Әкемнің зиратын 68 жылдан кейін таптым
Алысы – Американы, жақыны – Жапонияны шарпыған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл толса да, оның бітеу жарасы – әке, бауыр, туыстан айырған қайғы-қасіреті күні бүгінге дейін жүректерді сыздатады. Майдангерлердің үшінші, төртінші ұрпағы жат жерден топырақ бұйырған бабаларының зиратын іздеп барып, туған жердің топырағын салады, хабарсыз кеткендерді әлі күнге іздестіреді. Осындай жағдай арада 68 жылдан соң біздің де бастан өтті.
Көп жылдар Ресейдің Подольск қаласындағы КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына хат жазып, тиянақты жауап ала алмаған едік. Іздеген адамның анкеталық мәліметтері орфографиялық тұрғыдан қате жазылуы мүмкін деген ойға да келмеген.
Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Мәскеудегі ТМД Атқару комитетінде жауапты қызметте жүрген балама: “Сенің маған қарағанда қолың ұзын ғой, мүмкін мұрағаттарды өзің ақтарып көрерсің”, – деген едім. Көп кешікпей ұлымнан сүйінші хабар да жетті. Интернет арқылы “Солдат. Ру” сайтына шығып, атасы Асылбеков Жақсыбекті іздейтінін, ол Ленинград майданында болғанын жазады. Бұл кісінің фамилиясы, аты-жөні, мекен-жайы орфографиялық тұрғыдан қате жазылуы да мүмкін екендігін ескертеді. Кешікпей, Санкт-Петербург – Великий Новгород – Псков адресімен Олег есімді (фамилиясы көфрсетілмеген) және Иваново қаласынан Наталья Климанова байланысқа шығып, Жамбыл облысының Сарысу ауданында 1916 жылы туған Асильбеков Джаксыбактың Новгород облысы (бұрынғы Ленинград облысы) Лычково стансасы маңындағы шайқаста 1942 жылы қыркүйектің 18-інде қаза болғанын, стансаның оңтүстік шығысындағы 1,5 шақырым жерде жерленгенін, 1960 жылы Лычково селосының орталығына әкелініп, бауырластар зиратына қайта жерленгенін жазады. Сондай-ақ олар Солтүстік Батыс майданының 34-ші армиясы 151-жеке атқыштар бригадасының 1942 жылғы қазанның 1-іне дейін қаза болғандардың құпия мәліметінің титулдық беті мен екінші парағын (ондағы тізім 15 санымен басталып, 28-бен аяқталады) жібереді. Машинкаға басылған титулдық бетке (трафарет) 151-атқыштар бригадасының штаб бастығы мен штабтың әскери комиссары қол қойған және “8 бетке жазылған 202 адамның атаулы тізімін жіберіп отырмын” делінген. Мұнда әкем 16-шы болып көрсетілген. Оның аты-жөні бұрмаланғаны былай, туған жерін Байкадаан (Байқадам болуы тиіс еді) деп көрсеткен. Зайыбының фамилиясы мен атының басқы әрпі мүлдем қате жазылған.
Аудандық ОСАвиаХим (кейіннен ДОСААФ) төрағасы қызметінде болып, майданға кеткен әкемнің ВКП (б) мүшесі, сапер болғанын да осы тізімнен білдік. Сондай-ақ, мұнда қазақстандық, өзбекстандық мына жауынгерлердің аты-жөні көрсетілген:
Сержант Омельченко Григорий Михайлович – Жамбыл облысының Сарысу ауданында 1918 жылы туып, осы облыстың Шу ауданынан әскер қатарына шақырылған. Тізімде – 17-ші;
Қызыл әскер Абдранманов Шапори (тізімде жазылуы осылай) - Жамбыл облысының Созақ ауданында (тізімде осылай жазылған) туып, армияға аталған ауданнан шақырылған. Тізімде – 19-шы;
Кіші сержант Казаков Александр Ефимович – 1911 жылы туған. Алматы қаласы, Ташкент аллеясы 9.101-де тұрып, армияға Түрген ауданынан шақырылған. Тізімде – 20-шы;
Кіші лейтенант Саидов Рашид – Өзбек ССР-нің Бұқар ауданы, Шымдуван (?) селосында 1910 жылы туып, әскерге Яккобин (?) аудандық комиссариатынан шақырылған. Тізімде – 21-ші.
Бұлардың бәрі зиратқа белгісіз жауынгер ретінде жерленіп, мемориалдағы тізімге аты-жөндері кірмеген.
Ұлы Отан соғысы туралы қаншама деректі көркем шығармалар жазылып, кинолар түсірілгенімен, алапат соғыстың әлі күнге сирек айтылатын қалтарыс тұстары, мұрағаттарда сарғайып жатқан құпия деректері бізден кейінгі ұрпақтың да зерттеуіне жетерлік сияқты. Соның бірі 1941 жылғы шілденің 18-інде Лычково стансасында ленинградтық балалардың 12 вагоннан тұратын эшалонын неміс ұшағының бомбылауы.
1941 жылы шілде айының орта кезінде Ленинградқа немістер Финляндия жағынан шабуыл жасайды деп жоспарлаған қала басшылығы мен әскерилер құпия түрде қаладан балабақшалардан бастап, пионер лагерінде демалып жатқандарға дейін асығыс тылға көшіре бастаған. Таңертең бақшаға келген балаларға “кешке ата-аналарың басқа жерден алып кетеді” деп, лагерьдегі ересек ұл-қыздарға “басқа саяжайға көшеміз” деп у-шусыз вагондарға тиеп, облыстың шығысындағы темір жол бойындағы елді мекендерге көшірген. Бұл жағдайдан бейхабар ата-аналар кешкілік балаларының орнын сипап қалған.
Осы дүрбелеңді бастан өткізген, кейін Ленинград құрсауында болған сол кезде 7 жасар қыз Людмила Пожедаева кейін 16 жасында басынан кешкен нәубеттерін оқиға-оқиға етіп естелік түрінде қағазға түсіріп, осыған байланысты суреттерді қаламмен салып, сол тақырыпқа өлеңдер циклін жазған. Кітап 2007 жылы аз таралыммен естелік үшін таратылатын әдебиет болып Санкт-Петербургтен басылып шыққан. Оны бір оқып шыққаннан кейін ондағы кез келген беттегі салынған суретті көріп, болған оқиғаны қаз-қалпында көз алдыңызға қайта елестете аласыз. Бұл Ленинград балалары туралы ащы шындықты ашып жазған сирек басылымның бірі болар деп ойлаймын. Лычководағы әскери-тарихи мұражайдың директоры Евгений Дудник “Война, блокада, Я и другие” деген осы мемуарлық шығарманың бір данасының және өзінің “Дети. Война. Жизнь” деген өлеңдер жинағын маған сыйлады.
Лычково – кезінде аудан орталығы болған, бүгінде 2 мыңдай тұрғыны бар шағын поселке. Өз уағында үлкен кеңшары, жиһаз жасау фабрикасы, ағаш даярлайтын шаруашылығы болған мекенде бүгінде бірде-бір кәсіп жоқ. Жұмысқа жарамдылар әрісі Санкт-Петербург, Мәскеу асып, берісі – Псков, Тверь қалаларына кеткен. Аз ғана бала оқитын кәсіптік-техникалық училище, екі балабақша, биыл 10-шы сыныпты 10 бала бітірген орта мектеп, клуб бар. Есесіне, коммерциялық дүкендер мен дүңгіршіктер саны – 12. Ауылдың негізгі көлігі – рөлінің алдына шаруашылық заттарын салатын темір себет орнатқан велосипед.
Пойыздан түскеннен кейін көзге байқалатыны вокзал қабырғасына орнатылған, алдына гүл шоқтары қойылған неміс ұшағының эшалонды бомбалауынан қаза болған ленинградтық балаларға орнатылған ескерткіш тақта. Алаңда 2005 жылы мамырдың 4-інде Жеңістің 60 жылдығына орнатылған “Соғыс балалары” деп аталатын скульптуралық ескерткіш бар. Волгоградтық мүсінші, РФ халық суретшісі, Социалистік Еңбек Ері Виктор Георгиевич Фетисов жүрек тебірентерлік әсер беретін бұл еңбегін ешқандай ақы-пұлсыз тегін жасап сыйлаған. Үлкен қызыл гранит тастың алдында көзінен бір тамшы жас үзіліп түскен, үрей билеген жүрегін сол қолымен басып аспанға шошына қараған, қысқа көйлегінің етегі желмен желбіреген жасөспірім қыздың бейнесі көңіліңізді босатып, жүректі шымырлатады.
2002 жылға дейін көпшілік Лычково трагедиясы туралы бейхабар болып келген. Сол жылы мамырдың 9-ында Мәскеу теледидарының бірінші арнасы “Қайырлы таң” бағдарламасында аталмыш селода ленинградтық балалардың зиратын әлі күнге күтіп жүрген 3 әйел туралы сюжет көрсеткеннен соң бұл оқиғаны Ресейдің барлық басылымдары жаппай жазып, мұрағаттарды ақтара бастайды. Нәтижесі жоғарыдағы 7 жасар қыз Людмила Пожедаева куәгер болған трагедия. Құпиясы кейін ашылған дерек бойынша 1941 жылы маусымның 29-ы мен тамыздың 27-сі аралығында Ленинградтан 395091 бала эвакуацияланып, солардың 175400-і кейін қайтарылған. 219691 баланың хабар-ошары белгісіз.
...Биылғы шілде айының орта кезінде ми қайнатар аптап буған Мәскеуден Псков бағытына қатынайтын купесі салқын, жайлы пойызға отырып ұлым Әлім, немерем Шыңғыс үшеуміз жолға шықтық. Түнгі сағат 2-де Лычково стансасына түсіп, онда село әкімшілігінің өкілі күтіп алып, жайлы жатақханаға орналастырды. Ертесіне село әкімшілігі басшысының орынбасары Антонина Петровна Михайлова келіп, жай-күйімізді білді, кеңсеге әкеліп село жағдайымен таныстырды. Аудандық әскери комиссариаттан тапсырма түскенін айтып, тиісті құжаттарды реттеді. Жеңіл көлікпен селоны аралата жүріп, азаматтық зиратқа алып келді. Ленинградтық балалар да, сол төңіректегі шағын көлемді бауырластар зиратынан қайта жерленгендер де осында екен. Биыл Жеңіс күні қарсаңында 24 жауынгердің сүйегі қазылып алынып, осында бөлек жерленіпті. Солардың тек үшеуінің ғана аты-жөні белгілі көрінеді.
