10 Тамыз, 2010

Жаны ізгілерге жомарттық жарасады

519 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Құрметті отандастар! Еліміздің барлық азаматтарын айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айына байланысты мол сауапқа кенелтер іс-шаралар атқаруға шақырамын. Мүбәрак айда Алла тағала ри­залығы үшін күнделікті тұтынатын азық-түліктер мен киім-кешек, қонақ үй, шаштараз, монша сияқты басқа да қызмет көрсету орындары мен ұшақ, пойыз, автобус, басқа да көлік бағаларын 10 пайызға арзан­датуға және дүкендерде, мейрамха­наларда спиртті ішкіліктердің ешбір түрін сатпауға, той дастарқан­да­ры­на арақ-шарап қоймауға үндеймін. Теледидарлардан бейәдеп, зор­лық-зомбылық, ұрлық-қарлықты на­сихаттайтын сериалдар мен фи­ль­м­­дерді көрсетпей, есесіне адам­гершілік пен отан сүюшілік көз­­қа­расты қалыптастыратын дүниелерге өріс ашып, халықтың қасиетті Ра­мазанның шарапатын мүмкін­ді­гінше сезінуіне үлес қосуларыңыз­ды сұраймын. Білім беру орындарында сту­дент­тер мен шәкірттерге ораза ұс­таудың артықшылықтарын түсін­діру де жылдағыдай жалғасын тау­ып, ізгілік өрістей беруін тілеймін. Өйткені, жыл сайын Рамазан айын қуана қарсы алып, айна­ла­мызға нұр шұғыласын шашқан қа­сиетті кештердің, құлақ құрышын қандыратын азанның, сәресідегі тәттіліктің, ауызашардағы ләззатты, тарауих намазына деген ынтаны көрген жастар да бұл айдың ерек­шелігін сезініп, жыл сайын Рамазанды асыға күтетіні хақ. Рамазан – жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын, мұң-мұқтаждардың қабағынан кірбің арылтатын шынайы жанашырлық айы. Бұл айда жақсылық көрген жетім-жесірлердің жүзі жадырап, ғаріп-міскіндердің арқа-басы ке­ңейеді. Осыған орай, қамқорлыққа мұқтаж жандарға тиісінше көмек-қолдау көрсетудің мән-маңызы да айрықша. Өйткені, жомарттық – көркем мінездің ажырамас бөлігі. Құдіретті Жаратушымыз көптеген аяттарда мұсылмандарды жомарт­тық­қа, Алла тағала жолында жақ­сылық жасауға шақырады. “Мұхам­мед” сүресінің 38-аятында Алла та­ғала: “Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны... Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі”, – дейді. Не­гізінде, Алла тағала ешкімнің бергеніне мұқтаж емес, бермеген адам өзіне сараңдық еткені. Алла тағала дүние-мүлкін жақ­сылық жолында жұмсамайтын қау­ым орнына басқа қауым жібе­ре­тінін айтып, ескерткен. Олар иман мен тақуалыққа ие болып, Алла­ның уәде еткен сауаптары мен же­тіс­тігіне жетеді. Тағы бір аятта: “Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерінде сараңдық ет­кендер, мұны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, бұл оларға жамандық әкеледі. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күні олардың мой­­нына оралады. Көктер мен жер­дің мұрасы Алланікі. Алла таға­ла сендердің істегендеріңнен толық хабардар” (“Әли-Имран” сүресі, 180-аят), – делінген. Рамазан айында жасап жүрген жақсылықтарымызды барынша арттырған жөн. Өйткені, мұның сауабы өзге айларға қарағанда әлде­неше есе көбейе түсері сөзсіз. Рамазан айы адамның өзін-өзі тәр­биелеудің үлкен мектебі екен­дігін ескерсек, аталған игілікті бас­тамалар өзге айларда да жалғасын табатын баянды қайыр-ихсанға ұласарына кәміл сеніммен барша отандастарды осынау ізгі мақсат­тарға жұмыла атсалысуға шақы­рамын. Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти.