03 Сәуір, 2015

Өз өнімдеріміз төрге шықсын десек...

263 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
122ФОРУМММБүгінде бәсекелестікке түсе алатын, сапасы мықты, сұранысы жоғары өнім шығару қажет.  Облыс орталығында осындай күн тәртібіндегі тақырыпты қозғаған елімізде шығарылатын отандық  өнімдер көрмесі ұйымдастырылып, осы салада  жергілікті үлесті арттыруға үндейтін форум болып өтті.  Елбасы тапсырмасына сәйкес, қазір барлық өңірлерде «Қазақстанда жасалған» шарасы жүргізілуде. Форумға облыс әкімі Қанат Бозымбаев,  Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов, «Самұрық-Қазына Контракт» АҚ бас директорының орынбасары Шыңғыс Боқанов, басқа да ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындар өкілдері қатысты. Әрине, өзімізде шығарылатын жергілікті өнімдердің өтуі, сұра­нысқа ие болуы отандық тауардың үлесін арттыруда ерекше маңызға ие. Бұл – индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асырудың бір тетігі, екіншіден, шағын және орта бизнесті қолдаудың жолы. Үшіншіден, осы мақсаттың орындалуына  «Нұрлы Жол» бағдарламасы да үлкен серпін береді. Өйткені, жалпы, еліміз бойынша алдағы уақытта инфрақұрылымды дамыту бағытында ірі жобалар іс­ке асырылмақшы. Бұл жобалар­ды іске асыруда  жергілікті ком­па­ниялардың тыс қалмасы да анық. Қазір әлемдік дағдарыс, мұнай бағасының төмендеуі, Ре­сей рублінің құлдырауы біздің кәсіпорындарға да өз әсерін тигізу­де. Дәл осындай кезде біздің отан­дық өнімнің «Қазақстанда  жасалған» деген белгісімен жарқ етіп, қалтарыста қалмай жарыққа шығуы қажет-ақ. Өйткені, мысалы, құбыр, кабель, төбе жабатын рубероид, гофроқағаз өнімдері Ресейден  30-60 пайызға арзанға жеткізілуде. Біздің өндірістер өнімдерін өткізе алмай жұмысын тоқтатуы да мүмкін. Үкімет отандық өндірушілерді барынша қолдайды. Бірақ, Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында отандық тауарды қолдау шараларын іске асыру оңай емес. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылмақшы. Ал Павлодар өңірінің кәсіп­орындары өздерінің шығаратын өнімдерін көрме арқылы көрсетуде. Өзгелерге үлгі. Бұл форумның қа­зақ­стандық өндірушілерге бере­тін пайдасы – бір-бірімен меморандум, келісімшарт бекітіп, өнімдерін өткізуге мүмкіндік алады,  дейді Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ержан Ама­ниязов. Көрмеге  облыстың 75 тауар өнді­рушісі өнімдерін қойды. Олар­дың арасында «KSP Steel» ЖШС, «Каустик» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар бар. Сонымен қатар, павлодарлық жиһаз фирмалары, консервіленген ет, сүт өндіретін, жарық диодты шамдары, қапшық және қаптама өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорындар да өз өнімде­рін ұсынды. Қара металлургия, электр, құбыр, фармацевтика, ауыл шаруашылығы салалары бойынша өнімдерінің түр-түрі табылды. Тіпті, «Қазақстанда жасалған» көрпе-жастыққа дейін тұр.  