Аудандық әскери комиссариат, селодағы іздеушілер отряды аудан аумағында әлі де бірнеше зираттың бар екендігін айтады. Оларды жаппай ашып, қайта жерлеуге мүмкіншілік аз, қаражат тапшы. Сондықтан жыл сайын 1-2 зиратты ашып, Жеңіс күні қарсаңында қайта жерлеу шарасы жасалады. Селоның өз ішінде құрылыс жүргізгендер немесе бақшалық жерін қазғандар жеке-жарым жерленген жауынгерлер мәйітін бүгінде де тауып алады екен.
Әскери-тарихи мұражай директоры Е.Дудниктің айтуынша, село маңындағы ормандарда соғыс жылдары немістер құрған миналар әлі де кездеседі. Олардың тұтандыру жүйесі түсті металдан жасалғандықтан, көп жылдар жер астында шірімей жататын көрінеді. Неміс қаруларын, ордендері мен телпектерін тағы да басқа заттарын заңсыз іздейтіндер, тапқандарын “қара базарда” қымбат бағаға сататындар кездеседі.
Қазір мұрағат материалдары электрондық жүйеге көшірілгендіктен, бұл жұмыс әлдеқайда жеңілдеген. Әр іздеуші интернет арқылы қажетті мәліметтерді алуына болады.
Ескерткіш мемориал зиратқа кіре беріс жерге жақын қойылған. Қызыл кірпішпен тақталап өрілген шағын алаңның басында автомат қаруына сүйеніп, тізесін бүгіп отырған жауынгер бейнесі мүсінделген. Екі қапталда әліпби ретімен тізілген 1133 жауынгердің (барлығы 1435 адам жерленген) аты-жөні, туған жылы, опат болған күні жазылған. Жерленген басқа 302 адамның кімдер екені белгісіз. Мұнда Солтүстік Батыс майданының 46 және 151-атқыштар бригадасының, 837-атқыштар полкының, 163-атқыштар дивизиясындағы 529-атқыштар полкының, 202-атқыштар дивизиясындағы 645-атқыштар полкі мен 652-артиллерия полкының, І Украин майданының 245-атқыштар дивизиясының 898, 901 және 904-полктарының жауынгерлері жерленген. Мемориалда аттары жазылған 1133 жауынгердің 211-і түркі тілдес елдердің азаматтары. Олар “Егеменнің” осы мақала шыққан бүгінгі (www.egemen.kz) сайтына салынғанын ескертеміз. Мұның тиімділігі мынада. Тізім интернетте тұрақты түрде тұрады. Жоғалмайды.
Бауырластар зиратын осындағы орта мектептің оқушылары қамқорлыққа алған. Жыл сайын зират маңы тазартылып, гүлдер отырғызылады. Жеңіс мерекесі, ленинградтық балаларды еске алу шаралары өткізіледі.
Біз Лычковоға барып қайтқан соң бір аптадан кейін Демьянск және Маревск аудандарының әскери комиссары подполковник А.В.Антроповтан электрондық поштамен хат алдық. Онда әкем Асылбеков Жақсыбектің анкеталық мәліметтері кезінде қате жазылып кеткені қуатталып, Новгород облыстық әскери комиссариатының және Кеңес Армиясы Орталық мұрағатының рұқсатымен енді ол түзетіліп, алдағы жылы Жеңіс күні қарсаңында мемориалдағы тізімде 67-ші болып жазылатыны айтылған және сол еске алу шарасына қатысуға шақырған.
Аманкелді ЖАҚСЫБЕКОВ, Астана.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза болып, Новгород облысы, Демян ауданының Лычково селосындағы бауырластар зиратында жерленгендердің жеке тізімі
(Жерленген 1435 адамның 1133-нің аты-жөні белгілі) – паспорт №36
Бізге беймәлім бейнелер Орыс отаршылдығы орныққан 300 жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқының олардың шексіз озбырлығына қарсы бағытталған қарсылығы бір сәт толастаған емес. Мысалы, ХІХ ғасырдың 30-70-ші жылдарындағы ұлт-азаттық қозғалыстың алтын діңгегі іспетті ең ірі көтерілісті қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы (1802-1847жж.) басқарды. Мұндай күресті Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлы (1774-1860жж.), Садық сұлтан Кенесарыұлы (1837-1910жж.) өрістетті. Кезінде осынау ел қамын жеген қайраткерлеріміздің қасында олардың барлық игі бастамаларына риясыз қолдау көрсетіп, қолынан келгенше көмек жасаған және ортақ жауға қарсы иық түйістіре ұрысқа түскен өз өңірлеріне белгілі тұлғалар да аз болған жоқ. Осы бағытта Сыр өңірінен шыққан Пірәлі би (шамамен 1800-1880 жж.), Түбекбай батыр (1833-1895жж.), Қожеке батыр (1814-1895жж.), Молдашер ахун (1825-1904жж.) сияқты адамдарды айтуға болады. Өйткені, олар туралы ел жадынан әлі жоғалмаған ауызша мұраны тарих шаңынан аршылған деректермен толықтырып, жарыққа шығару – ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу ісіне жауап бермек. Аталған арыстардың өмірінде Садық сұлтанның азаттық үшін алысқан жорықтағы алатын орны елеулі. Әкесі Кенесарының Ресей империясына қарсы күресін жалғастыруды өзіне ұлы міндет санаған Садық Қазақстанның оңтүстігінде, Орта Азия хандықтары аумағында отарлаушыларға табанды қарсылық көрсетті. Оның 1864-1866 жылдары Қоқан, 1867-1869 жылдары Бұхар, 1869-1973 жылдары – Хиуа хандықтары әскерлерінің сардары ретінде Ресей армиясына сан мәрте соққы ұйымдастырып, үлкен шығын әкелгендігі туралы мысал өте көп. Талантты қолбасшы Садықты 1868 жылы маусым айында Бұхар әмірі Мұзаффар Қызылқұмдағы қазақтар мен Бұхар хандығының солүстік-батыс бөлігіндегі барлық көшпенділерге, ал 1869 жылдың аяқ кезінде Хиуа ханы Әміре Әмударияның шығысынан Бұқантауға дейінгі аралықтағы, Мыңбұлақ, Дәуқарадағы қазақтар және қарақалпақтарға басшы етіп тағайындайды. 1866-1873 жылдары Садық сұлтан Қызылқұмдағы, Жаңадария мен Қуаңдария бойындағы қазақтардан қайта-қайта қол жинап, әскери қорын осы өңірдегі ат-көлік, азық-түлік, жабдық-сайманмен толықтырып отырғаны дәлелдеуді қажет етпейтін нақты жайттар. Ресей әскерлері тықсырған Садық 1874 жылы Қашқарияны паналайды. Осында 1877 жылдың күзінде Қытай шеріктерінің Қашқар шаһарына жасаған шабуылына қол бастап қарсы тұруы, сол қолынан алған жарақатына қарамай ұрысты аяғына дейін жалғастыруы саңлақ сардардың қаһармандығы мен ерлігінің тағы да бір тамаша үлгісі іспетті. Қашқар әскерлері жеңілген соң барар жер басар тауы қалмаған сұлтан 1874 жылы Ресей әкімшілігінің рақымшылығымен Шымкент шаһары маңайындағы Арыс өзені бойына қоныстанып, өмірінің ақырына дейін бейбіт тіршілік етті. Енді: “Пірәлі би, Түбекбай мен Қожеке батырлар және Молдашер ахун кімдер еді? Олардың өмір жолы қандай?” – деген мәселеге тоқталайық. Бұлардың барлығы қазақ жерінің тұтастығын сақтауда жоңғар-қалмақ, қарақалпақ, орыс отаршылдарымен болған соғыстарда аты шығып, ел билігіне араласқан арқалы да әруақты батыр Жолай жасауылдың (шамамен 1700-1770жж.) ұрпақтары. Көрнекті ғалым Ж.Қасымбаев Жолай батырдың кезінде Әбілқайыр ханның ерекше тапсырмаларын орындайтын сенімді өкілі болғандығы туралы дерек келтіреді. Ал Республика Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі С.Толыбеков болса, өзінің “Общественно-экономический строй казахов в ХVІІ-ХІХ веках” атты еңбегінде: “Кіші жүздің ірі Бекет аталығынан көрнекті батырлар мен билер шыққан. Мысалы батыр әрі би Кетебай, оның інілері Мырзабай мен Еншібай”, – деп көрсетеді. Аталған үшеуі де жоғарыда аталған Жолай батырдың балалары. Сондай-ақ, біз айтып отырған Пірәлі би Кетебай бидің, Түбекбай батыр мен Молдашер ахун Еншібайдың немерелері болса, Қожеке батыр Мырзабай батырдың кенжесі. Пірәлі би Өтетілеуұлы қазіргі Қызылорда облысы Қарақ тауы маңында дүниеге келеді. Әкесі Өтетілеу беделді би болған кісі. 1841 жылы хан сайланған Кенесары қазақ даласында сот-құқықтық реформа жүргізу барысында Шөмекейдің бас биі етіп Өтетілеу Кетебайұлын тағайындайды. Әкесінен кейін ел билігіне араласқан Пірәлі Қоқан, Хиуа хандықтарының қазақ ауылдарының малдарын барымталауы, адамдарын тұтқындауы және басқа да өктемдіктерінен туындаған даулы мәселелерді бейбіт шешуге ат салысып, орынсыз қантөгісті болдырмауға тырысқан ел ағасы. Мұрағат қағаздарында қалған нақты бір дерек: Рысмұхамед бидің қазақ даласында орын алған көтерілістер жайлы Орынбор шекаралық комиссиясына 1857 жылдың 8 мамырында берген мәліметінде Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының Пірәлі биге өтініш жасап Бұхар әміріне оқ-дәрі, астық сұрауға жібергені айтылады. Сондай-ақ зекет бермеген қазақтардың 1200 жылқысын айдатып алған Хиуа ханына 1858 жылғы 16 маусымда жіберілген арнайы елшілікті Пірәлі би бастап барады. 