07 Сәуір, 2016

Елбасы манифесі: Бейбіт өмірге үндеу

1158 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

МАГАТЭ777«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ

Жақында Вашингтонда болып өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші, яғни қорытынды саммит Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл­әлемдік қоғамдастық үшін де кезеңдік саммит болды. Өйткені, бұл жаңа сын-қатерлерді ой елегінен өткізіп, оған жауап іздеудің уақытына айналды. 2010 жылы АҚШ президенті Барак Обаманың бастамасы бойынша өткен жаһандық үнқатысу ядролық қауіпсіздік саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке алып келді. Өкінішке қарай, проблемалар да азайып кеткен жоқ. Халықаралық саясаттағы күрделі ахуал, санкциялық қарсы тұрушылық, тұрақсыздықтың жаңа ошақтарының пайда болуы мен «созылмалы жанжалдардың» қайта бықсуы ынтымақтастықтың жаңа пішіндерін іздеуге итермелеп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, нақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік бастамалары әлемге аса қажет жаңа леп әкелуде десек, шындықтан тым алшақ кетпегеніміз. Осы сөзіміздің айғағындай, саммит шеңберінде Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жария етілді. Бұл бағдарламалық құжат саммит алаңдарында кең көлемді талқылауларға арқау болса, енді, міне, қазақстандықтар тарапынан да баламасы жоқ бастама ретінде толықтай қолдау тауып отыр.

02-04-02Баға жетпес бағдарламалық құжат

Қазіргі таңда әлем­де қалыптасқан алма­ғайып ахуал ядролық қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарауға мүм­кіндік бермесі анық. Өйткені, алыс-беріс ар­тып өзара тығыз бай­ланысқа түскен мемлекеттер бір-бірінен тәуелсіз жағдайда өмір сүре алмайды. Сон­дық­тан оларды ойландыратын ортақ проблемалар да өте көп. Аспанасты, жер үстін мекендеген адамзат баласының бүгінде өзінің болашағына алаңдап, ши­рық­қан шиеленістердің шеші­мін табуға талпынып жатқан жайы бар. Тек қоғамдық-саяси тұ­рақ­тылық қана жарқын өмірді қам­тамасыз етуге жол ашатынын қазақ­­стандықтар жақсы біледі. Әлемнің әр шалғайындағы елдер арасында достық қарым-қа­тынас орнату уақыт талабына айналғанын ақыл-есі дұрыс әр адам түсінуге тиіс. Көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан ұлы мұраттарға ұмтыла отырып, бейбіт күн астында бесік тербеткеннен артық бақыт жоқтығын насихаттап қана қоймай, ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлеріне қар­сы күресуге қабілет­ті­лігін де көрсетіп келеді. Сарабдал саясат­тың сардары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық биік мін­белерден үнемі ізгі ниетті, игі идеялар көтеріп жүргенін көзіқарақты көпшілік жоғары бағалайды. Мына манифест те сондай бағалы бастамалардың жалғасы десек, қателеспейміз. Бұл – ең әуелі әлем әлеуетін әрқилы қиындықтарға қара­мастан, бейбітқатар өмір сүру­ге, рухани, адамгершілік асқақ сезімдерді құрметтеуге шақыр­ған аса маңызды бағдарлама. Мемлекетіміздің басшысы өткен ғасыр­лардағы қанды қырғын­дардан сабақ алып, алдағы уақыт­тарда соғыссыз әлем құру қажетті­гіне айрықша назар аударады. Оған озық ойлы қоғам өкілдері аса зор ықылас танытып отырғаны атар таңдай ақиқат. Қазақстан – алапат қарудан бас тартқан төрткіл дүниедегі тұң­ғыш ел ретінде басқалардың да өзінен үлгі-өнеге алуын қалайды. Сондықтан оның бұл қайырлы қадамына ешкім күдікпен қара­май­ды. Ілгеріде, атомды бейбіт мақ­сат­та қолдану бағдарламасын жүзеге асырып жатқан Иранға бәз­бір державалардың олар ядро­лық қару жасауға ұмтылуда деген жала жапқаны жасырын емес. Бұдан 25 жыл бұрын Қазақстан басшысы өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Содан кейін ғана ядролық державалар атом қаруын сынауға мораторий жариялаған еді. Ал былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақ­стан­­ның бастамасымен Ядро­лық қару­дан азат әлем құру жөнінде декларация қабылдағаны бәрімізге аян. Сондай-ақ, 2015 жылы Қазақ­станда Төмен байытылған ядролық атом банкі құрылды. Бұл біздің елі­міздің атом қуатын бейбіт мақ­саттарға пайдалануға мүдделі екен­дігін көрсетсе керек. Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың осынау манифесі Азия, Еуропа және Африка елдері сая­саткерлерін демилитаризациялау бағытына қарай қадам жасауға итермелейтініне менің сенімім мол. Эдуард ПОЛЕТАЕВ, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы.

02-04-03аДер кезінде көтерілген бастама

Сәуір айының басында Ва­шинг­­тон қаласында өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі сам­митті өте жоғары бағалауымыз керек. Себебі, соңғы кездері ядро­лық қауіп сейілудің орнына, қайта күшейіп барады. Оның үстіне, ядролық қарудың жан-жаққа тарау қаупі де басым. Ең бір сорақысы, ең бір ауыры да осы. Елбасының Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммит аясында жарияланған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде: «БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің  жаңа стратегиясы қажет. Алдымызда сапалы тұр­ғы­дан жаңа қатер  – терроршылардың қолын­да аса қауіпті қаруға айналуы ықтимал кибер­қылмысты аластаумен айналысу тұр», деп шегелей айтқаны да осындай түйінді мәселеден туындаған еді. Өйткені, ядролық қарудың тер­рор­шылардың қолына түсіп қалу қаупі де бар. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Қазақстан басшысының Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен өткен кездесуінде жан-жақты талқыланды.  Бұл өз кезегінде АҚШ сияқты алып мемлекеттің ядро­лық қарудың таратылуы арты үлкен қауіпке ұла­са­тынын терең түсініп отырғандығын білдіреді.  Ал Елбасының аталған саммит ая­сын­да манифест жа­рия­лайтын жөні де, жолы да бар. Себебі, осы­дан ширек ғасыр уа­қыт бұрын Қазақстан – ядро­лық қарудан бас тарт­қан бірден-бір ел. Оған қоса, ресми Астана өзінің мәмілегерлік, бей­біт бас­та­маларымен жаһанға  әлдеқа­шан таныла бастады. Елбасы манифесте ядро­лық қару­­ға қатысты билік басын­дағы­лар­­дың жауап­кершілігі туралы «Мем­лекеттер арасындағы барлық та­лас-тартыстарды реттеу үшін не­гіз бей­бітшілік пен қауіпсіздік үшін тең­дей жауапкершілік, өзара құр­мет және ішкі іске араласпау қағи­дат­тарына негізделген бейбіт үн­қа­тысулар мен конструктивті келіссөз­дер болуы керек» дегенді айта отырып, мейлінше мәмілегерлік тәсілдерге көбі­рек жүгіну керек екендігін жеткізді. Осы тұрғыдан келгенде, мен Елбасы мани­фесі­нің маңызын жоғары бағалаймын. Адам­заттың, әлемнің тыныштығына алаң­даушылық бар онда. Ұсыныс та бар. «Қазақ­стан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары дең­гейдегі Халықаралық конференциясын ша­қыруды ұсынады. Онда ХХІ ғасырда қи­ратып, бүлдіруге әкелетін соғыстар мен жан­жалдардың алдын алу мақсатында халық­аралық құқықтың қағидаттарын қуаттау керек. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен пара­сат-пайымға шақыру жаһандық әлемге қарсылардың ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауы тиіс. ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!» Бұл дер кезінде көтерілген бастама деген ойдамын. Ең бастысы, Батыс елдерінің басшылары Елбасының бастамасына айрықша көңіл аударып отыр. Қалай десек те, Қазақстан басшысы ендігі жерде ядролық қауіпсіздікке қатысты сөзден іске көшу керек екендігін манифесте көрсетіп берді. Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры.

Отанымыздың асқақ мәртебесін айқындайды

Біз әлемдегі жағ­дайд­ың қалайша өріс­теп жатқандығын ерек­ше толқыныспен ба­қы­лап отырамыз. Өйт­кені, ол күн өткен сайын шиеленісіп барады. Жер-жерде қақ­тығыс­тар ошағы пай­­да болып жатыр. Мә­се­лен, Кавказда, Тау­лы Қарабақтағы біраз уақыт тыныш­та­лып қалған қақтығыс қайта белең алды. Осылайша, әлем алаңдатарлық жағдайды бастан өткізу үстінде. Әйтсе де, біздің ертеңгі күннен үл­кен үмітіміз бар. Олай дейтініміз, Қазақстанның, Елбасының бейбіт­сүй­гіш әлеуетіне ерекше сенім артамыз. Біз жақында ғана Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі саммитті жіті қадағалап отыр­дық. Еліміздің, Елбасының бейбіт­шілік ыңғайындағы игі бастамасына тағы бір мәрте көз жеткіздік осы алқалы жиын барысында. Ядролық әлеуеті жағынан әлем­де төртінші орынға ие болса да, осыдан ширек ғасыр бұрын та­рих­та тұңғыш рет елімізде қуат­ты ядролық полигонның жа­был­ған­дығын мақтанышпен айтуы­мыз­ға болады. Сол кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өте күрделі шешім қа­былдады. Кейбір мем­лекеттер тара­пы­нан ядролық қару­ды сақ­тап қалу тура­лы ұсы­ныс түсіп жатса да, қатерлі қарудан бас тар­ту жөніндегі ұй­­ға­рым­­ға келді. Он­да­ғы жал­­ғыз мақсат адам­­зат­­ты сақтау, оған қа­тер төндірмеуден туын­даған-тұғын. Осыдан 60 жылдан астам уа­қыт бұрын ядролық қаруды ой­лап тапқан Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассел ядролық қару­сыздану жөніндегі манифесін жа­рия­лаған еді. Енді арада 60 жыл өткен соң Елбасы ядролық қарудан бас тартқан елдің басшысы ретінде өз манифесін жариялады. Қазақстан Президенті «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде «Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде, мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген өтінішпен қайы­рылып отырмын», деген-ді. Шынында да, Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, егерде соғыс бола қалған күнде жеңімпаз болмайды және бола алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Көрнекті оқымыстылар Аль­берт Эйнштейн мен Бертран Рассел манифесін қабылдаған кез­де жағдай, психология мүлдем басқаша болатын. Адами қарым-қатынастар да өзгеше еді. Әлем қос полярлы-тұғын: коммунизм, антикоммунизм деген сияқты екі жүйе арасындағы күрестен тұратын. Бүгінде көріп отырғанымыздай, терроризмнің шегі де, тосқауыл болар шекарасы да қалмай барады. Ал ядролық қару экстремистер мен терроршылардың қолына түскен жағдайда не болатынын болжау тіпті қиын... Бастамашысы Қазақстан, Елбасы болып табылатын бас­тама, «Әлем. ХХІ ғасыр» атты бей­біт­ш­ілік манифесінің маңызы өте зор. Қазақстанның бастамасы бойынша өткен жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі арқылы тағы да біздің елдің бейбіт бастамасы әлемдік деңгейде ж­оға­ры бағаланды. Елбасының ірге­лі бастамасы жаһанға бейбіт бас­та­маларымен танылған Қазақ­стан­ның асқақ мәртебесін айқындайды. Георгий КАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Қазақстанның жасампаздық қадамы