Күнде­лікті өмірде пайдаланатын бұл зат­тарды «Зағиптар қоғамы» Павло­дар оқу-өндірістік кәсіпорны жасап шығарыпты. Кәсіпорын «Қазақстан алюминийі» АҚ-тың тапсырыстарына, тұрғындардың сұраныстарына орай жасайды. Көрмеде төсек-орынның, көрпе-жастықтың, қолғап пен қапшықтың 26 түрі орын алыпты. Ал ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіретін  ақсулық «Арлан» серіктестігінің сүт өнімдеріне көрмеге келушілер көптеп жиналды. Директордың орынбасары Марина Бунькованың айтуынша, кәсіпорын жылына 2,5 мың тонна сүт өнімдерін өндіреді. Яғни, өнімдердің барлығы да, сүт, қаймақ, сүзбе, йогурт та, сары май да кәдімгі табиғи сүттен жаса­лады. Ақсу қаласы бойынша 45 дүкенге түсіп, 6 жеке сауда орын­дарында сатылады екен. Жиі-жиі жәрмеңкелерге қатысады. Көр­меден байқағанымыздай, «Арлан» сияқты басқа да осындай үлгі етерлік, өздерінің кәсіпкерлік жұмыстарымен белсенді танылған кәсіпорындар облыста жетеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов 2010 жылы қабылданғаннан бері еліміздегі «Жергілікті үлесті арттыру арқылы отандық өнімге жол ашу» бағдарламасының павлодарлық өндірушілерге үлкен қолдау болға­нын айтады. Бірақ, осы екі арада  Еуразиялық экономикалық одақ құрылды және көп ұзамай Дүниежүзілік сауда ұйымына қосы­ла­тын болғандықтан жергілікті үлесті арттыру бағдарламасының орта жолда қалып қоятыны өкінішті. Биылғы ақпан айында облыс орта­лығында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен кездесуде ұлттық компаниялар мен павлодарлық өндірушілер арасында 128 млрд. теңгенің меморандумдарына қол қойылған болатын-ды. Бүгінде соның 97 млрд. теңгесі бойынша нақты келісімшарттар бекітілді. Осы жиында облыс әкімі Қанат Бозымбаев өткен жылы жергілікіті кәсіпорындардың өнеркә­сіптік көрсеткіштері едәуір төмендегенін айтты. Ал, өндіріс, өнеркәсіп саласы өңіріміздің ішкі жалпы өнімнің 50 пайызға жуығын құрап отыр. Ресей рублінің құнсыздануы павлодарлық өндірушілер үшін жақсы емес. Себебі, біздің экспортымыздың 65 пайызы Ресей нарығына шығады. Б.Сағынтаев отандық экономиканың тұрақтылығын сақтау мақсатында Үкіметтің өткен жыл соңында іс-қимыл жоспарын қабылдағанын, 80 кәсіпорынға нақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Яғни, отан­дық өндірушілерді қолдауда ұлттық компаниялар мен холдингтер сатып алатын қызметтер мен тауарлар бойынша қазақстандық үлесті арттыру тәжірибесі жалғасады.  Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Тұрғановтың айтуынша, өткен жыл соңында түйіршіктелген полипропилен, күйдірілген анод өндірістері іске қосылған, 2000 жұмыс орнын құруды көздейтін жаңа 7 жоба қолданысқа тапсырылады. Сонымен қатар, «ЭКСПО» нысандарын салушы фирмалардың өкілдермен кездесу жоспарланыпты. Сондай-ақ, «KSP Steel» ЖШС бас директоры Э.Кремердің сөзінше, отандық зауыттар елдің арматура және жіксіз құбырларға деген сұранысын толықтай өтей алады екен. Бірақ, ресейлік өнімдер арзан бағамен келуде. Ал, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта елде өндірілетін тауарлар бойынша шектеу қою құқығы берілген. Осыны пайдалану бізге тиімді болар еді, деді ол.  Ал, облыс орталығындағы  «Казэнергокабель» АҚ басшысы Олег Крук та шеттен жеткізілетін өнім бағасының арзандығына байланысты өндірісті қысқартуға мәжбүр екенін айтты. Осы кеңесте де облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен ұлттық компания басшылары арасында өзара ынтымақтастық жөнінде ме­мо­рандумдарға қол қойылды. Өн­діріс­тік көрсеткіштерді сақтау, жұ­мысшыларды қысқартпау туралы міндеттемелер бойынша облыс әкімдігі, ірі кәсіпорын басшылары және олардың жанындағы кәсіподақ ұйымдары жетекшілерімен үш жақ­ты келісімдер бекітілген болатын. – Сондықтан, Үкімет тарапынан әрине, қолдау көрсету жалғасары сөзсіз. Бірақ бұған жауап ретінде өндірушілер өнімнің сапасына баса мән берулері тиіс, бәсекелестікке дайын болулары қажет, – деді Д.Тұрғанов. Облыстық индустриялық-инно­вация­лық даму басқарма­сының мәліметтерінше, 2014 жылы мемлекеттік үдемелі ин­дус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжыл­дығы аяқталды. Осы бес жылда облыста 68 жоба іске қосылып, 5617 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ретте, жаңадан 15 зауыт пайдалануға берілді. Облыста 60-тан астам жаңа өнім түрі пайда болыпты. Басқарма басшысы Николай Дычконың айтуынша, бес жылда Индустрияландыру картасының жобалары бойынша 588,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Біздің облыс жобалардың саны бойынша рес­публикада үздік үштікке еніп отыр.  Инвесторларды ынталандыру әрі индустриялық-инновациялық саланы дамыту мақсатында өткен жылы «Ертіс Инвест-2014» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған 30-дан астам елдің өкілдері қатысты. Онда 124 инвестициялық жоба таныстырылды. Оларды жүзеге асыру үшін 1,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы керек. Жобалар іске асырылған жағдайда 2,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Форумда жалпы сомасы 39 млрд. теңгені құрайтын 8 әріптестік меморандумға қол қойылды. Жиын соңында  2014 жылдың 31 желтоқсанында Ресейде өнеркәсіптік мақсаттағы тауарларды тек отандық өндірушілерден сатып алуды қарастыратын заң қабылданғаны да айтылды. Бұл заң тіпті қазақстандық өндірушілерге бөгет жасауда, дейді кәсіпкерлер. Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Аманияз Ержанов­тың айтуынша, Ресей тарапына бұлай етуге Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізінде рұқсат беріліпті. Ал, біздің  Үкімет отандық өнеркәсіпті қолдау жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Оған сәйкес, өндірушілерге жол тарифтеріне, басқа да мәселелер бойынша жеңілдіктер ұсынылуда. Сөйтіп, облыс орталығында өткен «Қазақстанда жасалған» форумының қорытындысы да шығарылды. Облыс тауар өндірушілерімен жалпы сомасы 11 млрд. теңгені құрайтын келісімшарттар жасалды. Келісімшарттардың ішінде Болат Нұржанов атындағы «№1 Екібастұз ГРЭС-1» кәсіпорны мен «СВАРКО» дәнекерлеу құрылғылар зауыты,  «Павлодар тұз компаниясы», «Сауда үйі»,  «Технологиялық желілер» ЖШС және «Лакра» кәсіпорны бар. Сонымен қатар, Мұнай-химия зауыты   «Нефтехим LTD компаниясымен» және «Құбыр арматурасы зауытымен» келісімшарт жасасты. Форумда «KAZ Minerals Bozshakol» және «Кастинг» ЖШС, «Қазақтелеком» және «Казэнергокабель» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. – Облыс орталығында «Қа­зақ­­­­ста­н­­­да жасалған» форумын өткізу арқылы біз жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін көрсеткіміз келді. Олардың барлы­ғы да еуразиялық интеграция жағ­дайында қазір тынымсыз еңбек етуде. Қазір облысымз Ресейге тауар экспорттау бойынша көш басында келеді. Әрине, көрші елдің валютасы бағамының төмендеуі жергілікті кәсіпорындарға әсерін тигізді. Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, павлодарлық ком­паниялар Еуразиялық эконо­микалық одақ аясында бәсекеге қабілетті болатынына сенім мол, – дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР. Суретті түсірген Валерий БУГАЕВ.