03 Сәуір, 2015

Алматыда жылжымалы фоторадарлар жұмыс жасайтын болады

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

03-04-15-fotoradar-1

АЛМАТЫ. 3 сәуір. Алматы полициясы жылжымалы  КРИС-П фоторадар кешенін іске қосады. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі хабарлады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталмыш құрылғы бірінші кезекте тез жылжымалы болуымен ерекшеленеді. Алматы полициясы осыны ескере келіп, КРИС-П жылжымалы фоторадар кешенін пайдалануға шешім етті. Полициядағылардың айтуынша, ол ендігі жерде апат деңгейі жоғары жол учаскелерін автоматты тәртіпте бақылап, жолдағы жалпы ахуалды жақсартуға септігін тигізеді. Әуелгі кезде осындай 10 кешен іске қосылатын болады. Олар орналасқан жерлерін қала жолдарындағы жағдайдың өзгеруіне байланысты ауыстырып тұрады. «Қазір тұрақты түрде апат деңгейі жоғары жол учаскелерін анықтайтын арнайы сараптама жасалып жатыр. Тәжірибеге сүйенсек, көп жағдайда жол қозғалыс ережесін бұзу деректері фото-видеофиксаторлардың көмегімен анықталып жүр.  Бұл құрылғы жолдағы апаттар мен одан зардап шеккендер санын азайтуға көмектеседі», - дейді Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Жандос Мұраталиев. Еске сала кетейік, ақпан айында Қазақстанның тәуелсіз автомобильшілер одағы КРИС-П жылжымалы фоторадар кешені пайда болғанын жеткізген еді. Кейін ішкі істер департаментінің өкілдері оның әзірге тек сынақтан өтіп жатқанын хабарлады. Талғат Сүйінбай. Дерек: Tengrinews.kz. Фото: Drive2.ru.