03 Сәуір, 2015

Шалғайдағы мәдени-сауықтыру кешені

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_5638жеке кәсіпкерлердің қаржылық қолдауымен салынып,  пайдалануға берілді Құртай ауылдық округіне қарасты Жарқын ауылында жарты мыңға жуық адам тұрады. Шаңырағы шайқалмаған, түтіні түзу ұшқан еңселі елді мекенде бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімін тапқанымен, клубтың болмауы, спорт залының тарлығы салдарынан жастарға қалыпты мәдени демалыстың тудырылмауы үлкендерді қатты ойландыратын. Осы себепті жұртшылық атынан жазылған хат облыстық әкімдікке жолданып, мәдени шаралар мен спорт жарыстарын ұйымдастыратын орталық салып беру сұралған болатын. Жауап көп күттірген жоқ. Өтініш өңір басшысы Ерік Сұлтановтың тарапынан қолдау тапқанын естіп, тұрғындар қуанысып қалған. Көп ұзамай “Севимсталькон” ЖШС мен “Мамонтов” ЖК кешенді тұрғызуды өз міндеттеріне алып, құрылыс жұмыстарына Жылдам тұрғызылатын ғимараттар зауыты, Петропавл құрылыс материалдары зауыты секілді жергілікті кәсіпорындардың болат құрылғылары, пластик терезелері мен есіктері кеңінен пайдаланылды.  Не керек, қысқа мерзім ішінде 800 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан осы заманғы нысан бой көтерді. Бірінші қабатта баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнайтын стандартты зал, жаттығу жасайтын, теннистен, шахмат-дойбыдан, тоғызқұмалақтан жарыс өткізетін бөлмелер, екінші қабатта күрес залы орна­ласты. Талапқа сай жылы дәретхана мен душ бөлмесі жұмыс істейді. Көпбейінді кешен мектептің бу қазандығына қосылды. Дене шынықтыру-сауықтыру орталы­ғының ашылу салтанатына қатысқан Ерік Хамзаұлы жарқындықтарды айтулы оқиға­мен құттықтап, балғын спортшыларға тренажерлар мен доптарды сыйға тартты. – Елбасы жергілікті билік орындарына ауылдық жерлерде бұқаралық спортты барынша дамыту талабын қойған болатын. Осы бағытта Қызылжар өңірінде  көптеген шаралар атқарылып келеді. Облыс орталығында жабық мұз айдыны, әмбебап спорт кешенінің құрылыстары жүргізілуде. Ғ.Мүсірепов ауданында демеушілік көмекпен жүзу бассейні бар спорт орталығы іске қосылды.  Алдағы уақытта бұл сала бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігін нығайта беретін боламыз. Мына нысанға шағын және орта бизнес өкілдері 57 миллион теңге қаражат жұмсады. Бұдан былай мәдениет ошағының міндетін де атқаратын болады. Орталықтың бұқаралық спортты жандандырып, ұлттың денсаулығына қызмет етуіне тілектеспін,–деді Е. Сұлтанов өз сөзінде. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанай Байғожин, жапон күресінен спорт шебері Еркебұлан Құрманов Елбасының салиқалы саясатын қолдап, игілікті іске бастамашы бола білген кәсіпкерлер Әлімжан Ысмайыловқа, Сұлтанбек Газдиевке шынайы алғыстарын білдірді. Тұсаукесер рәсімінен кейін алыс-жақыннан жиналған қонақтар кешенді аралап, спорттық жабдықталуымен танысты. Тимирязев қазақ мектеп-интернатының, Дмитриевка, Интернационал және Жарқын орта мектептерінің құрама командаларының баскетболдан және қазақша күрестен күш сынасуын тамашалады. – Ауылда 100-ге жуық отбасы бар. Екі қабатты мектептің спорт залы, ауыл жастарын айтпаған күннің өзінде, әртүрлі секциялар өткізуге оқушыларға тарлық ететін. Енді шахмат-дойбы, тоғызқұмалақ, теннис секцияларын өткізетін арнайы кабинеттер бар. Асылбек Байлин жеткіншектерді аптасына екі рет қазақша күреске баптайтын болады. Жаттығу құрылғылары қойылған бөлме қазірдің өзінде оқушылардың сүйікті орны саналады. Көрші елді мекен жастарының осында келіп жаттығуына, түрлі сауық кештерін ұйымдастыруына әркез жол ашық, – дейді Жарқын орта мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Әділхан Қажыбаев. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.