03 Сәуір, 2015

Байланыстар байламы жоғары

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
03-04-2015-mid 01Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанаға келген Венгрия Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі­жақты ынтымақтастық пен халық­аралық күн тәртібіндегі көкей­кесті мәселелерді талқыға салды. Е.Ыдырысов екі мемле­кет арасындағы әріптестік қа­рым-қатынасты нығайту мен кеңей­туге қосқан елеулі үлесі үшін өз әріптесіне алғысын біл­дір­ді. Естеріңізге сала кетейік, үсті­міздегі  жылғы 19-20 ақпан күндері П.Сийярто Астанаға ресми сапар жасап, оның шеңберінде екі ел сырт­қы саясат ведомстволары ара­сында 2015-2016 жылдарға арнал­ған жұмыс жоспарына қол қойылған болатын. Венгрия Қазақстанның Ор­талық-Шығыс Еуропадағы және Еуропалық одақтағы маңызды әріптесі болып табылады. Екі мемлекет арасында күрделі мәселелер жоқ, ал халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас немесе бағыттас келеді. Бүгінде Қазақстан мен Венгрия арасындағы саяси үнқатысу жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Қазақстан Премьер-Министрі К.Мәсімовтің 2014 жылғы маусым айында Венгрияға сапары барысында Стратегиялық әріптестік жөніндегі декларацияға қол қойылып, оны іске асыру екіжақты қарым-қатынасқа оң ықпал беруі тиіс. Сонымен қатар, кездесу аясында Қазақстан – Венгрия Стратегиялық кеңесі жұмысының маңыздылығы атап өтілді. Экономика саласында да қажетті келісімдік базаның бар екені айтылды. Астанада «Венгрия сауда үйі» құрылып, Индустрия және инновация жөніндегі жұмыс тобы қызметін бастады. Е.Ыдырысов ЕО мен ЕАЭО ара­сында ынтымақтастық орнату орайындағы Венгрияның рө­лін ерекше атап, «Венгрия екі Одақ арасындағы қарым-қатынасты орнықтыратын көпірлердің біріне айналуы мүмкін» екенін көлденең тартты. Сондай-ақ, ол Венгрия Пре­мьер-министрі В.Орбанның сапары барысында Қазақстан басшылығымен жоспарланған кездесулер ашықтық және өзара түсіністік рухында «са­ғат салыстыруға» мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Венгрия арасын­дағы өзара ықпалдастықты барлық бағыттар бойынша тереңдетуге айтар­лықтай серпін беретініне сені­мін білдірді. «Егемен-ақпарат».