22 Шілде, 2010

ТОЙ ҚАЗЫНА ДЕСЕК ТЕ...

1000 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақ қонақ шақырып, той өткізгенді жақсы көреді. Ана бір жылдары банктер несиені кез келген адамның бет-жүзіне қарамай бере берген кезде, ұл-қызының қуанышын, алпыс-жетпіс секілді мерейтойларды өткізіп, осы жұрт дүрілдетіп жататын. Артынан тиын санап, алған несиелерін қайтару керектігі естеріне түсіп, қиналып қалған сәттері де жоқ емес. Енді, міне,... дағдарыс деген есік қағып, төрімізге шығып, аста-төк той өткізу науқаны біраз саябырсыған сияқты. Бірақ, ел болған соң тойсыз бола ма, жағдайы барлар мейрамханаларда атап өтіп, қуаныш жалғасып жатыр. Бірақ, той өткізу жалпы қазақтың арасында өзара бәсеке­лес­тікке, мақтаншақтыққа айналып, белең алып бара жатқаны ойға түйткіл салады. Тіпті кейбір той­ларға барсаң, көңілің пәс тартып қайта­тынын жасыра алмаймын. Ең бастысы, той жасаушы адам лауазымды, жоғары қызметте жүрген адамдарды көбірек шақыруға тырысады. Неге шақырдың деп жазғыруға қақымыз жоқ, әркімнің өз еркі. Олар биік орынтақ иелері, шақырған тойларға сөзсіз бір сағат, тіпті екі сағат кешігіп келіп, ерте келген елді екі көзін төрт қылып күттіріп қояды. Әрең басталған тойдың басынан бастап шені мен шекпеніне қарай сөз алған сыйлы адамдардың жарыссөзі басталады. Кей жағдайда мақтаған сөздері шын жүректен шықпағандықтан, тыңдаған құлаққа жағымды естіледі деп айта алмаймын. Барлық осы мақтау аты-жөні өзгертіліп, күні ертең басқа бір тойда қайта айтыла береді. Осындай мақтау сөзге етіміз өліп кеткен, үйреніп алған­быз. Ал, одан кейін той аяқталмай жатып, әлгі ерекше мәртебесі бар шенеуіктердің орын­да­рынан тұрып, ақысы төленіп қойған ақ дас­тар­қанға қарамай үйлеріне қайту дүрбелеңі бас­талады. Тіпті олар отырған ортаны менсінбей, қоңылтақсып кетіп бара жатқандай көрінеді. Той иелері де өз-өздерінен қобалжып, ой­пыр­­май, тойымыз ұнамай қалды ма, дастарқанымыз олқы болып қалды ма, музыка қатты ойнап, бастары ауырып қалды ма деп зыр қағып, солардың алдында құрдай жорғалап жүгіріп жүргені. Дүйім көпшілік ортасында мұндай өздеріне ерекше көңіл аударту мәдениеттілік пен парасаттылықтың қай тармағына жата­тынын білмейді екенмін. Той иесін сыйлап, қошемет көрсетуге келдің бе, шын пейіліңмен қуанып, жылы жүзіңді айналаңа көрсетіп, жанашыр ниетіңді білдіріп отыр. Тағы бір пікірім, пұлыңды шы­ға­рып, аста-төк той жа­са­саң, ел­дің ой­ын­да қалып, са­насына сәу­­ле түсіретіндей етіп өт­­­кізген дұрыс шығар. Қазір бұрынғыдай емес, тойды мәнді өткізуге шебер өнерлі жан­дар да жетерлік болды ғой. Келген қонақтар жалықпайтын, асабаның айтқан сөздері өрнекті ойларға толы, мазмұны бай той өткізу дәс­тү­ріне сай, айтылатын әні мәнді, биленетін биі сәнді болса, неге тамашалап, дем алып қайтпасқа. Менің Талдықорған қаласында өткен кіш­­кене сәбидің бір жасқа толған тойына барға­ным бар. Бұл сәбидің тойы театр әртістерінің орындауында үш әулие – Ескелді би, Балпық би, Қабан жырау бабаларымыздың бата бе­руімен басталды. Артынан түйе мінген, қазақ­тың ұлттық киімін киген бүлдіршін атасы мен апасының жетегімен той төріне шақырылды. Тұсаукесер рәсімі де ұлағатты ата мен апалар­дың қатыстырылуымен өткізілді. Тойбастарды