02 Сәуір, 2015

Байқау үдерісі қадағаланады

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше «Қазмедиа орталығында» елдегі президенттік сайлауды байқау үдерісіне  әзірлік шеңберінде «Байқаушының құқықтары мен міндеттері. Сайлауды байқаушының қызметіндегі әдіс-тәсілдер»  тақырыбында семинар-тренинг өтті.    Іс-шараны Қазақстан Республикасында сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) ұйым­дастырды. Семинар-тренингке Л.Н.Гу­ми­лев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасы  профессорының міндетін атқарушы Марина Онучко, СБРҚК мүшесі Талант Рамазанов және СБРҚК мүшесі Шыңғыс Лепсібаев қатысып, мұндай шаралар барысында байқаушыларға қойылатын негізгі талап-міндеттер мен құқықтар айқындалып, жауапкершіліктер белгіленетінін атап өтті. Мәселен, Талант Рамазанов саяси науқан кезінде әрбір сайлаушы Конституция мен Сайлау туралы заңнамадағы ережелер мен нормаларды қатаң сақтауы тиістігін, ал байқаушы сайлау үдерісіне бөгет жасамай, барлық үдерістің заңнамаларға сәйкес жүргізілуін қадағалап отыруы қажеттігін жеткізді. Шыңғыс Лепсібаев сайлау кезінде кездесетін түрлі қарама-қайшылықтарға, әкімшілік заң бұзушылықтарға тоқталып, оларды болдырмау мен алдын алудың жолдарын айтып берді. Ал Марина Онучко мұндай семинарлардың негізгі мақсаты – Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның миссиясы мен міндеттерін бірыңғай түсінуді қалыптастыру және байқау үдерісін жетілдіру екенін атап өтті. Бұл күнгі шара барысында байқаушылардың сайлау үдерісіндегі шешуші рөлі,  байқау  үдерісінде ақпараттық технологияларды қолдану секілді мәселелер қаралды. Сондай-ақ, сайлаудың халықаралық стандарттары мен 2011 және 2012  жылдардағы сайлау науқанында СБРҚК-ның қызмет тәжірибесіне талдау жүргізілді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».