Тәуелсіздік – тұғырлы туымыз
Бақытты өмір, жарқын болашақ бастамасы

...Отызымызда орда бұзып, қырқымызда қамал алу бізге серт
Әділет СЕЙСЕН, қаржыгер. Биылғы жылы Қазақ елінің өз тәуелсіздігін жариялап, көк байрақты туын тіктегеніне жиырма жыл толады. Бүгінде жасымыз отыздың ортасына келіп қалған біздің буын өзімізді сол ел тәуелсіздігінің жемісі деп білеміз. Өйткені, біз мектепті тоқсаныншы жылдардың басында, нақтылап айтқанда төл теңгеміз айналысқа еніп жатқан шақта бітірдік. Мектеп демекші, осы орайда өткен өмір, шәкірт шақ еске оралады. Өзімнен жасы үлкен апайым мен ағайым қазақ мектебінде оқыса, ал мен жетінші сыныпқа дейін орысша оқыдым. Оның бір себебі, мен мектеп табалдырығын аттағалы жатқан шақта жаңадан көшіп кірген үйіміз қазақ мектебінен қашықта болып шыққан. Содан мен алтыншы сыныпты бітіріп жатқан шақта үйішілік бір кеңесте менің алдағы тағдырыма байланысты келелі мәселе қозғалды. Яғни, онда мені қазақ мектебіне ауыстыру жайы күн тәртібіне қойылды. Қазақ мектебінің ұстазы ретінде бұл идеяның авторы шешей болатын. Ал әкем болса менің оқуым төмендеп қала ма деп кібіртіктей берген. Сөйтті де, дереу нақтылы бір шешімге келіп, «Қолыңа анау ручканы ал, қазақ тілінен бақылау жазасың», десін. Мен де қарап тұрмай, «ручканы ма, қаламды ма» деп сөз аяғын әзілге айналдырып жіберіп едім, әкем емтиханның осымен аяқталғанын айтып, енді менің қазақ мектебінде оқитынымды ресми түрде мәлім еткен. Сол жылы мен ауысып барған «Орбита» ықшам ауданындағы аралас мектепте жарылыс болып, бүкіл Алматы дүрліккені өз алдына бір әңгіме. Бақытқа бақытсыздық себепші болды деп орыс ағайындар айтпақшы, келер жылы бір жазда біздің №145 қазақ мектебі жаңа қонысқа жайғасып үлгерді. Мұны мен тәуелсіздіктің елең-алаңында болған елеулі бір оқиға ретінде еске алып отырмын. Әйтеуір, абырой болғанда, қазақ мектебінде де оқу үлгерімім төмендемеді. Соның айғағындай, мектепті бітірерде аттестатта тек қазақ тілі мен әдебиетінен ғана төрттік баға шықты. Шешей аталған мектепте директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болатын. Сондықтан әлгі төрттік бағаның бірін беске айналдыру соншалықты қиын шаруа емес-ті. Бірақ біз оған бармадық. Есесіне онымыз Алладан қайтты. Біреу сенер, біреу сенбес, мен жоғары оқу орнына түскелі жатқанда шындығында адам сенбестей мынадай бір оқиға болды. Яғни, менің қазақ тілінен бақылау жазуға соншалықты мықты еместігіме алаңдап жүрген әкем бұл шаруада «жаттықтырушылық» міндетті өз мойнына алды. Сөйтті де, алда хакім Абайдың 150 жылдығы келе жатыр ғой, ендеше бақылауды Мұхаңның «Абай жолы» роман-эпопеясынан жазайық деді. Айтқандай-ақ, емтиханда тура сол беттен диктант жаздық. Міне, солайша бағымның жанғаны бар. Содан өз таңдауыммен, отбасылық кеңестің қолдауымен экономист мамандығын иелендім. Одан кейінгі жерде қалалық, республикалық банктерде түрлі қызмет атқардық. Сондай бір банктің Мәскеудегі өкілдігі басшысының орынбасары болдық. Астанадағы үлкен бір құрылыс компаниясында қаржы жөніндегі директор, ал бұдан кейінгі жерде халықаралық аудиторлық компанияда қызмет істедік. Қазірде Алматыдағы тағы бір үлкен фирмада қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Бұл бірақ отызымызда орда бұздық деген сөз емес. Солай дей тұрғанмен, өз мамандығымыз бойынша еліміздің қаржы секторын қалыптастыруға қал-қадерімізше үлес қосып келе жатқан секілдіміз. Қайсыбіреулер банкир, қаржыгерлерді ауадан ақша жасайтындай көреді. Иә, табысымыз жаман емес. Десе де, біз де ел қатарлы өмір сүрудеміз. Оны айтасыз, үлескерлердің басына түскен қиындықтан өз басым да қашып құтыла алмадым. Яғни, баспанаға деп уақытында қаржы аударып қойғанмен, ол шіркініңіз талай жылдан бері бітіп болар емес. Әйтеуір, Елбасы тапсырмасымен республика Үкіметінің биылғы жылы бұл мәселеге нүкте қоямыз деп отырғаны көңіл сергітеді. Солай болып жатса шетелдердің біріне барып оқығымыз да келеді. Соған орай қажетті сынақтардан өтіп, енді Америка мен Жапониядағы мәртебелі жоғары оқу орындарынан хабар күтіп отырған жайымыз бар. Бұл ешкімге жалтақтамайтын, қолымызды өз аузымызға жеткізген тәуелсіздік арқасы. Иә, қырқымызда қамал алуымыз үшін оқымасқа болмайды. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық тойы қарсаңында ол ойымыз жүзеге асып жатса, арман бар ма! Қызымыз Әдемінің ғана емес, туған елдің болашағына атсалысу өзімнің абзал борышым деп білемін! Алматы.Халқымыздың қолөнері – сарқылмас бұлағым