кішкене ойыншық ат мінген жаңағы сәби әрбір үстелге арнайы тігілген қоржынмен алып келгенде қошеметпен қол соғып, елжіремеген, сүйсінбеген адам қалмады. Әні, күйі бәрі рет-ретімен, ақ тілек білдірген қонақтардың құрме­тіне орындалып тұрды. Мысалы, ұстаз сөйлеп еді, ұстазға арналған ән орындалды, ата ақ тілегін айтып еді, әке туралы, ақ жаулықты ана сөйлесе ана туралы әндер шырқалып, күйшілер күйін күмбірлетіп, думан жалғаса берді. Ең бастысы, көпірме көп сөз болған жоқ, бір топ адам­ның атынан бір ғана адам ақ тілегін айтып, артынан бата береді. Сол тойда ішіп қояйық, көтеріп қояйық деген сөздер мүлдем айтыл­ма­ды. Есесіне дастарқанға қымыз, шұбат қойыл­ды. Ұрпағымызға деген осы құрмет үлгі алар­лық емес пе? Әрине, сөзсіз. Тойдың қызықты өткені соншалық, орта шенінен қырық сылтау айтып, үйіне қайтып кеткен қонақтарды көре алмадым. Бұл да қуаныш иелеріне, жиналған қауымға деген құрметтің бір түрі. Сексеннің сеңгіріне шыққан, Жетісу өңіріне белгілі, Еңбек Ері, батыр апамыз Закария Сейітованың тойы өткен күз айында өткізілді. Аты аңызға айналған апамыздың бүкіл өмірі сахна төрінде, Көксу ауданының әуесқой әртістерінің орындауында, арнайы жазылған сценарий бойынша өткізілді. Осы көріністерді тамашалаған адамдардың көңілдері толқып отырды. Апамыздың жас кезіндегі әндер шырқалып, өмір тарихының беттері қалың жұртшылыққа таныстырылды. Кейінгі жастарға үлгі-өнеге беретін мұндай тойлар жиналған халықтың жадында жатталып қалары сөзсіз. Той өткізу мәдениетін тиісті деңгейге көтеру бары­сын­да біз қазақтың салт-дәстүрлерін кеңінен пайдаланып, ортамызға қайта оралуына ықпал етуіміз керек. Осы үстіміздегі жылдың қаңтар айында Алматы қаласында бір замандасым өзінің алпыс жылдық мерейтойын жасап, шақырған еді. Өзінің ғылыми атағы бар, қолы шипалы дәрігер-хирург болатын. Тойға жиналған қауым­ның да басым көпшілігі әріптестері екен. Маған бір ұнағаны, қазақтың бетке ұстар дәрігер-хирургтері әрбір айтылған тілектерімен қоса Гиппократтың антын қайталап отырды. Әрбір тілек айтушы адамдардың сөзінен үлкен парасаттылықтың, мәдениеттіліктің, адамшы­лық­тың лебі байқалып тұрды. Әзіл болса да сол медицина саласының жанып тұрған жұлдыз­дарының барлық жер бетіндегі адамзат қауымы ауру-сырқаудан біржолата құтылып, дәрігер-хи­рургтер жұмыссыз қалса екен деген бір ар­ман-қиялдары бар екен. Жақсы сөз жарым ырыс дей­міз, әрине, адамзаттың өмірі үшін күн сай­ын, сағат сайын күресіп жүрген ақ халатты абзал жандардың аузынан ондай сөздерді есту кімнің болса да көңіліне толғаныс әкелері заңды. Иә, қазақ той жасамай отыра алмайды. Той қазына екені даусыз. Қуанышқа барлық жа­қын-жуықтарымызды, таныс-тамырымызды ша­­­қырып жатамыз. Той өткізуді қазақ өмірдегі бір қызық белесіндей, алдына қойған мақ­са­тындай көреді. Бәрі дұрыс, бәрі орынды. Қуа­нышқа құмарлық, жақсылыққа жақындық қа­зақтың менталитетінде бар. Бірақ, оны мақтан жарысына, байлық пен барлығын көрсетуге айналдырудың ешбір қажеті жоқ. Той өткізудің мәдениетін жақсартып, маңызы мен мәнін қазақтың салт-дәстүріне сай, аста-төкпелікке жол бермей, үлгілі, сәнді-салта­нат­ты қылып өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Нұрила БЕКТЕМІРОВА. Алматы облысы, Көксу ауданы.