АҚШ астанасында өткен Ядролық қауіп­сіз­дік жөніндегі сам­миттің басты оқи­ға­сы Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев жария­лаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі болғаны талас ту­дыр­­майды. Елба­сы­ның бұл ғаламдық ини­циа­тивасы әлемдік қауым­дастықтың тарапынан адамзатқа қауіп-қатер төндіріп тұр­ған қанды қақтығыстар мен сой­қанды соғыстардың алдын алу­ға негізделген бағдарлама ретінде бағалануда. Қазір әлем ғаламат өзгерістер­дің табалдырығында тұр. Тұрақ­сыз­дық оттары жер-жерде тұта­нып, ядролық терроризм қаупі қы­лаң беріп қалады. Қауіпсіздікті сақ­таудың бұрынғы тетіктері күн­нен-күнге күшін жоғалтып бара­ды. Осындай қиын-қыстау ке­зеңд­е мемлекеттер арасындағы қара­ма-қайшылықтар мен дау-да­май­лар­дың шешімін табудың тиімді жол­дарын ұсыну ма­ңыз­­ды болып сана­лады. Қазақстан Прези­дентінің бағ­дар­­л­а­масында ХХІ ғ­а­сыр­дағы мемле­ке­тара­лық қарым-қа­ты­нас­тың жаңа пара­диг­ма­лары ұсынылды. Ол – бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін бір­дей жауапкершілік қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен келіссөздер. Ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құруға қадам жасау, жаһанның тұрақтылық жағрафиясын кеңейту, әскери блоктардан бас тарту, ха­лық­аралық қарусыздандыру үде­рісін жаңа тарихи жағдайға бейім­д­еу, барлық ұлттардың ға­лам­­дық инфрақұрылымдарға, ре­сурстар мен рыноктарға тең дәре­жеде және әділет талаптарымен еркін енуіне негізделген үрдістер қалып­тастыру – Нұрсұлтан Әбішұлы­ның мәлімдемесіндегі айрықша атап өтерлік адамзат үшін аса мәнді мін­деттер, міне, осылар. БҰҰ қол­дауы­мен бейбітшілік, тұрақ­ты­лық, өзара сенім және қауіпсіздік жо­лын­да жұмылған мемлекеттердің Жаһан­дық коали­циясын құру – жо­ға­рыдағы мақсаттарды жүзеге асыру­дағы маңызды қадам болары сөзсіз. Қазақстан – әлемдік қоғам­дастыққа қарусыздану мәселесіне байланысты салиқалы саясат жүр­гізудің жарқын үлгісін көр­сет­кен мемлекет. Күш-қуаты жөні­­нен әлемдегі төртінші атом арсе­налы­нан бас тартуымыз осы ойы­мыз­дың дәлелі емей, немене? «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – Қазақстанның соғыссыз әлем­ге бағытталған кезекті бір батыл қадамы. Ендеше, соның қайыр­лы болуына бәріміз тілектестік білдірейік. Елена НЕЧАЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты. АСТАНА.

Бітімгершіліктің рөлі қашанда жоғары

Өңірлік және жаһандық қауіп­сіздік әрдайым Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің сыртқы саяси бағытының басты ұстанымы екендігі аян. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем тарихында теңдессіз – көлемі бойынша әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту жөнінде қабылдаған стратегиялық шешімі бүкіл өңірдің ядролық қауіпсіздігінің кепілдігін қалыптастырды. Ал 1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру идеясын ұсынуы Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі өзекті факторлардың бірі болды. Біздің еліміз осы тәуелсіздіктің тұғырына мінген жылдар ішінде бейбітшілікті қолдаған саясатынан бір айныған емес. Сондықтан да, Қазақстан Иранның ядролық проблемасы сияқты жаһандық қауіпсіздік мәселелері мен шиеленістерді шешуде маңызды бітімгершілік рөл атқарып келеді. Осы орайда, қазақстандық дипломатияның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірегей тәжірибе жинағаны сөзсіз және ол әлем жұртшылығының біздің Президентіміздің бейбіт бастамаларына зор қызығушылықпен назар аударуына алып келді. Ядролық қарудың террористердің қолына түсу мүмкіншілігіне байланысты жаһандық қауіпсіздікке төнген қатер жақында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің басты тақырыбы болды. Вашингтонда өткен саммитте Қазақстан Президенті бұл мәселеге байланысты бірқатар нақты ұсыныстар білдірді: Біріншіден, бұл мәселеге байланысты дүниежүзілік қоғам­дастықтың әрекетін үйлестіруде БҰҰ рөлін арттыру. Елбасы БҰҰ жаһандық мәселелерді жан-жақ­ты шешуші ұйым ретінде баламасыз екенін әрдайым ай­тып келеді. Былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясының Жалпы дебаттарында сөйлеген сөзінде осы ұйымның тиімділігін арттыру мақсатында оның құры­лы­мын реформалау бойынша нақ­ты бастамаларды ұсынған болатын. Сол кезде Қазақстан Президенті терроризммен күрес бойынша БҰҰ жан-жақты қамтылған құжатын қабылдауды, сонымен қатар, БҰҰ қамқорлығымен халықаралық терроризмге қарсы бірыңғай дүниежүзілік жүйені құруды ұсынған. Екіншіден, Қазақстан қару жасауға мүм­кіндік беретін деңгейге дейін уранмен байыту мәселесін шешуге шоғырлануды ұсынады. Бұл үшін Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен бірлесе отырып, кез келген елге сенімді ядролық отын жеткізілімін қамтамасыз ететін дүниежүзіндегі алғашқы Төмен байытылған уран банкі құрыл­ды. Қазақстанда МАГАТЭ Төмен байы­­тылған уран банкін құру бастамасын мүше-мемлекеттердің басшылары бірлескен мәлім­демесімен қолдады. Серік ҚОЖКЕНОВ, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры.

