22 Шілде, 2010

ОПТИМИСТ БОЛА БІЛЕЙІК

753 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазір не көп? Бір-біріне сын айтушылар көп. Тырнақ астынан кір іздегендей ұсақ-түйекшілер көп. Тағы не көп деп ойлайсыз? Біреудің жақсылығын көре ал­майтын іші тар, қайда жүрсе де бықсық әңгімеге әуес, өсек десе ішкен асын жерге қоятын, қан­дай да бір іс шын мәнісінде жү­зеге асып жатса, оның жақсы­лығынан гөрі кемшілігін іздеуге құмарлар көп. Бірақ, бір жағынан ойлап қарасаңыз, мұндай адам­дар­дың қызу талқысына түске­ніңіз, өзіңіздің ерекше назарда екендігіңізді білдіртеді. Сонымен қатар, мұндай жағдайдың тағы екінші жағы бар. Мұны, әрине, адамның өз-өзін қамшылауға берілген зор мүмкіндік деп білу ке­рек. Бәсекелестікке деген бейі­міңіз, жасампаздыққа деген жігеріңіз осындайда білінеді. Мемлекеттік деңгейде ат­қа­ры­лып жатқан жұмыстардың са­ны ұшан-теңіз. Освальд Шпен­глер: “Өмір сүру дегеніміз – ішкі мүмкіндіктерді жүзеге асыру”, деп айтқанындай, өмірдің жаңа талап­тарына, жаңа көшіне ілесу үшін, мемлекеттің абыройын ас­қақтату үшін әлбетте тынбай ең­бек етіп, жұмыс жасау қажет. Әлем алд­ын­да: “Сен кімсің?” деген сұ­рақ туын­дағанда, өзге мемле­кет­тің алдында ұялмай жауап беру үшін де ауқымды іс-шаралардың нәти­жесімен сөйлеу керек емес пе?! Елдің саясатына сыни көзқа­распен қарау да қанымызға әбден сіңісті болып бара жатқандай. Қандайда бір кемшілік бай­қал­ған жағдайда оған сыни тұр­ғыдан қарағаннан гөрі жанашыр­лық ниеттегі ұсыныс айтқан әл­деқайда тиімді болар еді-ау. Басымыздан сан алуан қиын­дықты өткеріп, енді ғана кезін­дегі бейнеттің зейнетін көрейік дегенде “анау анандай екен, мы­нау мынандай екен” деп аузы­мызға не келсе соны айтып жүр­міз. “Өзің су ішкен құдыққа тү­кір­ме”, деген даналық сөз бар. Қи­ындық атаулының бәрін же­ңіп, енді еңсемізді тіктеп келе жат­қанда, жолыңа кесе-көлденең тұ­рып алатындарды, шын мә­нінде, түсіну қиын. Жақсылық­тан гөрі жамандыққа үйір, қандайда бір кемшілікті мерген сияқты дәл көздеуге шебер адам­дардан оң пікір күту, әрине, қи­ын. “Асық­саң, жақсылыққа асық”, дейді атам қазақ. Жақ­сы­лық­қа бейім адамның өмірі де нұрлы бола­тыны күмәнсіз. Көбіміз осы ақиқатты ойлай бермейтіндейміз. Мемлекеттің саясатына кү­мән­­мен қараудың, билікке қи­сын­сыз талаптар қоюдың соңы не­ге әкеліп соғатынын қазіргі әлем­­де болып жатқан түрлі оқи­ға­­лардан көріп жүрміз. Осындай­лар бізге сабақ болуы тиіс. Ауыз­біршілік, түсіністік жоқ жерде бе­реке болмайтынын есімізден әсте шығармағанымыз жөн. “Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай” халықаралық көлік дәлізінің салынуы еліміздің әлем алдын­дағы имиджін көтеріп тастай­тыны анық. Ал осы ауқымды жо­бада шешімі дұрыс табылмай жат­қан жәйттер де жоқ емес еке­нін көзіміз көрді. Мұны біз сын тұр­ғысында айтқалы отырған жоқ­пыз. Осы мәселелер оң ше­шілсе екен, оған себепші болсақ екен дейміз. Жуырда Көлік және комму­ни­кация министрлігі ұйымдас­тырған “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” баспасөз