Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” антологиясына кіріспе сөзі
Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше. Данышпан Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең” деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында сәби дүниеге келгенде “бесік жырымен” әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде “жоқтау” айтып шығарып саламыз. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі күн жастарының тойы да “жар-жар”, “беташармен” өтетіні ата-баба салтына адалдықтың айқын көрінісі іспеттес. Орыстың тамаша ғалымы Г.Потаниннің “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған тұжырым болса керек.
Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музыкалық туындыларда кеңінен пайдаланылып, әлемнің ең әйгілі музыкатанушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Жобада Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстанның дәстүрлі ән мектептерімен қатар, Қытай мен Моңғолияда тұратын қандастарымыздың шығармашылығының көрініс тапқаны антологияда халқымыздың дәстүрлі ән өнерінің мейлінше мол қамтылғанының белгісі деп білемін.
Осы тұрғыдан келгенде қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармаларын тұтас қамтыған “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” бірегей жобасын ұлттық музыка мәдениеті тарихындағы айтулы оқиға деп бағалаймын. Жинаққа енген халық әндерін К.Байсейітова, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, М.Ержанов, Е.Серкебаев, Р.Бағланова, Б.Төлегенова сияқты саңлақ әншілерімізден бастап, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, Б.Тілеухан, Р.Стамғазиев және А.Қосанова сияқты кейінгі буын топжарғандарының нақышына келтіре орындауы жобаның құнын да, маңызын да арттыра түсетіні анық.
“Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” дегендей, менің де көңіл-күйдің ауанына қарай кейбір сәттерде домбыраға қол созып, ән айтатын, кейде көкейге келген келісті ойды көркем сөзбен қағазға түсіретін кездерім бар.
“Ел іші – өнер кеніші” дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері мың әнмен шектелмесі анық. Ендеше, жаңа жоба алдағы уақытта тың туындылармен толысып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жеткісіз мол музыкалық мұрасымен сусындата береді деп сенемін.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Қазақтың дәстүрлі 1000 әні
Арқа әншілік дәстүрінің кәсіби түрде дамуы Біржан сал Қожағұлұлы шығармашылығынан бастау алады. Қазақ әнін әуендік, ырғақтық, интонациялық тұрғыдан мейлінше байытқан Біржан туындылары – қазақ әншілік дәстүріндегі жаңа құбылыс, жаңа кезең. Көпшілігі кең тыныс, зор дауыспен шырқалатын үлкен диапазондағы Біржан әндерін мазмұндық-тақырыптық жағынан екі топқа бөліп қарауға болады. Біріншісі – ғашықтық, махаббат сырын шертетін, сұлулықты жырлайтын “Ғашығым”, “Ақтентек”, “Ләйлім шырақ”, “Мақпал” сияқты сыршыл әндері, екіншісі – өзі өмір сүрген қоғамдағы өнерпаз тағдырын толғайтын “Жанбота”, “Адасқақ”, “Теміртас” тәрізді туындылары. Әнші-композитордың бұрын айтылмаған “Біржан салдың соңғы әні”, “Қуандыққа”, “Мәті-Дәулен” сияқты әндері осы жинақта тұңғыш рет жарық көріп отыр. Осы аталған және мазмұндық-тақырыптық жағынан әр алуан болып келетін басқа да тамаша әндерімен Біржан сал қазақ музыка мәдениеті тарихындағы аса ірі тұлғалардың қатарынан орын алады.
Арқадағы әншілік дәстүрдің ендігі бір алтын діңгегі – Ақан сері Қорамсаұлы қазақ ән өнерінің арнасына тың ағыс қосқан тұлғалардың қатарына жатады. Әнші-композитордың нәзік лиризмге, толқынды ырғақ, сұлу әуенге бай, шалқыған кең тынысты шығармалары қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, тұғырын биіктете түсті. Ақан әндерінің тақырыбы да сан алуан. Әсіресе, оның көрікті әйел бейнесін, ғашықтық сезімін жырлаған “Ақтоқты”, “Балқадиша”, “Алтыбасар”, “Жамал қыз”, “Сырымбет”, “Мақпал”, т.б. әндері, сондай-ақ, жүйрік мініп, құс баптаған саятшы, серінің аты аңызға айналған тұлпарына (“Құлагер”, “Маңмаңгер”), қыран құсына (“Қараторғай”) арнаған шығармалары – дәстүрлі ән өнерінің інжу-маржандары. Әнші-композитор мұрасының кеңінен насихатталуына, әсіресе, Ж.Елебеков көп еңбек сіңірді. Антологияға Ақан серінің көпшілікке белгісіз “Ақан сері”, “Қара төбет”, “Қызыл гүл”, “Ақ саусақ”, “Ақтоқтының жеңгесінің әні”, “Көкшетаудың биігі”, “Құяң бел”, “Пар жектім” деген әндері де еніп отыр.
