03 Сәуір, 2015

Түлеген түбек тынысы

538 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАЕлімізде биыл Ассамблея жылы. Осы мереке аясында кең-байтақ Қазақстанды аралап, сапарға шыққан «Менің Қазақстаным» пойызы еліміздегі ұлтаралық татулық пен бейбітшілік моделінің салтанат құрғанын паш ететін маңызды шаралардың ұйытқысына айналды. 1 сәуір күні «Менің Қа­зақстаным» пойызы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына атбасын тіреген еді. Бейнеу ауданы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикамыздағы ең артта қалған отыз ауданның бірі болатын. Арада біраз уақыт өткеннен кейін, яғни бүгінгі күні ауданның экономикасы өркендеп, донорлық дәрежеге жеткен. Тұрғындар саны 22 мыңнан 62 500 адамға жетіп, аталған мерзім ішінде үш есеге дейін өскен. Аудан орталығы – Бейнеу  кентінде 46 мың адам тұрады. Журналистермен болған баспасөз мәслихатында Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов әлеуметтік және экономикалық жағдай туралы былай деді: «Ауданымызда, әсіресе, соңғы кездері кіші кәсіпкерлік саласы жақсы дамып отыр. Жаңадан 1 919 уақытша және тұрақты жұмыс орындары ашылып, оған 1 466 адам орналастырылды, 392 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды, 151 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 187 жас маман уақытша жұмысқа қабылданып, оның үштен бірі тұрақты жұмысқа орналасты. «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 96 адам қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына, 47 жас маман жастар практикасына жіберілді. 16 тұрғын 45,2 млн. теңге несие алып, 18 жұмыс орнын ашты. Денсаулық сақтау саласына облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді, 35,8 млн. теңгенің ақылы қызметі көрсетілді. Ауданда 32 мамандық бойынша 90 дәрігер мен 383 арнаулы орта білімді маман жұмыс істейді. Ауданымызда өндіріс, кәсіпкерлік, инфрақұрылымды дамыту жақсы жолға қойылған. Өткен жылы 600,8 мың тонна мұнай мен 339,5 млн. текше метр газ өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 54,7 млрд. теңгеге, өнеркәсіп өнімінің көлемі 70,8 млрд. теңгеге жетті». Бейнеу ауданының тізгінін 25 жылдан бері ұстап келе жатқан, елдің сонау қиын-қыстау кездегі жағдайын бүгінгі күні жоғары дәрежеге жеткізген Басшы Айжанақұлы бұдан басқа да ауданға қатысты біраз деректерді журналистердің алдына жайып салды. Мәселен, стратегиялық аса ірі жобалардың бірі саналатын «Бейнеу – Бозой» магистралды газ құбырының құрылысы басталды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «ҚазАзот» ЖШС «Шағырлы-Шөмішті»  кен орнын игеру жұмыстары басталады екен. Аудандағы астық терминалы 14,3 мың тонна ұнмен, 12,9 мың тонна жеммен қамтылған. Ауданда мал шаруашылығында өсіп-өркендеу сипаты байқалады. Қазір жеке адамдардың қолында 3 927 бас сиыр, 92 418 бас қой мен ешкі, 8 582 бас жылқы, 13 356 бас түйе бар.  202 шаруа қожалығы бюджетке 3,2 млн. теңгенің салығын төлеген. Кәсіпкерлік нысандарының саны бұрынғы жылға қарағанда 10 пайызға өскен, тұрғындардың 26 пайызы осы салада жұмыс істейді. Олар 1,5 млрд. теңге салық төлеп, аудандық бюджеттің меншікті кірісінің 57 пайы­зын құрады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша екі кәсіпкер 30,8 млн. теңгенің несиесін алса, микрокредиттік ұйымдар арқылы 39 тұрғын 140,5 млн. теңгенің несиесін алып, 65 жұмыс орнын ашты. Бейнеуде ашылған «Даму» қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 100 адамға арнайы сертификат берді. Ақжігіт, Тәжен, Сыңғырлау ауылдарын суландыру жұмыстары толық аяқталды. Республикалық бюджет қаржысына ауылішілік су құбырын тарту және су тазарту қондырғысын орнату жұмыстары басталды. Жыл ішінде 64 мың шаршы метр болатын 494 жекеменшік тұрғын үй салынды. «Қолжетімді тұрғын үй-2020»  бағдарламасына сай Бейнеуде 4 пәтерлі 6 коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. «Менің Қазақстаным» пойызының Бейнеу кентіндегі жұмысы нәтижелі болды. Әділет министрлігі мамандарының қабылдауында 15 адам болып, өздеріне тиісті сұрақтарына жауап алды. Ауыл шаруашылығы, «Даму» қоры, Ұлттық палата мәселелеріне қатысты 31 адам өз сұрақтарымен қабылдауға келді. Халыққа қызмет көрсету орталығы бойынша 15 адам, әлеуметтік мәселелер бойынша 10 адам мамандардың қабылдауында болды. «Менің Қазақстаным» пойызы дәрігерлеріне 361 адам қаралып, дәрігерлік кеңес беріліп, ем қабылдады. Бейнеу кентінің орталығындағы стадионда астаналық және алматылық өнер қайраткерлерінің концертіне 10 мыңнан аса адам қатысып, рухани ләззат алды. Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы.