Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Өзектілік – бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отырғаны рас. Мемлекет мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие ісінің дұрыс жолға қойылуын қамтамасыз етуде.
Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік әріптестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді» делінген биылғы Елбасы Жолдауында.
Семей қаласында да соңғы кезде көптеген балаларды дамыту орталықтары, балабақшалар ашылып жатыр. Әсіресе, халық көп қоныстанған «Юность», 343 және 35-квартал аудандарында ашылған соңғы үлгідегі балаларды дамыту орталығында мектепке дейінгі тәрбие, оқыту саласы оңтайлы жолға қойылған. Бұл орталықтарға келген балаларға қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін меңгерту де жас ерекшелігіне сай қолға алынған. Әрине, қазақ және орыс топтарының тәрбиешілері балдырғандарды жан-жақты дамытып, өсіруге атсалысуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әр азамат Елбасы Жолдауындағы тапсырмалар мен міндеттерді орындауда өзіндік үлестерін қосуы қажет.
Наталья ФЕСЕНКО,
Семей қалалық білім бөлімінің бастығы
СЕМЕЙ