1850 жылдардың ортасында қалыптасқан әскери-саяси жағдайды пайдаланып, орыс әскері Қазақстанның оңтүстігінде белсенді соғыс әрекеттеріне көшті. Олар жаулап алған жерлердегі қазақтардың отаршылардың қысымы мен жүгенсіздігінен қашып шет жерлерге көшуі басталды. Кіші жүз қазақтары билер Пірәлі Өтетілеуов пен Әли Мүсіреповтің басшылығымен 200 ауыл Бұқар мен Хиуа иеліктеріне қоныс аударды. Бұл көштің 1863 жылдың маусым айында жүзеге асқаны жөніндегі құжаттар мемлекеттік мұрағатта сақталуы. 1867 жылғы 3 мамырда Жаңадарияның сол жағасына Бұхар жақтан Садық сұлтан және Пірәлі би бастаған 1000 сарбаз келген. Бұларға қарсы Сыр бойындағы №1 форттан есаул Анчоковтың орыс әскері шығады. Қазалыдан 143 шақырымдай жердегі Сарбұлақтың маңайында 7-9 мамырда екі жақтың қатысуымен үлкен шайқас өтеді. Садық сұлтан мен Пірәлі би жағында шайқасқан Түбекбай, Қожеке батырлар мен Молдашер ахун, Пірәлінің баласы Алмас бастаған сарбаздар отаршыларды көп шығынға ұшыратып, шегінуге мәжбүр етеді. 1871 жылы тамыз айында Ресей билігінен бой тасалап Бұхар хандығына қарайтын Тамды өңіріндегі Ащықұдыққа келген Жапар Кенесарыұлына Пірәлі би қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл бабамыздың ХІХ-ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамында алатын орны елеулі. Оған бидің Ресей мен Бұхар хандығы арасында жүрген керуендерге ресми рұқсат беретін мөрі (1860 жылы жасатқан) болғаны нақты дәлел. Өйткені, мөр ежелден өзін-өзі басқару дәстүрінің жарқын белгісіне баланған ғой. Келесі саңлақ тұлға Түбекбай батыр Нәзікұлы қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Сыр өңіріне көз алартқан жат жұрттықтармен соғыстарда батырлығымен жастайынан көзге түскен. Ерліктері үшін алмас қылыш, дегмент белбеулермен марапатталған. 1860 жылдары Пірәлі би бастаған көш құрамында Қызылқұмға орналасады. Бұхар әмірі Абдул Мұзаффар Түбекбай батырды мемлекеттік қызметке қабылдайды. 1869 жылға дейін Кермене, Тұзақ, Қалқан ата қалашықтарында бек лауазымдарында болғаны ұрпақ жадында. Осы кезеңде батырдың өмір жолы Ресей отаршыларына қарсы ымырасыз күрескен Садық сұлтанмен тығыз байланыста болады. Даңқты сардардың Жызақ, Самарқанд, Нұрата мен Кермене қалалары үшін орыс әскерімен болған соғыстарына Түбекбай батыр белсене қатысады. Сұрапыл шайқастар салдарынан Садық әскерінің жеңіліс тапқаны мәлім. Шегінген сұлтан Бұқантаудағы Түбекбайдың ауылында үш ай жатып, алған жарақатынан емделіп алған соң Хиуа ханы Әміреге жолығады. Түбекбай батыр да 1870-1873 жылдары сондағы Үргеніште мемлекеттік қызметте болады. 1873 жылы мамыр айында генерал Бардовский мен полковник Ломакин басқарған Ресей әскерінің Хиуаға жасаған шабуылына қазақтар мен түркімендерден тұратын Садық жасақтары қарсы тұрады. Міне, осы жерде күші басым жаудан әскербасы Садықтың түбегейлі жеңіліс тапқаны ащы да болса шындық. Ақырында, алты жыл ат үстінде жүрген Түбекбай батырдың сол Хиуадан Қызылқұмдағы еліне қайтуы тарихта қалған айтулы оқиғалардың бір жүлгесі. 1880 жылдардың екінші жартысында Садық төре Шымкент уезінен Қызылқұмға Түбекбай батырды іздеп келеді. Екеуінің дауыстап жылап көріскенін, бірі айтып бірі тыңдап ұзақ таңды көзімен атырғандарын көрген қариялардың әңгімесі әлі ұмытыла қойған жоқ. Сол келісінде Садық сұлтан 20 күн қонақ болып, Қызылқұмды әбден аралаған. Оның Қашқар қаласын қорғау кезінде оқ тиген сол қолының баланың білегіндей болып қалғанын көрген батыр жарақат орнын “періште ғой” деп ырымдап, өзінің баласы Шахизатқа (1885-1965жж.) сүйгізіпті. Түбекбай аға ретінде Садықтың алдына төрт түлік мал салып, екі күндік жерге шығарып салған. Сайын даланың ардақты ұлдарының артына қалдырған үлгі-өнегесі, міне, осындай. Қазақ жерін басқыншылардан қорғап, ел билігіне араласқан арқалы ердің тағы бірі Қожеке батыр. ХІХ ғасырда Қожеке Мырзабаев пен Пірәлі Өтетілеуов бастаған Жолай ауылдары Жаңадария мен Қуаңдарияның орта және төменгі ағысындағы Ақарал мен Сарыөзек мекендеріне қоныстанған. 