Арқа өңірінде өмір сүрген тағы бір айтулы әнші-композитор – Жаяу Мұса Байжанұлының қазақтың әншілік өнерін дамытуға, оны жаңа саз, өрнектермен байытуға қосқан үлесі мол. Жаяу Мұса әндері көркемдік бітімі жағынан мүлтіксіз және әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, жаңашыл сипатта болып келеді. “Ақ сиса”, “Көкаршын”, “Шолпан”, “Құлбай бай”, “Гауhар қыз” сияқты әндері қазақ ән өнеріндегі шоқтығы биік, қайталанбас үлгілер. Жаяу Мұса ерте сауат ашып, орысша хат таныған адам. Еуропаның музыкалық мәдениетінен біршама хабардар болғандықтан, біраз әндерінде қала әсерінен пайда болған марш, би ырғақтары да кездеседі. Осы антологияға оның жұртшылыққа бұрыннан белгілі туындыларымен бірге, қазір өте сирек орындалатын “Келдім сізге”, “Қос қанат”, “Сылқым соқ” деген әндері енгізілді. Сондай-ақ, осыған дейін Жаяу Мұсаның әні деп айтылып келген “Сұрша қыз” әні нақтылы авторы Балуан Шолаққа қайтарылып, Қосымжан Бабақовтың орындауында Б.Ерзаковичтің және М.Төлебаевтың жазып алған ноталары бойынша Жаяу Мұсаның өз “Сұрша қызы” қалпына келтірілді.
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың антологияға 12 әні енді. Оның айтулы әншілер орындаған әйгілі әндермен қатар, көпшілікке беймәлім “Өзгеге көңілім тоярсың” (А.Затаевичтің “Қазақтың 500 ән-күйі” жинағынан), “Сегіз аяқ” (2-ші түрі, Хабиба Елебекованың жеткізген нұсқасы бойынша), “Сұрғылт тұман дым бүркіп” (Ниязбек Алдажаровтың жеткізген нұсқасы бойынша) деген шығармалары қазіргі әншілердің орындауында алғаш рет ұсынылып отыр. Ұлттық музыка тілін өзіндік стильмен байытқан “Сегіз аяқ”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Қараңғы түнде тау қалғып”, “Көзімнің қарасы”, “Татьянаның әні” сынды әндері арқылы қазақ әніне соны әуен, өзгеше өлшем мен түр ала келген Абайдың жаңашылдық дәстүрін ғұлама ойшыл, ақын, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлы жалғастырды. Шәкәрімнің “Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек”, “Анадан алғаш туғанда”, “Жиырма үш жасымда”, “Ән туралы” сияқты әндерінің Абай шығармашылығымен өзектестігі айқын танылады. Ақылбай, Уәйіс, Берікбол (Ағашаяқ), Мұхамеджан, Шәкір Әбенов сияқты әнші-композиторлар да Абай, Шәкәрім салған үрдісті дамыта түсті. Олардың әндерін насихаттаушылар қатарында Келденбай Өлмесеков, Серікболсын Бекбосынов, Амангелді Жікенов, Санақ Әбеуов, Тельман Құжиманов, Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали сияқты әншілер бар.