Сынақ алаңын ашқандар көп, жапқан жалғыз!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған мемлекеттік сапарының тарихи маңызы зор. Қазіргі кезде әлемдік саясаткерлер мен ақпарат құралдары Қазақстан Президентінің ядролық қауіпсіздік саммитінде сөйлеген сөзі мен ұсы­ныстарын кеңінен саралау үстінде. Оның негізі бар. Өйткені, әлемде ядролық сынақ алаңдарын ашқан президенттер көп, ал сынақ алаңын жапқан тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев! Сондықтан, Мемлекет басшысының сам­миттегі манифесі үлкен қызығушылық ту­ғызды. Мұндағы мақсат дүниежүзінің көш­басшылары мен халқына адамзатты жаппай қырып-жоятын қару-жарақты ХХІ ғасырда қолданбау, атом әлеуетін бейбіт мақсатқа пайдалану. Манифестің маңызы – жер-жаһанда қоғамдық құрылысы әртүрлі мемлекеттердің басын біріктіретін, барша бейбітсүйгіш халықтардың ортақ мүддесін ойлаған ойлы құжат болуында. Қазақстан тарапының атом қаруын шығармауға және оны ешқашан қолданбауға үндеу жасауы аталған бастаманың үлкен гума­нистік сипатын көрсетеді. Біздің мақсатымыз – әлемде алдыңғы қатарлы елдердің бірі ретінде атом қаруынсыз аймақ құру аясын кеңейте беру. Президент саммиттегі сөзінде бүгінде ядролық қарудан тыс аймақ ретінде осыдан он жыл бұрын құрылған орталықазиялық кеңістікті атап өтті. Аталған идеялардың Отаны, әлбетте, Қазақстан екенін мақтан тұтамыз. Бұл бастама тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр енді толғалы отырған мемлекетіміздің халықаралық дәре­жедегі адамзатты ойландыратын ортақ мәселелерді шешуге қанат қағуымен құнды. Себебі, Қазақстан сияқты әлемде қуаты жағынан төртінші орынға ие ядролық қаруы болған елдің Еуразия кеңістігінде жойқын қарудан бас тартып қана қоймай, атомнан азат ету идеясын көтеруі қуантады. Бұл АҚШ, Ресей, Қытай сынды елдердің, әлемнің өзге де мемлекеттерінің қауіп­сіздігін сақтау екендігін алып державалар жете түсінуі тиіс. Сондықтан, ядролық әлеуетті қоғамның дамуына жұмсауға болатындығын насихаттауы Елбасымыздың көрегендігі мен кемелдігі. ХХІ ғасырда әлем елдерімен иық тірестіре отырып, ұлы мәселелерді көтеруі Президентіміздің парасаты мен пайымының айқын көрінісі. Махмұт ТҮЙЕБАЕВ, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты.  СЕМЕЙ.