1835 жылы алым-салық жинауға келе жатқан хиуалықтарды қарт Мырзабай батыр өз ауылдастарымен Қызылқұмдағы Бестөбе деген жерде тосып алып, аяусыз соққы берген. Көптеген жау жас Қожекенің қолынан қаза тапқан. Осыдан кейін оның батырлық даңқы елге жайылған. Қожеке батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының Қуаңдария бойындағы Хиуа бекіністеріне жасаған жорықтарында (1844ж., 1847ж.) белсене қатысқан. Ол қазақ халқының ар-намысына тиіп, шексіз озбырлық жасаған Бабажан, Қожанияз сынды бектерді лайықты жазалауды жүзеге асырушылардың бірі. Садық Кенесарыұлы Жаңадария мен Қуаңдария бойына (1867ж., мамыр, 1870 ж., ақпан) келгенде біз сөз етіп батыр үнемі оның сарбаздары қатарында болған. Оның қарапайым халықтың қорғаны, оларға пана болғаны жөнінде деректер мұрағаттардан алынып жарық көрген немесе ауызша әдеби мұраларда баршылық. Мысалы, дарабоз ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының “Көңіл гүжім дарақтай” атты туындысында мынадай жолдар бар: Би Пірәлі, Қожеке - Қаршығасы еді ол ердің, Қазға деп салса Қу алған”. Ал ақын Шегебай Бектасұлы: “Қожеке өтті, Қалдан тұр, Хан, қаралар көңілі, Қамшысынан шерленген”, – деп толғайды. Бұл айтылғандарға не алып-қосуға болады? Расы осы. Ресей билігіне түбегейлі қарсы болған тағы бір тұлға ғұлама, ағартушы Молдашер ахун Жамұратұлы қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ол Бұхарадағы Көкілташ медресесін, оның жанындағы жоғары оқу орнын тәмәмдап “ахун” шатырхатын алған. Сонымен қатар Молдашер жауырыны жерге тимеген балуан да. Орынбор, Ырғыздан Бұхараға қарай керуен жүргізіп отырған. Оның керуеніне ешкім жақындай алмаған. Ресей билігінің отарлау мүддесін көздейтін залым саясатына наразы болған баба 1868 жылы өзіне қарасты ауылдармен Қызылқұмға көшіп, ел игілігі үшін тыңнан құдықтар қаздырады. Сол құдықтардың ізі әлі бар. Қай жерде жүрсе де қазақ балалары үшін мектеп ашып, молдалар ұстаған. Дәулетті және беделді кісі ретінде Ресей отарлаушыларына қарсы бағытталған Жанқожа батыр, Садық сұлтан көтерілістеріне материалдық және рухани көмек көрсетіп, әскерлеріне сарбаздар жасақтап жіберіп отырған. Молдашердің ағартушылық қызметі, отарлаушылармен күресті белсене қолдауы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы теңізіне қосылған тамшыдай болса да үлес деп білеміз. Төл тарихымыздағы ақтаңдақтарды азайтуға, ұлттық мәдени мұраларымызды тиянақты зерттеп-зерделеуге, бұрын ақиқатқа баланған дүниелерді жаңаша таразылауға, күштеп таңылған тұжырымдамаларды қайта пайымдауға азаттықтың арқасында қолымыз жетті. Қазақстан бүгінде өрісі өркендеп, көсегесі көгерген мемлекет. Асқар таудай мұнартып тұрған жоғарыдағы аталарымыздың асқақ рухы Қазақ елі тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтауға шақырып тұрғандай. Қали ОМАРОВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті. Қызылорда. Жаңғырық Әкем Мамықтың ағасы Қырбасов Садық Ұлы Отан соғысы жылдары хабарсыз жоғалып кеткенін естіп өстік. Дастарқан басында оқылатын дұғаларға әкем ол кісінің атын қосқан емес. “Ағам тірі, әлі-ақ бір хабары шығады”, – деп отыратын. Сенімі сондай берік еді. Кейде көңілі босап: “Пәленше айтты, поезда көріпті. Екі аяғы жоқ екен, бізді сұрапты”, – деп өзінше көңілін жұбататын. Сөйтіп бәріміздің көкейіміздегі: “Тірі болса, осы уақытқа дейін неге келмейді?” – деген сауалға жауап іздейтін... Садық көкем соғыстың алдында үйленген екен. Әйелі Пәшира соғыс біткенше күтіпті. Алданыш болар бала да жоқ. Әрі: “Аға өлсе, іні мұра”, – деп менің әкеме әмеңгерлікпен қоспақ болған үлкендердің сөзіне бұл кісі: “Ағам тірі. Келеді. Кебін емес, кебенек киіп кеткен”, – деп, көнбепті. Содан жұртқа көз түрткі болып қашанғы отырсын, жеңешем теңін деуге келмес, жөнін тауып, басқа біреумен бас қосысып кете барыпты. Әкемнен Садық көкем жайлы ештеңе сұрамайтынбыз. Ескі жараның аузын тырнап қайтеміз: “Тірі болса, келер”, – деп біз де сенуге тырыстық. Тұтқынға түскен сатқын деуге қимасам да мен де кейде қиялға ерік беріп: “Көкем шетелде шығар, бірде ауқатты туыстарым сол жақтан бізді іздеп келер”, – деп күтетінмін. Ғаламтордан Кырбасов Александр деген жігітті тауып алып: “Менің туысым емеспісің?” – деп сұрағанымда, ол күлген болатын... Ағасынан бір хабар ала алмай, зиратына бір уыс топырақ сала алмай, әкем де өтті фәниден... Орнына келер, келеді бәрі орнына, Жібітер уақыт жүректегі тоңды да. Алдыңғының үлгермеген істері Аманат боп қалдырылар соңғыға. Келемін, әке, соңыңнан еріп келемін, Мейіріміңе қанып өскен төл едім. “Әкең жақсы кісі еді”, дегенге, Жүрегімнен шуақ бөліп беремін..., деп тарқатқандай, әкемнің бауырына деген сағынышы бізге аманат болып қалды... Алты жыл бұрын елді жиып, әке-шешеме ас бергенде, Садық көкеме де қатым құран түсірдім. Көкемнің жұмыр жердің бетінде жоқ екенін сол жолы тұңғыш мойындадым. “Ресейдегі әскери мұрағат ОБД-мемориал сайтында Ұлы Отан соғысына қатысты деректерді электронды жүйеге түсірді”, – дегеннен бастап, мен де әкемнің ағасын іздей бастадым. Үш жылға тарта уақыт бойы ОБД-мемориалды көзден таса қылмадым. Дерек сол баяғы, “1942 жылдың желтоқсан айынан хабарсыз” дейтін жалғыз сөйлем ғана... Солай болса да: “Көкемнің бір хабары шығып қалар”, – деген үмітімді еш үзбедім. Тіпті, түсімде де іздейтін болып алдым. Кейде адам түсінігіне сыя бермейтін “кездейсоқ жайттар” да орын алып жатады. Жазылып қойған, қойған-ау, бәрі жазылып... Шарқ ұрғаныңда, шешім бір таппай сабылып, Талайды кезіп, кездестірмеген дүниең Жатады аяқ астынан кейде табылып, Жазылып қойған, қойған-ау бәрі жазылып. Иә, басқаша болуы мүмкін де емес сияқты... Бірде, күндегі әдеттен тыс, таңғы сағат 5-тің кезінде ғаламторға кірдім. ОБД-ны қарадым. Сол баяғы... Біраздан соң, менің ертелетіп компьютерде отырғаныма таңырқай, күйеуім келді қасыма. Көкемді іздеп отырғанымды айттым. “Соғыс кезінде құжаттарды толтырғанда қате кетуі мүмкін-ау”, – деген ой келді бізге. Енді “Қырбасов Садықтың” орнына “Кирбасов”, “Карбасов”, “Крбасов” деп іздеп көрдік. Нәтижесіз. Сосын көкем соғысқа аттанған Сайрам әскери комиссариатынан 1942 жылы майданға кеткендердің тізімін сұрадық. Қиын жұмыс екен. Іздеуді ары қарай күйеуім жалғастырды. Таңертеңгі шай үстінде: “Бірдеңе таптың ба?” дедім. Күйеуім: “Садық” деп атын ғана беріп, іздеп көріп едім, бір кісі шықты, “Курбасов” деген. Туған жылы да сәйкес, бірақ, Ақтөбеден сияқты”, – дегені... Ол біздің ауылдық кеңес бұрын “Ақтөбелік” деп аталғанын білмеуші еді. Қуанғаннан, жылап жібердім. Дереу ғаламторға кірдім. “Курбасов Садык.., Байрамский РВК.., Тувалинский район.., ст. КурКурСвай... убит в бою” – деп тұр. Көкем 1942 жылдың 27 қарашасында Ржев түбінде оққа ұшыпты да, сол майдан даласындағы бауырластар зиратында жерленген екен... Алғашқы әсер сол, бұл кісінің хабарсыз емес екеніне, көмусіз қалмағанына қуандым. Сатқын ретінде атылып кетпегенін, неміс тұтқынында аштан өлмегенін көңіліме демеу тұттым. Құлақ тұнатын зеңбірек дүмпуі астында қарша бораған оққа қарсы ұмтылу оңай емес шығар. Құдай оның бетін аулақ қылсын. Көкемнің Отан қорғау жолында шейіт болғанын мақтан тұттым, Аллаға шүкіршілік еттім... Десек те, көз жасым тиылмады. Өзім көрмеген, мен туғаннан көп жыл бұрын қаза болған көкемді іштей егіле жоқтадым. Өлгеніне 68 жыл өтсе де, оны ешкім жоқтап жыламаған еді. “Тірі” деп сенген болатын... Көкемді таптым. Ендігі ой – басына барып қайту болды. “Хабарсыз кеткен” деген жазбаны түзетпек боп, Қорғаныс министрлігіне қоңырау шалдым. Ондағылар маған: “Тапқан болсаңыз, басына барып қайтуға үкімет жәрдем береді, жергілікті әкімдікке өтініш жазып, құжаттар өткізіңіз”, – дегені. Бұл бір үлкен демеу екен. Солай еттім. Өтініш беру мерзімін көрсетіп жатып, “кездейсоқ жайтқа” таң қалдым. 