Біржан сал, Ақан серілердің шығармашылық дәстүрімен сабақтасып жатқан Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы әндерінің тақырыбы алуан түрлі. Оның әндерінің көпшілігі ойнақылығымен, өзгеше екпін-ырғағымен ерекшеленеді. (“Қарақат көз”, “Толқын”, “Қызыл асық”). Бүгінгі күнге, негізінен, бір-біріне ұқсамайтын 4 түрлі нұсқада жеткен “Гәкку” әні Үкілі Ыбырай шығармашылығының шыңы болып саналады. Оның әндерінің бірден-бір жеткізушісі – өз ұрпағы Мұса Асайынов болса, халыққа кең таралуына әнші Қ.Байбосынов айрықша үлес қосты.
Арқа өңірінде қалыптасқан әншілік, сал-серілік дәстүрдің тағы бір өкілі Балуан Шолақ – өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихаттаушысы болды. Оның “Ғалия” (2 түрі), “Карон палуан”, “Дүние”, “Сентябрь”, “Жастық” сияқты әндері – қазақ музыкасындағы бай әуендік, құрылымдық өрнегімен көз тартатын айшықты туындылар.
Бір айта кететін нәрсе, бұрындары Жаяу Мұсаныкі делініп келген “Сұрша қыз” әні осы антологияда Балуан Шолақтың әні деп берілді. Әннің авторлығы, негізінен, Кенен Әзірбаевтың Б.Ерзаковичке өз аузынан жаздырған Балуан Шолақ әндерінің ноталық жазбасына, Сәбит Мұқановтың еңбектеріне және басқа да біраз деректерге сүйене отырып, қалпына келтірілді. Жинақтағы Балуан әндерінің қатары К. Әзірбаевтан жазылып алынған ноталық жазбалар бойынша орындалған тағы да бірнеше әнмен толыға түсті.
Қазақ ән әлеміндегі ең жарқын тұлғалардың бірі – Әсет Найманбайұлы. Арқадағы Ақан сері, Біржан салдың, Құлтуманың сұлу сазды әндерін бойына сіңіріп өскен Әсет Найманбайұлы Аягөз – Тарбағатай мен Жетісу өңірлерінің де ән дәстүріне ынта-ықылас қойып, өнер тағылымын алған. Әсет әндерінің поэтикалық сөз өрнегі ән әуенімен шебер ұштасып жатады. Оның құрылымы кемел, өрнегі бөлек “Қаракөз”, “Кіші Ардақ”, “Үлкен Ардақ”, “Қоңырқаз”, “Қысмет”, “Мақпал”, “Інжу-маржан” сынды әндері адамның жан-дүниесін тербейтін терең сезімге құрылған. Музыкалық мәдениетіміздің алтын қорына қосылған Әсет әндерінің көпшілігі жұртшылыққа жезтаңдай әнші Дәнеш Рақышев арқылы жетті. Жинаққа енген “Ахау, жалған”, “Жай толқын”, “Өтті-ау, дүние-ай”, “Хаулилау Қалқаш-ау” – Әсеттің осы күнде сирек орындалатын әндері.
Арқа әншілік, сал-серілік дәстүрінің соңғы өкілдерінің бірі Естай Беркімбайұлының есімі махаббат гимні іспетті әйгілі “Қорлан” әні арқылы аңызға айналды. Бұдан басқа, “Жайқоңыр”, “Бір мысқал”, “Назқоңыр”, “Юран-ай” сияқты әндері Б.Жылқыбаев, Ж.Елебековтердің орындауында өзіндік нақыш-өрнек, қайталанбас сыр-сипатын бұзбай жетіп, халқымыздың ән қазынасын байыта түсті.
“Қарқаралы”, “Қаракесек” сияқты барша қазаққа әйгілі сом алтындай кесек туындыларымен ұлттық музыка тарихында өшпес із қалдырған Мәди Бәпиұлы мен сырнаймен ән айту үрдісін қалыптастырушылардың бірі, “Майра”, “Толқыма”, “Бақша” сияқты терең сезім, мол сырлы тамаша әндер шығара отырып, қазақ ән өнерінде тұңғыш рет әйел-әнші бейнесін жасаған Майра Уәлиқызы да Арқа әншілік дәстүрін мейлінше көркейткен айтулы өнерпаздар еді.
Осы күнге дейін Жарылғапбердінің әні деп танылып келген “Шама” әні жинақта Шама Нұрұлы деген әнші-композитордың әні болып берілді. Бұл дерек А.Затаевичтің “Қазақтың 1000 әні” жинағынан алынды.