666Бейбітсүйгіш халықпыз

Қазақ елінің тә­уелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қадамы ядролық қа­рудан бас тартудан бастау алды. Кеңес Одағының қолымен істелген зұлматқа Тәуелсіз ел және сол ел­дің басшысы нүкте қойды. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың алғашқы Жар­лық­тарының бірі 40 жыл қазақ даласына қасірет шеккізген Семей полигонын жабу туралы болды. Елбасының бұл бастамасы әлем назарын бірден өзіне аудартты. Ал, биыл Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. Полигонда сынақ жасау тыйылғанымен, оның зардабы әлі залалсызданған жоқ. Жақында АҚШ-тың Вашингтон қаласында Ядролық қауіпсіздікке байланысты IV әлемдік саммит өтті. Осы мәселеге орай жиынға 50-ден астам елдің басшылары қатысты. Саммитте сөз сөйлеген бес мемлекет басшысының бірі – антиядролық қоз­ғалыстың белді мүшесі біз­дің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болды. Қа­зақстан халық­аралық қоғам­дастықтың бейбітсүйгіш мүшесі ретінде бұл саммитте бірқатар бастама көтерді. Біздің ел уранға бай мемлекет, сол қазба байлықты тек бейбіт мақсатқа тұтына отырып, ядролық энергетика саласын дамытуды дұрыс деп санайды. Елбасы атом қаруынан бас тартып, енді «жасыл энергетиканы» дамытуды қолға алу керек екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Президент атап өткендей, Жер шарында ядролық қауіпсіз аймақтар қалыптасуы үшін халықаралық құжат қабылдануы керек. Бұл міндет ең алдымен Таяу Шығыс аумағында жүзеге асуы тиіс. Себебі, бұл аймақта террорлық қауіп үнемі жоғары. Бейбіт мақсатқа қолданыла­тын ядролық отынның терро­рис­тердің қолына түсіп қалмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сон­дықтан, ядролық өнімді әскери мақсатқа қолдануға тыйым салатын халықаралық келісім керек. Сонымен қатар, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы ісін табанды түрде жалғастыра беретінін айтты. «Болашақ туралы ойлаған кезде мен бұрынғы Кеңес Одағынан мұра болып қалған ядролық оқтұмсықтың Қазақ­стан аумағынан әкетілген тарихи датаны – 1995 жылғы 24 сәуірді жиі еске аламын. 200 жыл бұрын АҚШ президенті Авраам Линкольн «Жауапкершіліктен бүгін жалтару арқылы одан ертең де құтыла алмайсың» деген екен. Ондаған жылдар бойы ядролық жарылыстардан жапа шеккен халқымның мұңдарын сезініп, қолдауына сүйенген мен ядролық қарудан таза әлем туралы арманға риясыз сенемін»,– деп өз сөзін түйіндеді Нұрсұлтан Әбішұлы. Осылайша, Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа бейбітсүйгіш ел екендігін тағы да дәлелдеді.  Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор. Қызылорда.

Саясат алаңындағы сарабдалдық

Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жа­­һандық саммит­тердің ма­ңызы аса жоғары. Қазақстан Рес­публикасының Президенті мұндай саяси алаңда адам­заттың ортақ ұс­та­­ным­дарын бас­шы­лыққа алатыны, ізгі мүдделерді биіктетуге тырысатыны көпшіліктің құрмет сезімін оятады. «Әлем. ХХІ хасыр» сияқты бағдарламалық құжатты жаһан талқысына ұсынып қана қой­май, оны іске асырудың нақты жол­­дарын көрсету әлемдік қоғамдастықта зор саяси және моральдық беделге ие тұлғаның қолынан келеді. Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммитінде бұл бағамға лайықты бірден-бір саясаткер біздің Президентіміз екендігі анық дәлелденді. Бұған форум мінберіне көтерілген мемлекет басшылары мен сарапшылардың барлығы дерлік Нұрсұлтан Әбішұлын қолдап сөйлегені куә бола алады. Одан кейінгі кездесулерде, пікір алмасуларда, баспасөз мәслихаттарында жы­лы шырайлы көңіл ауаны бай­қалып тұрды. Мұның көптеген себептері бар. Ең алдымен, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған көпұлтты, көп­этносты, көпдінді мемлекет Тәуелсіздігін жария­лаған небәрі 25 жылдың ішінде тарихи өлшемдегі жетістіктерімен әлем назарына ілікті. Бұл орасан қуатты атом қаруынан жаһан­да бірінші болып бас тарту қа­дамымен байланыстырылатыны белгілі. Екіншіден, «барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ, бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ық­тимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс!» деген ескертпені айтуға біздің Президентіміздің басқалардан гөрі моральдық құқығы жоғары. Елбасымыз саяси сылбыр­лықтың орны толмас қателіктерге бастайтынын баса айтты. «ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Бізде мұндай мүмкіндік енді болмайды. Бұлай болмаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың, тіршілік белгісі байқалмайтын орасан зор үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз біре­гей, бізде мұнан басқа планета жоқ және болмайды да». Бұл сөздер саясат ойынының опық же­гізер салдарларын алға тартуымен құнды. Біздің ойымызша, Н.Назарбаев ұсынған «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарламасы әлемдік көшбасшылар тарапынан қолдау табатыны анық. Бұл пікірді пысықтай түсу үшін Ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі кезекті самитті Астанада өт­кізу туралы ұсыныс жасалуы Қазақ­стан беделін асқақтатып тастады. Нина МИТЧИНОВА, саясаттанушы. КӨКШЕТАУ.

