03 Сәуір, 2015

Ассамблеяға артылар үміт мол

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАҚазақстан хал­қы Ассам­блеясы жылы болып жарияланған 2015 жыл «Мәңгілік Елдің» өткенін таразылаумен бірге болашағын бағдарлайтын, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бастайтын  шешуші қадамдар жылы болғалы отыр. Жаңа қазақ­стандық патриотизм туралы айт­қанда біз  –  2014 жылғы Жолдауда жарияланған  «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясынан туындайтын міндеттерді алдымен айтамыз.  Ал ұлттық идея – жаңа қазақстандық патриотизм десек, сол ұлттық идеяның тұғыры – ұлттық тіл екендігі анық. Осы кезге дейінгі біз қолданған мемлекеттік тіл саясатын іске асыру механизмі  уақыт талабына толық сай болмай отырғаны рас. Қазақ тілінің қазақстандық қоғамда сұранысы мен қажеттілігі әлі де болса талапқа сай дей алмасақ керек. Ғылыми негізделген, тұрақты да жүйелі істен алдын ала ұйымдастыру мен есеп беру сипа­тындағы науқандық шаралар басым болып отыр. Бұл шараларға тұрақты нәтижеге бағытталған  жұмыс дегеннен гөрі белгі қою үшін ғана өткізілетін шаралар деген сипаттамаға жақын келетін секілді. Ең алдымен, мемлекеттік тіл – барлық өркениетті елдердегі сияқты Конституциялық мәрте­бесіне сай қолданылуына қол жеткізу,  қуатты ұлттық идео­логияның негізі болатын мем­лекеттік тіл идеологиясын қалып­тастыру, яғни бұл мемлекет пен қоғам­ның тіл саясатына қатысты   басты мақсаты екенін айтқанымыз жөн.  Әрбір Қазақстан азаматы  бұл істі: «Өзімнің ісім, мемлекеттік тіл – менің тілім!»  деп қабылдағанда ғана  Отанымыздағы тіл мәселесінде түбегейлі өзгерістер болатыны аян. Сонымен бірге, 20 жылдық тарихында ел, ұлт тұтастығының символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа кезеңде жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісімен қатар, тіл тірегіне айналса деген тілек бар. Сондықтан да  Ассамблея жылында Ассамблея мүшелері «Мемлекеттік тіл – менің тілім» акциясын,   елімізде мемлекеттік тілді жаппай меңгеру, қолдану үрдісін  нақты іспен қолға алып,  өзге отандастарымызға үлгі болса деген өтінішімді де айта кетуді парыз санаймын. Өйткені, біз үшін жаңа қазақстандық патриотизмнің басты белгілерінің бірі – қазақ тілінің сөз жүзінде емес, іс жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуі,  әрбір қазақстандықтың қазақ тілін білу борыш қана емес, сонымен бірге ұлтқа деген құрмет ұғымының қалыптасуы. Елімізде «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау, терминология мен ономастика мәселелерін реттеу  және аударылмайтын қазақ атауларының (жалқы есімдердің) орыс, ағылшын, т.б. тілдерде жазылуының ортақ нұсқаулығын жасау сияқты ұлт болашағы, тіл ертеңі үшін қажет маңызды істерге қатысты нақты шаралар да осы Ассамблея жылынан бастау алғаны дұрыс болар еді. Бірлігі жарасқан елдің алмайтын асуы жоқ.  Ендеше, достық пен ынтымақты ту еткен еліміз алға бассын,   Ассамблея жылы ел дамуының жаңа кезеңіндегі оң өзгерістер мен игі істерге бас­тама жылы болып, қазақ тілі ұлттық идеяның негізіне айналсын демекпін. Болат ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.