24 маусым... Көкемнің майданға аттанған күні. Ал менің шырт ұйқыдан оянып дерек іздеуімнің нәтижелі болған күні, тіпті, сағаты – соғыстың басталған күні... Мүмкін, мән беруге тұрғысыз нәрсе шығар, дегенмен, қызық... Көкем қатысып, қаза болған “Марс” операциясы туралы іздене бастадым. Сұмдық шайқас болған екен, ол қырғыннан тірі қалу еш мүмкін еместей... Қазақта “ қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді” деген сөз бар ғой. Кім біледі, бәлкім, тірі қалғандар бар да шығар. Әйтсе де, көкем құрамында болған 20-армияның әскері түгелдей дерлік жер жастанған... Талап бойынша құжаттар жинап, үлкен ұлымды ертіп, Ржев түбіндегі Зубцов қаласына аттандым. Жергілікті әкімшілік жақсы қарсы алды. Көлік және жолбасшы бөліп, көкемнің оққа ұшқан жеріне алып барды. ОБД-да жерленген жері: “Соғыс алаңы, Холм-Березуйский деревнясынан шығысқа қарай 500 метр”, деп көрсетілген еді. Қазір ол деревня жоқ. Орны тып-типыл, егіс даласы, ну орман арасындағы ашық алаңқай. Ауылдан ала барған бір уыс топырақты шашып, құран оқыдық. Және ол жердің бір уыс топырағын ауылға деп алдық. Соғыстан кейін көптеген бауырластар зираты үлкейтіліп, мәйіттер қайта жерленген екен. Біразын араладық. Көкемнің атын ондағы тізімдерден кездестіре алмадық. Ал ОБД мәліметтерінде ол кісімен бірге жерленді деген тізімдегі қаруластарының дені Зубцов қаласындағы “Московская гора” мемориалды кешенінде көрсетіліпті. Соны негізге ала отырып, көкемнің атын да осы тақтаға жаздырттық. Бұл бір біткен шаруа болды. Зубцов қаласында іздеуші отрядтардың “Долина” бірлестігіне соқтық. Өз құрамына “Память”, “Звезда”, “Взвод” отрядтарын топтастырған олардың “Долина” бірлестігіне “Ресей патриоты” атағының иегері Беляев Григорий Николаевич жетекшілік етеді. Гриша ағай жасы алпысты еңселеген қағылез кісі. “Осы жұмыспен ес білгелі айналысып келемін. Әр сарбазды тапқан сайын Жеңістің оңай болмағанын түсінесің. Біз оларға мәңгі қарыздармыз. Бейбіт күніміз үшін, жастығымыз үшін, ойнап-күлгеніміз үшін, еркін өміріміз үшін... Сондықтан қазу жұмыстарында мұқият болуға тырысамыз. Бір шұңқырдан 70-80, кейде, одан да көп сарбазды табамыз. Әрқайсысының атын атағымыз-ақ келеді, бірақ ол мүмкін емес. Топырақты саусақ арасынан сүзгілеп өткіземіз. Солдат медальондарын іздейміз. Ол кезде сарбаздар арасында “ажал медальонын толтырған солдат тірі қайтпайды” деген наным болған. Сондықтан жауынгерлер медальонды толтыруға асықпаған, жаман ырымға санаған... Қанды қырғыннан аман шығамыз деген үміттерін үзбеген... Енді, міне, кімнің кім екенін ажырату мүмкін емес. Сол 70-80 кісіден 5-6 медальон ғана табамыз. Оның 2-3 ғана уақыт сынынан өтіп, иесі жайлы ақпарат беруге жарамды. Қалғаны бүлінген болып шығады. Сарбаздар санын анықтаудың да өз қиындығы бар. Бастарды бөлек, аяқ-қолдарды бөлек дегендей... Бір шұңқырдан күл-пәрше майдаланған сүйектер ғана шықты. Танк таптап өткен-ау”, – деп бір күрсініп алды да. Ары қарайғы әңгімені осында жабдықталған мұражайда жалғастырдық. Ауыр шайқастарға куә болған жәдігерлерде есеп жоқ. Біреудің қаламұшы, біреудің тасбиғы, біреудің кресі... Ал мынау образ-икона иесіне қорған бола алмаған... Мынау сабын әлі бұзылмапты. Гриша ағай француз далабын көрсетті. ““Made іn France” деп тұр. Санитаркадан табылды. Сарбаздардың біреуі немістерден иеленіп, қызға тарту еткен болар. Әйтпесе, ол кезде француз далабы қайдан болсын біздің санитаркада”, дейді Гриша ағай. Өз ойы ғой айтып тұрғаны. Бір әріптің қырсығынан хабарсыз боп кеткен көкемнің тарихын естіген жергілікті қарт: “Ондайлар өте көп болған. “Хабарсыз кетті” десе, отбасына жәрдемақы төленбеген. Ал ол деген соғыс кезінде көп қаражат үнемдеудің көзі еді. Сондықтан, бұл тарих – үлкен саясаттың көрінісі сияқты” дегені... Кімге – саясат, кімге – тағдыр тәлкегі десеңізші. Қайтар жолда Волоколамск қаласына соғып, даңқты жерлесіміз Баукеңнің ескерткішіне гүл шоғын қойдық. Подольск қаласындағы орталық әскери мұрағатқа соғып, іздестіру парағын тастадық. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай “Естелік” эстафетасын ұйымдастырып, қаржыландырып отырған Үкіметке ризашылығымыз шексіз. Сапардан алған әсеріміз мол. Перизат ҚЫРБАСОВА.