Сол сияқты Арқа өңірінде өмір сүрген Мұстафа, Сейітжан сал, Қанапия, Жарылғапберді, Ғазиз, Иманжүсіп, Шашубай, Тәуке сынды біртуар өнерпаздардың бүгінге жеткен бірде-екілі әндері де осы жинаққа енгізіліп отыр. Сондай-ақ антологиядан, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Дулатов, Қ.Аманжоловтардың туындыларымен қатар, Р.Елебаев, М.Ержанов, Б.Жылқыбаев, Қ.Бабақов сияқты кейінгі буын дәстүрлі әнші-композиторлардың шығармалары да орын алды.
Батыс Қазақстан әншілік дәстүрі. Батыс өлкенің кәсіби ән мектебі эпикалық дәстүр негізінде дамыған. А.Жұбановтың: “Қазақтың халықтық музыка мәдениетінде, оның ішінде, әннің дамуында жыршылар да үлкен рөл ойнады” деген пікірі ән мен жыр егіз ұғым саналатын осы өлкеге де қатысты. Батыс өңірдегі жыраулық-жыршылық өнердің жергілікті әншілік мектептің қалыптасуы мен өркендеуіне зор әсері болғаны анық. Ғұрыптық фольклор, қара өлеңдерден бастау алып дамыған мәтөк әндер, күлдіргі әндер, сағыныш әндер, қоңыр әндер деп аталатын лирикалық туындылар батыс өлке дәстүріндегі ән жанрының кең тақырыптық ауқымын көрсетеді.
Батыс кәсіби ән мектебінің негізгі тұлғасы – әнші-композитор Мұхит Мералыұлы. Мұхит әндері – диапазон кеңдігімен, ішкі мазмұнының тереңдігімен қазақ ән өнерін биікке көтерген аса бағалы мұра. Композитор шығармашылығында сол өлкедегі ерекше дамыған жыраулық-жыршылық өнер мен Батыс Қазақстанның сол кезеңдегі шырқау шыңына жеткен күйшілік дәстүрінің ерекше әсері болғаны сөзсіз. Себебі, әннің ішкі табиғатын, болмыс-бітімін, характерін ашуда домбыра сүйемеліндегі айшықты қағыстар үлкен рөл атқарады. Батыс Қазақстан ән-жыр дәстүріндегі домбыра сүйемелі аспапты кәсіби деңгейде шебер меңгеруді талап етеді. Өйткені, күйдегі дәстүрлі қағыстар, оң қол және сол қолдағы әртүрлі әдіс-амалдар ән сүйемелінің негізі болып табылады. Мұхит әндерінің бір алуаны орта диапазонды, қоңыр әндер болып келсе (“Алуаш”, “Дүние”, “Қолжетпес”, т.б.), “Айнамкөз”, “Зәуреш”, “Үлкен айдай” тәрізді туындылары – орындаушылық үлкен шеберлікпен биік шырқап айтылатын, кең тынысты, күрделі әндер. Жинаққа Мұхиттың 21 шығармасы енді, олардың ішінде сирек айтылатын “Қоқыш”, “Көк жар”, “Шандоз” деген әндері бар.
Батыс Қазақстан аймағының ән дәстүрі күні бүгінге дейін жете зерттелмей келгендіктен, осы өңірдегі небір тамаша әнші-композиторлар шығармашылығы елеусіз қалып келді. Бала Ораз, Қиса, Аманғали, Аухат, Сары, Қызыл, Молдабай, Өтеғали, Дәуке, Білек, Ажар, т.б. көптеген әнші-композиторлардың шығармалары дер кезінде жиналмауы себепті, көптеген әндер жоғалып, ұмыт болған. Олардың бүгінге жеткен бірде-екілі туындылары жинақталып антологияға енгізілді.
Батыс Қазақстан әндерінің бүгінгі заманға бұзылмай жетуіне зор еңбек сіңірген әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев болды. Мұхиттың әндерін оның немерелері Шайқы мен Шынтастан үйреніп, орындаушылық үлгілерін алған Ғ.Құрманғалиев өзінің ауқымды орындаушылық шеберлігі арқасында Қазақстанның Батыс аймағының ежелгі қара өлең үлгісіндегі халық әндерін кәсіби деңгейге жеткізді. Мәселен, ол “Әдемі қыз”, “Дариға” секілді халық әндеріне қайырма қосып, қосымша дыбыстар қолдану нәтижесінде бұл әндерге мол тыныс дарытып, кәсіби деңгейін көтерді. Ғ.Құрманғалиев – Мұхит дәстүріндегі әндердің шебер орындаушысы ғана емес, өзі де көптеген әндер шығарған тамаша сазгер. Оның мектебінен дәріс алған шәкірттері Қ.Бекбосынов, Ә.Еңкебаев, Қ.Құлышева, Қ.Рахимова, Ж.Сәрсенғалиев, Қ.Орашева, С.Таудаева, С.Рахметжанов, Г.Сүндетова, С.Абдрахманов, С.Жанпейісова, т.б. әншілер батыс ән дәстүрін жалғастырушы ізбасарлары болды. Ел ішінен шыққан асқақ әншілер Қ.Жұмалиев, М.Төрешов, Қ.Бердіғалиев, А.Ғұбайдуллин, Е.Мағазов, т.б. әншілер – батыс өлкеде қалыптасқан әншілік дәстүрдің айтулы өкілдері.
Маңғыстау әндері жалпы Батыс әндерінен домбыра қағысының, әуен екпінінің жайлығымен ерекшеленеді. Маңғыстау жерінде XІX ғасырда “Жеті қайқы” деген атпен жеті өнерпаз өмір сүрген. Ол өлкеде “қайқы” деген сөз “сал-сері” деген мағынаны білдіреді. Қазіргі кезде Маңғыстау әндері деп айтылатын әндердің басым көпшілігі – әнші-күйшілігімен, ақындық, сазгерлік өнерімен елге белгілі Досат, Өскінбай, Тұрсын, Әділ, Жылгелді, Тастемір, Шолтаман сияқты әнші-композиторлардың шығармалары. Маңғыстау жерінде бұдан басқа Хамит, Бораш, Ақбала, Қазихан, Смағұл, Қарабай, қосыла алмаған ғашығы Ақбөбекке арнаған әндерімен қазақ даласына белгілі болған Қайып Қорабайұлы деген өнерпаздар өткен. Маңғыстау әндерін осы күнге жеткізген Ізбасар Шыртанов, Күріш Тасболатов, Зәуреш Есбергенова, Жеткізген Сейітов, Бердіғали Срановтар болса, қазіргі кезде бұл дәстүрді Айгүл Қосанова, Елдос Еміл, Ақмарал Ерімбетова, Болат Шәулиев, Асанәлі Көшеров, Қыдырбай Жұмановтар жалғастырып жүр.
Жетісу әншілік дәстүрі. Жетісу жеріндегі ән өнерінің қалыптасуына да осы өңірде ерекше дамыған ежелгі ақындық-жыршылық дәстүрдің зор ықпал еткені анық. Осы өңірдегі мейлінше көп айтылатын қара өлеңдер мен халық әндері кәсіби әншілік мектептің қалыптасуына негіз болды. Зерттеуші-ғалымдар Жетісуда Арқадағы Ақан, Біржандармен замандас Дәурен сал, Тәкен сал деген сал-сері, әнші-сазгерлер өткенін, бірақ шығармалары сақталмағанын жазады.
Осы әншілік мектептің қалыптасуына ұйытқы болған дара тұлға Кенен Әзірбаев шығармаларының көбі негізінен өз орындауында жетті. Ұзақ жасап, артына мол мұра қалдырған Кенен әндерінің тақырып ауқымы мол, құрылым-пішіні жағынан да әр алуан, тынысы кең, әуені өрнекті, сан құбылған ырғақты келеді. “Бозторғай”, “Көкшолақ”, “Бұлбұлға”, “Базар-Назар”, “Алатау алабында”, “Тік шырқау” сияқты әсем сазды, сұлу нақышты әндерімен Кенен Жетісу өлкесінде қалыптасқан әншілік дәстүрді кәсіби биік өреге көтерген қазақтың бірегей әнші-композиторы. Жамбыл, Сарбас, Балуан Шолақ сынды белгілі әнші-ақындардан үлгі-өнеге алған Кенен Әзірбаев өз өмірінде жүзден астам әндер шығарған. Оның осы антологияға енген әндері, өзінен басқа, қызы Төрткен Кененова мен кейінгі жас әншілердің орындауында берілді.
