29 Наурыз, 2016

Ұшақ Астанаға апатты жағдайда қонды

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
в астане посадили самолетӨткен жексенбі, 27 наурыз күні таңертең Астана аэропортында төтенше жағдай орын алды. Қызылордадан ұшып келген Bek Air авиакомпаниясы Fokker 100 ұшағының алдыңғы шассилері елорда әуе алаңына қону кезінде шықпай қалды. Осыған байланысты экипажға тәуекелге бел буып, лайнерді алдыңғы доңғалақтарсыз қондыруға тура келді. Борт командирі апатты жағдайда жерге қону жөнінде шешім қабылдағанға дейін әуе кемесі аэропорттың үстінде 40-45 минуттай уақыт ұшып жүрді. Осы екі ортада жердегі қызмет түрлері машинаның жерге қонған кезінде қызып, жанып кетпеуі үшін қону-ұшу алаңын көбікпен толтырып үлгерді. Кейін жергілікті телеарналарға берген сұхбаты барысында эки­паж командирі Дмитрий Ро­дин өзінің 35 жылдық ұшу тә­жіри­бесінде мұндай жағдайдың бірінші рет кездесіп тұрғанын айтты. Ол ұшақты қондыру жөнін­де шешім қабылдай отырып, барлығын нұсқауға сәйкес жасауға күш салды. Мұндағы басты міндет негізгі доңғалақ­тардың табандары жерге тиген кезде «жерге бірден құлап кетпес үшін кабинаны ұстап қалу» болған. Ұшақ көбік төгіліп тасталған белдеуге қонғаннан кейін 25-30 метрдей жерді «тұмсығымен» сүзіп өте шыққан. Авиакомпания өкілдерінің айтуларынша, әуе лайнері қонар кезінде «барынша аз зақымға ұшыраған», соның арқасында борттағы 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесінің ешқайсысы зардап шекпеген. Содан кейін Астана аэропорты орын алған төтенше оқиғаға бай­ланысты бірнеше сағат жұмы­сын тоқтатуға мәжбүр болып, авиа­компанияның бірқатар рейстері кідіртілген. Елорданың әуе алаңында тө­тенше жағдай орын алғаны туралы дабыл көтерілген бойда Инвестициялар және даму ми­нистрі Әсет Исекешев сонда жетіп, соңынан экипаж мүшелерімен кездесіп, жағдайға қанықты. Ол өзінің сөзінде осындай қиын шақта үрейге бой алдырмай, бәрін үлкен шеберлік пен шыдамдылық деңгейінде атқарып шыққан, сөйтіп, әуе кемесін жерге аман-есен қондырған экипаждың ерлігіне жоғары баға берді. Қазір осындай үздік пилотаж үлгісін көрсетіп, үлкен шеберлік танытқан экипаж мүшелерін, әсіресе, оның ко­мандирін мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ұсыну жөнінде сөз қозғалып жатыр. Сонымен бірге, бас прокуратура ұшақтың апатты жағдайда қонуға мәжбүр болуына байланыс­ты қылмыстық іс қозғады. Ол «әуе көлігі қозғалысы және оны пайдалану қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы» бабы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрлігінің арнайы комиссиясы Bek Air авиакомпаниясы ұшағының Астана аэропортына апатты жағдайда қонуының себептерін анықтайтын болады. Мұрат АЙТҚОЖА.