Татьяна ТАЙШЫҚОВА, «Ханым» сән үйінің директоры. Қасиетті Тәуелсіздігімізді алған кезеңнен бастап халқымыздың ғасырлар бойы жинаған қазынасын шаң арасынан аршып ала бастадық. Соның бірі де, бірегейі де қазақ халқының ою-өрнегі, дәстүрлі ұлттық киімдері дер едім. Тәуелсіздікпен бірге менің шығармашылығым да басталды. Орыс мектебінде оқып, тілдік орта жұтаң қалада өскендіктен, қазақтың халықтық тігін өнерінен тым шетқақпай қалғанымызды сол кезде сезіндім. Қазақылықтың қаймағы бұзыла қоймаған Торғай өңірінен келген апаларымыз құраған көрпешелерде, сырмақта, олар ойған оюда халқымыздың қазынасы жатқанын білдім. Бұрынғы Жамбыл технология институтын бітірген жоғары білімді мен ісмер, қолөнерші апаларымның ең жақын шәкіртіне айналдым. Қазақ халқының ою-өрнегі туралы әдебиеттерді ақтардым. Ыбырай Алтынсарин бабамыз айтқандай, бұл іске «аш қасқырдай кірістім». 1992 жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы болғанда, сол шараға мен де «Жібек жолы» деген атпен шағын көрмемді апардым. Жер жүзіне тарыдай шашылған қандастарымыз құрақ көрпешені, оюлы қамзолды, қостанайлық зергерлер қолынан шыққан алқалар мен білезіктерді керемет қызықтады, тіпті өздерімен бірге алып та кетті. Мен сонда еркіндіктің, бостандықтың халқымыз үшін қаншалықты маңызды, Тәуелсіздіктің қасиетті ұғым, біздің халқымыз үшін сағыныш болғанын ұққандай едім. Содан бергі жиырма жылға жуық уақытта халқымыздың фольклоры менің шығармашылық жұмысымның темірқазығына айналды. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали ақын айтқандай, мен де қазақтың ұлттық киімдерін әрлендіруге, одан халқымыздың брендін жасауға қолдан келгенше үлес қосуға тырыстым. Қазақтың оюлы шапаны талай шетелдік мәртебелі қонақтардың иығына жабылды. Қазақ әйелінің ұлттық киімдерімен талайларды тамсанттық. Мәскеуде жыл сайын өтетін «Этно-Эрато» ұлттық киімдердің халықаралық байқауына 2005 жылы қатысып, ерлер мен әйелдердің ұлттық киім топтамасын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің барлығынан келген қатысушылар назарына ұсындым. Жақсы баға алды, осы шараның гала-концертінде де біздің айшықты топтамамыз сахна төрінен көрінді. Келесі жылы Мәскеуде өткен ұлттық костюмдер жоғары модасының VII халықаралық байқауында «Бәйтерек» атты топтамам дипломға ие болды. Одан кейінгі жылдары да көрші Ресейдің іргелес қалаларындағы конкурстарға және Алматыда «Сымбат» мода академиясы шығармашылығының 60 жылдығына байланысты өткен «Creative world» атты халықаралық беделді байқауларға қатысып, қазақтың ұлттық киімінің сұлулығын талай паш еттім. Осы байқауға келген ресейлік атақты модельер Вячеслав Зайцевке қазақтың шапанын сыйладым. Ол «осы шапан менің ұлттық киімдер топтамамның басы болады» деп баға берді. Халықтық өнер әр шығармашылық адамы үшін сарқылмас қазына. Ал қазақ халқының ою-өрнегінде философия тұнып тұр. Мен көп жылдар бойы студент жастармен жұмыс істедім. Жастардың модаға деген талғамын қалыптастыруға атсалыстым. «Айша бибі», «Қыз бен жігіт» атты ұлттық киімдер топтамаларым студент-жастардың ұлттық өнерді, фольклорлық стильді терең түсінуіне қызмет еткенін мақтан етемін. Қазақстанда көп ұлттың өкілі тұрып жатқандықтан. мен тек қазақ ғана емес, орыс, украин халықтарының да ұлттық киім топтамасын жасадым. Өзім басқаратын «Ханым» сән үйі алдыңғы жылы Челябіде өткен «Дефиле на пуантах» жобасына шақырылып, онда біз тіккен орыстың ұлттық костюмі топтамасын балериналар киіп көрсетті. Соңғы жылдары менің фольклорлық стильдегі топтамаларым алыс шет елдерде көрсетілуде. Өткен жылы біздің сән үйі тіккен қыз баланың ұлттық костюмі Италияда және Францияда өткен халықаралық фестивальдерден табысты оралды. Қазір балалардың киім модасы студиясын аштым. Шығармашылығыма шабыт берген Тәуелсіздікке қалай бас имеймін! Қостанай.