шеруі кезінде бел орта­дан өсек айтқыш, “жоқ­ты бардай, барды Құдай ұр­ған­дай” етіп көрсетуге құмар біраз БАҚ өкіл­дері де арамызда болды. Олар жол құрылысындағы азды-көпті кем­шіліктерді түйедей етіп көрсетуге тырысты. Кемшіліксіз дү­ние болмайтыны түсінікті. Бі­рақ оған мән беріп жатқан олар жоқ. Еліміздің 5 облысы айма­ғы­нан өтетін халықаралық көлік дә­лізі құрылысындағы кейбір кем­шіліктерді мәселенің мән-жайын жақсы білетін жол құрылысының кәсіби мамандары да жасыр­май­ды. Солардың бірі – ККМ АЖК төрағасының орынбасары Ерұлан Жүнісов. Оның айтуына қара­ғанда, жол құрылысындағы ең өзекті мәселелердің бірі ла­бо­ра­торияларда лаборанттардың же­тіспеушілігі. Мамандардың айту­ларынша, Қазақстанның барлық 14 об­лы­сы­ның көлемінде жол құ­рылы­сына қолданылатын мате­риал­­дар­ды арнайы тексеретін ла­бора­то­риялар жұмыс жасайтын кө­рінеді. Сонымен қатар, мұндай лабораториялар жылжымалы түрде жұмыс атқарады. Мәселен, қандайда бір жол учаскесі ма­те­риалының сапасын тексеру керек болса, сол аймаққа барып, бар­лық лабораториялық тексеріс­тер­ді жүзеге асырады. Ал “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” көлік дәлізіндегі лабораторияларға кел­сек, әрбір мердігер компанияда өздерінің лабораториялары болуы шарт екен. Мұндай қадағалау жұ­мыстары Көлік және комму­ни­кация министрлігінің тікелей ба­қылауына алынған. Әрбір мер­дігер компанияның құрамындағы лабораториялар сол мердігер пай­даланатын барлық материалды тексереді. Соған орай материал­дардың пайдаға асатындығы немесе аспайтындығы туралы шешім қабылданады. Ауқымды жобаға байланысты көптеген лабораториялар ашы­лып жатыр екен. Алайда, шынын айту керек, лаборанттар жеткілік­сіз. Қол­дарында дипломдары бар көп­теген жас маман мұндай жұ­мыс­тарға әлі бейімделмеген. Неге десеңіз, олардың көбі құрылыс материалдарын қолдарымен то­лық ұстап көрмеген. Оқу үрді­сі­нің бәрі тек теория түрінде өткен де, ал нағыз практикаға келгенде құрылыс материалдарын осыған дейін ұстап көрмегендіктен, олармен қалай жұмыс істеу ке­ректігін білмейді. Тағы бір өзекті мәселе, ар­наулы кәсіби оқу орындары мен кейбір жоғары оқу орындарында заманауи құрылғылармен жаб­дық­талған лабораториялар жоқ көрінеді. Жаңа техниканың тілін білмегендікен, әрине, онымен жұмыс істеу көптеген қиындық­тар туғызады. Енді осы мәселе­лерді шешу керек емес пе! Осы­ған байланысты жол құрылысы өтетін 4 аймақта салалық минис­тр­лік арнайы оқу орталықтарын ашқан. Бұл орталықтарда тек лаборанттар ғана емес, жол құрылысына қатысты барлық мамандар қайта даярланады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл де­мекші, өзекті мәселеге арнал­ған жауапты қадамдар да өзінің нәтижесін беретіні анық. Егер лаборанттардың жұмыстары дұ­рыс жолға қойылса, онда алып жо­бадағы құрылыстың сапасына да еш алаңдаушылық болмай­ты­ны түсінікті жәйт. Қысқасы, оптимист болайық, құрметті қауым. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.