойынша ең құнды оқиға. 2006 жыл” дип­ломымен марапаттады. Тіпті, Кеңес Одағы кезіндегі Қа­зақстанда өтетін “Былғары доп” тур­нирі – футболдан қазіргі мек­теп­тік сайыстарының негізі – мұн­дай сәтті болмады. Бүгінгі таңда “Co­ca-Cola. Былғары доп” оқушы­лар­дың жазғы демалыс кезіндегі күн­дерінің бөлінбес бөлігіне айнал­ды. Футбол мейрамы оларда көп­те­ген жағымды эмоциялар ту­ды­рады, бір-бірін сыйлап құрметтеуге үйретеді, әділ спорттық додада же­ңімпазды анықтайды. “Coca-Cola. Былғары доп” 2010 турнирінің демеушісі – әдеттегідей Coca-Cola компаниясы. Бұл компа­ния 70 жылдан астам уақыттан бері әлемнің 100-ден астам елінде әр түрлі футбол жобаларына қолдау көрсетіп келеді. Дастан КЕНЖАЛИН.