Жетісуға аты әйгілі болған әнші-композитор Қапез Байғабылұлы Ыстамбұлда білім алып, туған жеріне оралған соң, мектептер ашып, бала оқытқан. Кейіннен саяси қуғынға ұшырап, репрессия құрбаны болады (1937 ж.). Қапездің бізге жеткен “Айхой”, “Дүние-ау”, “Қоштасу”, “Үш Меркі” деген әндері өзгеше әуендік сипатымен ерекшеленеді. Кезінде айтуға тыйым салынғандықтан, ұмытылуға айналған Қапез шығармаларын зерттеуші-ғалым Сағатбек Медеубекұлы, әншілер Ғалымжан Досанұлы, Рамазан Стамғазиевтар жеткізген болатын.
Осы өлкенің тағы бір белгілі әнші-композиторы Пішән Жәлмендеұлы, заманында әншілігімен, күйшілігімен, ел басқару ісімен белгілі болған. Пішәннің соңында жан-жары Ғайшаға арнап, абақтыға айдалып бара жатқанда шығарған екі әні және “Дүние, шіркін” деген әндері қалды. Пішәннің әндерін осы күнге жеткізген әнші-ақын Әсімхан Қосбасаров еді.
Жетісу жеріндегі әншілік өнердің тағы бір өкілі Сәдіқожа Мошанұлы болатын. Тағдыры шырғалаңға толы әнші-композитор 27 жасында туған елден жырақ Қытай жерінде дүниеден қайтты. Оның “Ахау, айым”, “Сары бидай”, “Сағынсаң, қалқа, өзің кел” сияқты өзіндік өрнек-нақышымен ерекшеленетін сұлу сазды әндерін осы күнге жеткізген – Дәнеш Рақышев.
Жетісудың оңтүстік жағындағы Шу өңірінде жасаған Сауытбек Ұсаұлы, әнші-композитор ретінде, қосыла алмаған арманды ғашығы Ақбөпеге арнаған әнімен белгілі. Автордың соңында қалған жалғыз ән болғанмен, “Ақбөпе” – сезім тереңдігімен, көркем де күрделі бітімімен дәстүрлі кәсіби ән өнеріндегі шоқтығы биік туындылар қатарынан орын алады. Осы күнге “Ақбөпе” әнінің екі нұсқасы жетті. Жинаққа оның бірі Жамал Омарованың, екіншісі Аяз Бетбаевтың орындауында кірді.
Жетісу өлкесінен шыққан және бір күміс көмей әнші, тамаша композитор Дәнеш Рақышев көптеген халық әндері мен халық композиторларының туындыларын тынбай насихаттап өтті. Әнші-композитордың “Саясында алманың”, “Жер сұлуы Жетісу”, “Аяулым менің, арайлым”, “Балжан-ай” сияқты әсем әуезді өз әндері де жинақтан мол орын алып отыр.
Бұл композиторлардан басқа Жетісу әндері жинақта Бармақ, Үмбетәлі, Шалтабай, Қарға, Көдек, Әсімхан, Қырбай, Көбейбай, Бұлша, Қымбат сияқты әнші-композиторлардың шығармашылықтарымен толықтырылды.
Жетісу әндері осы күнге Кенен Әзірбаев, Қуат Ниязбаев, Қанабек Райысов, Мұхтар Өтебаев, Серғали Әбжанов, Сәбит Оразбаев, Алтынбек Оразбаев, Төрткен Кененовалар арқылы жетсе, бұл дәстүрді кейінгі кезде Райымқұл Темірбаев, Ержан Қосбармақов, Рамазан Стамғазиев, Дүйсенбек Өміралиев, Ақан Әбдуәлиев, Тілеулес Құрманғалиев, Ардақ Балажанова, Жазгүл Даңылбаева, Ерболат Шалдыбеков, Нұргүл Әлқожаевалар насихаттап жүр.
