03 Сәуір, 2015

Табиғатқа жанашырлық танытайық

455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы «Молсервис» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді. Өз сөзінде Ә.Құсайынов жиынға қатысушыларды сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. PAP_3563_новый размерӘ.Құсайыновтың айтуынша, бір­қатар әлем елдерінде экономиканы қарқынды дамытуға бағытталған жұмыстар қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктерін ескермей, оған шамадан тыс күш салып жатыр. Табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, гендік және биологиялық әртүрліліктің азуы табиғи ортаның, адамзат мекендеген айналаның құлдырауына алып келуі мүмкін. Адамның өндіріске негізделген тұрмысынан туындаған озон қабатының бұзылуы, әлемдік мұхиттардың ластануы, жер мен оның құнарлы қабатының жұтаңдануы, биологиялық әртүрліліктің азып-тозуы сынды құбылыстар бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Атмосфераның шаң-тозаң және газды қалдықтармен ластануы үлкен алаңдаушылық тудырады. Олар минералды отын мен биомассаның өртенуіне, сондай-ақ, тау-кен, құрылыс пен басқа да жерде жүргізілетін жұмыстарға байланыс­ты ауаға таралып жатыр. «Адам орны толмайтын табиғи ресурс­тарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда. Табиғи ресурстардың қайта қалпына келмейтінін естен шығармаған жөн», деп атап өтті Ә.Құсайынов. Президенттікке кандидаттың айтуынша, адамзат жыл сайын өнеркәсіптік өндіріс көлемін өсіріп, соның салдарынан игерілмеген табиғаттың тынысы тарылып бара жатыр. Әдетте, өндіріс кезінде осы жерлерде тұратын халықтың мүддесімен қатар, онда өсетін бірегей өсімдіктер мен сирек кездесетін аңдардың қауіпсіздігі ескерілмей жатады. Бүгінде адам өз қолымен өзінің өмір сүретін кеңістігін шектеуде. Оған қоса, Ә.Құсайынов экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды. «Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар, тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады», деп атап өтті Ә.Құсайынов. Сонымен қатар, «Молсервис» ЖШС ұжымының алдында Ә.Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Ольга Клишина да сөз сөйледі. О.Клишинаның айтуынша, адам әлемдік экожүйенің бір бөлігі екенін естен шығармауы тиіс. Ғаламшардың жарқын болашағы әр адамның табиғи ресурстар мен жануарлар әлеміне деген саналы әрекетіне тәуелді. Әлемдік экожүйенің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да қоршаған ортаның ластануынан туындаған проблемаларды сезініп отыр. Сондықтан өскелең ұрпақ арасында табиғатты аялауға үндейтін насихат жұмыстарын күшейту керек. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.