Игі бастамалардың жалғасы

Ядролық энергия – ғасырдан ас­там уақыттан бері ғалымдар арасында, ел билеушілердің, тіпті, бүкіл халықтар арасында үлкен қы­зығушылық тудырып отырған сала. Біреулер одан әлемді өзіне бағындырар үлкен күш, қару көр­се, енді біреулер оны ғылыми-техникалық дамудың өзегі, әлеуметтік-экономикалық өркендеудің үлкен деңгейіне жеткізетін энергияның қайнар көзі деп біледі. Соңғы онжылдықта жаһан жұрты кез келген күшке қарсы күштің табыларын ұғынды. Яғни, маңайындағыларға үстемдігін жүргізіп, басқа мемлекет пен оның халқына қысым көрсетудің  мәнсіз іс екеніне көз жеткізіп келеді. Сондықтан, жақында Ва­шингтонда  өткен төрткіл дүние назарын өзіне аударған  Ядролық қауіпсіздік жөніндегі  ІV саммитте Қазақстан Президентінің сөз сөйлеуі және ядролық қауіпсіздік тұрғысында күн тәртібінде тұр­ған өткір проблемалар жайында мәселе көтеруі біздің ел­дің халықаралық аре­на­дағы салмағын тағы бір айқындап берді. Бұл Қазақстан Пре­­­­зидентінің осы саладағы бүгін­ге де­йінгі игі бастама­ла­рының заңды жал­ғасы деп санаймын. Нұрсұлтан Назарбаев манифесінде қазірдің өзінде ядролық қатер­лердің сейілмей, қайта ұлғайып отырғандығына назар аударды. Қанат жайып үлгер­ген озбыр террорлық ұйымдар мен аймақтық ұлтаралық қақ­тығыстардан туындап отырған жа­ңа проблемалардың бар екенін тілге тиек етті. Әлемді ядролық қарудан азат ету жайында жаһан жұртына  идея жариялағандардың алғаш­қыларының бірі де біздің Ел­басымыз болатын. 1991 жылы 29 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев Семей ядролық  полигонын жа­бу туралы Жарлық шығарды. Бірнеше жыл өткенде, дәл осы күн Ядролық сынаққа қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып бекітілді. Содан бері Қазақстан Президенті бұл бағытта талай игі бастамалардың жаршысы болып келе жатыр. Бастысы, оның бәрі әлемдік қо­ғамдастық тарапынан үлкен қолдау табуда. Н.Назарбаев ядролық бас­сыздықтардан шығудың жолы ретінде оны бейбіт қолдану үшін ядролық энергияны адамзат игі­лігі үшін пайдалану жөнінде ұсынысқа басымдық танытты. 2012 жылы 29 тамызда Астанада өткен парламенттік Ассамблея АТОМ жобасының онлайн петициясына қол қойылды. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Маңыз қойып айтатын тағы бір мәселе,  Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Ал, бұл банктің ел экономикасының өсуіне үлесі зор болары сөзсіз.  Серекбол ТОҚМОЛДИН, физика-математика ғылымдарының докторы.