Сыр өңірінің әншілік өнері бұл антологияда халық әндері “Көкшетау”, “Долана”, Андағұл Балқы Дайрабай, Нартай, Ешнияз сал, Күмісай, Тоғжан, Рүстембек жырау, Әбілда Жүргенбаевтардың туындыларымен көрініс тапты. Бұл әндерді Мұхамеджан Рүстемов, Құрманбек Бекпейісов, ел ішіне жыршы ретінде танымал Алмас Алматов, Елмұра Жаңабергенова, Ғазиза Шаймаханова, Сәбит Дабыловтар орындайды.
ҚХР-дың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтарының жинаққа енген кәсіби әндері – атажұртқа бейтаныс халық әндерінен, сондай-ақ, Таңжарық, Аппақ, Сұлубай, Бүркітбай, Төлеухан, Жұмахан, Құмарбек Көпенұлы, Рәфиық Домбаев, Шәушекей Керімқызы деген әнші-композиторлардың шығармаларынан тұрады. Бұл әндерді Әмина Нұғманова, Керім Елемес, Алтынкүл Бапарқызы, Сағадат Мырзахметұлы, Гүлзира Бөкейханқызы, Шәбә Әденқұлқызы, Айнұр Қалайқызы, Майра Қайратқызы, Думан Оралбай, Арай Асқап сияқты әншілер орындаған.
Антологияны құрастыру барысында, бұрын-соңды естілмеген, немесе, қазірде ұмытылып бара жатқан көптеген ескі әндер табылды. Мәселен, “Арыстанның әні”, “Нүркейдің әні”, “Соқыр Қақпанның әні”, “Қайран Алтай-Марқакөл” деген әндер қазіргі әншілердің репертуарларында мүлде кездеспейді. Сондай-ақ, бұрын көп айтылмаған “Иташтың әні”, “Көдектің әні”, “Кәштеннің әні”, бұрын белгілі болса да, жұрт құлағына әлі жете қоймаған “Бармақтың әні”, “Шыныбайдың әні”, “Қиясбайдың әні” “Қабыштың әні” сияқты біраз әндер алғаш рет осы жинақта жарияланып отыр.
Жинаққа ертеректе шыққан қазақ әндерінің ноталық жазбаларынан бұрын орындалмаған біршама әндер енгізілді. Мәселен, А.Затаевичтің “Қазақ халқының 1000 әні” жинағындағы Ахмет Байтұрсыновтан жазылып алынған халық әні “Кәмшат бөрік”, осы автордың “Қазақ халқының 500 ән мен күйі” кітабындағы Қаныш Сәтпаевтан жазылып алынған халық әндері “Ажардың сарыны”, “Бибігүл”, Б.Ерзаковичтың “Қазақтың ғашықтық әндер антологиясынан” халық әні “Ақ ерке”, “Ақжорғажан”, А.Бафинаның “Синьцзянь қазақтарының әндері” жинағынан халық әні “Ақ алма”, “Еу, айдай”, Т.Бекхожинаның “Қазақ халқының 200 әнінен” “Қанжан-ай”, “Қос күрең”, Р.Темірбаевтың “Қазығұрт әуендерінен” халық әндері “Абай көк”, “Гүл-гүл-ай”, “Еркем-ай”, т.б., сондай-ақ, жас зерттеушілер Б.Мүптекеевтің “Жетісу әуендері”, Б.Бәбіжанның “Қазақтың жүз қара өлеңі” жинақтарынан көптеген әндер кәсіби деңгейде орындалып, осы жинаққа енгізілді.
