03 Сәуір, 2015

Аман Төлеев билікке наразылық ретінде партиядан шығады

586 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

24-03-15-tuleev-4

АСТАНА. 3 сәуір. Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев Кремльге қыр көрсету ретінде өзінің «Единая Россия» партиясынан шығатынын мәлімдеді. Бұл туралы «Родной Новокузнецк» сайты хабарлады. Портал мұны «Единая Россия» партиясы қалалық бөлімшесіндегі мәнбесіне сүйеніп жеткізген. Партия өкілі журналистерге Аман Төлеевтің бұл саяси партиямен барлық қарым-қатынасын үзілді-кесілді үзу ойы бар екенін айтқан. Кемерово облысының 4 мәуріттен бергі үздіксіз басшысы 2003 жылдан бері биліктің «Единая Россия» партиясының мүшесі болып келеді. Осы уақыттың өне бойында ол барлық деңгейдегі сайлауларда партияның аймақтық тізімінің ұдайы басында тұрған. «Бірақ Төлеевтің «ЕдРа»-ның кейбір функционерлерімен қарым-қатынасы таяу арада бұзылды, - деп жазады «Родной Новокузнецк» сайты. – Губернатордың «Единая Россиямен» арасының нашарлап кетуінің ықтимал себебі партия бас кеңесінің хатшысы, новокузнецкілік Сергей Неверовтің өркөкіректігі болған сияқты. Ұзақ жылдар бойы тап сол тұлға Кузбасс губернаиторы мен «Единая Россия» арасындағы байланысшы буын болып келіп еді. Төлеевтің арқасында «ЕдРа»-ның аймақтағы рейтингісі де жоғары болып тұрды. Ал губернатор мұны думадағы орынтақты өз айналасындағы адамдармен толықтырып отыруға пайдаланды. Интернет-порталдың мәліметі бойынша, қазір Неверов алда болатын аймақ басшысы сайлауына тұтас бір «новокузнецкілік блоктың» қатысуын Кремль арқылы шешу жолында белсене жұмыс жасап жүр. Бұл блокқа оның өзі де кіреді. Тізімде бұдан бөлек, бір кездері «Южкузбассугольде» және облыстық әкімшілікте істеген, қазір РФ президентінің кеңесшісі болып жүрген Антон Кобяков пен Сергей Кузнецов бар. Сайттың мәліметіне қарағанда, Аман Төлеев «Единая Россияның» аймақтық бөлімшесінің қарымта соққы беру үшін де оның қатарынан шыққалы отыр. Осы орайда «Родной Новокузнецк» порталы: «Енді Кузбасстың көптеген саясаткерлері мен депуттары одан үлгі алып, «Единая Россиядан» губернаторлық» Служу Кузбассу» блогына өтеді деп күтіліп отыр, - деп жазады сайт тағы. – Бұл саяси қадам «Единая Россияның» Кемерово облысындағы бөлімшесін жойып қана қоймайды, оның басшысы Неверовтің партия функционері ретіндегі беделінің быт-шытын шығарады. Сонымен бірге, ол Кремльге аймақ элитасы Төлеевтің төңірегіне топтасқанын танытып береді. Ал биылғы қыркүйек айында өтетін губернатор сайлауы қарсаңында мұның маңызы зор», - деп «Единая Россия» қалалық бөлімшесі өкілінің сөзінен дәйектеме келтіреді. Кузбасс губернаторы партияның жергілікті бөлімшесі құрамынан шығатын шешім қабылдап отырғанын облыстағы басқа сайттар да жазып жатыр. «Төлеев жиын шақырып, өзінің наразылығын анық білдірді. Ол партияның қазір өзінің мүддесін қорғамай отырғанына разы емес. Қазір федералды БАҚ-тарда Төлеевтің губернатор сайлауына қатысуы мәселесі талқылануда. Оны өзі ұзақ жылдар аймақтағы барлық деңгейдегі сайлауларда өте жоғары процент алдырып беріп келген «Единая Россияның» осы тұста әліптің артын бағу позициясын ұстанып отырғаны ызаландырады, - деп жазады SЁ42. – Жиынның соңында ол партияның өзі үшін құрамынан шыққаннан басқа ештеңе қалдырмағандай тірлік етіп жүргенін ашықтан-ашық айтты». Алайда, Аман Төлеевтің партия қатарынан шығатыны жөнінде облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметінен әзірге бірде-бір рет мәлімдеме берілген емес. Мұрат Айтқожа. Мәнбе: Родной Новокузнецк. Сурет: ВКонтакте.