* * *
Сөз соңында “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” антологиясы бойынша атқарылған жұмыс барысына аз-кем тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. Әндерді жинақтау, саралауда құрастырушылар негізінен “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясындағы жүйені ұстанғанымен, кей ретте одан бас тартуға тура келетін жағдайлар да кезікті. Мәселен, халық күйлері болсын, халық композиторларының шығармалары болсын – қазақтың барша дәстүрлі күйі әр аймақта қалыптасқан күйшілік дәстүр, орындаушылық мектеп жөнімен жүйеленіп, топтастырылып берілсе, жинақтай келгенде, халық әндерінің басым көпшілігін қазіргі күнде дәл олай нақты мектеп, айқын дәстүрге бөліп-жіктеу мүмкін еместігі көрінді. Антологияда тек аты-жөндері белгілі, айқын әншілік дәстүр қалыптастырушы тұлғалардың шығармалары ғана, шартты түрде, өздері өмір сүрген өңір атымен аталатын кәсіби дәстүрлі ән мектебі аясында топтастырылды. Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағатында, Қазақ радиосының “Алтын қорында” сақталған көне үнтаспалардағы әндер, техникалық сапасы жарамды болған жағдайда, жинаққа, ең бірінші кезекте, алғашқы орындаушылар жеткізген нұсқада енгізілді. Әндерді жинақтау барысында айтарлықтай қиыншылықтар да кездесті. Мәселен, сол мұрағат, қорлардан бір әннің бірнеше атаумен, я болмаса әр әншінің орындауында түрлі нұсқада (вариантта) табылуы, ән сөздерінің қате айтылуы, немесе басқа әннің мәтінімен ауысып кетуі сияқты жағдайлар жиі ұшырасты. Бір негізден өрбіген ұқсас әндер мұқият тыңдалып, салыстырыла келіп, жинаққа әннің негізгі түпнұсқа деп танылған үлгісі ғана жіберілді. Құрылымында, әуенінде түпнұсқадан едәуір айырмашылықтары болған жағдайда ғана кейбір әндер сол түпнұсқаның варианттары (нұсқалары) есебінде таңдалып алынды (айталық, “Сегіз аяқтың”, “Қорлан”, “Топайкөк” сияқты әндердің екінші нұсқалары). Әр әншінің орындауында әр түрлі атаумен жүрген ән аттары бір ізге түсіріліп, мүмкіндігінше, ән мәтіндері толық, әрі дұрыс айтылған үлгілер ұсынылды.
Сонымен бірге, аттары ұқсас болғанымен, құрылымы, әуен, ырғағы бір-бірінен мүлде бөлек әндер де көп екені белгілі. Мәселен, “Сәулем-ай” аталатын әндер шоғыры. Бұл үлгілер әндер тізімінде бір-бірінен түр ретінде айрықшалап көрсетілді: “Сәулем-ай” (1-түрі), “Сәулем-ай” (2-түрі), т.с.с. Ал бір негізден өрбіген, айырмашылықтарымен қатар, ұқсастықтары да айқын тұрған кейбір әндер бір-бірінен нұсқа (вариант) ретінде ажыратылды: “Екі жирен” (1-нұсқа), “Екі жирен” (2-нұсқа) т.б.
Және бір ескерте кететін нәрсе, авторлығы күмәнды немесе кімнің шығармасы екендігі туралы музыка білгірлері анық бір пікірге тоқтаса қоймаған біраз әндер бұрынғысынша антологияда халық әндері қатарында берілді.
Мемлекеттік және жеке мұрағат, қорлардан жұрт құлағына әлі тие қоймаған немесе ертеректе жазылып алынып, кейіннен орындаушысы болмағандықтан, ұмытыла бастаған біраз әндер табылды. Бұл қатарға осы антология арқылы атажұртқа оралған шетел қазақтарының ән мұрасын да жатқызуға болады.
“Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” аталатын антологияда дәстүрлі ән үлгілері бұрын-соңды болып көрмеген көлемде, барынша мол қамтылып отыр. Дегенмен, халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жиған ән қазынасы осы мың әнмен шектеле қоймасы хақ. Әлі де болса, жоғалғанды іздеу, кемді толықтау – келешек күндердің үлесінде. Ал “қазақтың дәстүрлі әні” аталатын, көздің қарашығындай сақтар рухани асыл мұра, қымбат жәдігерлігіміздің қазіргі барын түгендеп, шашпай-төкпей, кейінгі ұрпаққа табыстау – бүгінгі біздің парызымыз. Қолыңыздағы дәстүрлі ән антологиясы – сол міндет-парыз үддесінен табылар ізгі қадам, түбегейлі еңбектің көрінісі.
Саида ЕЛАМАНОВА, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор,
Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, әнші, өнер зерттеуші, доцент,
Бағлан БӘБІЖАН, әнші, өнер зерттеуші,
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші, өнер зерттеуші.