Мен «Балбырауын» кен орны туралы бастапқыда осы ғасырдың басында Қарсақбай металлургия зауытының директоры Қадыр Мәткеновтен естідім.
Қарсақбайға қатысты әңгіме қозғала қалса әжімді өңі әрленіп, тінін тарих тереңінен тамырлатып, байыпты сөзін бабымен сабақтайтын, осы өңірдің тағдырын өз отбасындай ойлайтын ол толғандырған түйінді түйіткілді, тынымсыз тыныс-тіршілікті тілге тиек ете келіп:
– Бұл өңірдің болашағы – «Балбырауын». Онда тұтасқан темір кенінің қалың қатпары жатыр. Сол ен байлықты ел игілігіне айналдыру, соған сай іргелі кәсіпорын салу Қаныш Сәтбаевтың арманы болған. Академик арманының ақиқатқа айналатын уақыты алыс емес, – деп түйіндеген.
Шыны керек, сол жолы мыстай «майшелпек» тұрғанда, үкілі үмітті қайдағы бір темірге әкеліп тірегеніне түсінбегенмін. Алайда, көңіл түкпірінде «Балбырауын» туралы тереңірек біле түссем деген әуестік оянған. Оны академик еңбегінен табатыныма да күмән келтірмегенмін. Бірақ, «Балбырауынға» байланысты бірегей деректі Қаныштың қаптаған еңбегінің қайсысынан табамын?
Сөйтсем, Қ.Сәтбаевтың «Қарсақбай темір кен орны тобы» деген еңбегі бар екен. Ғұлама ғалым оны 1941 жылы жазыпты. Алғаш рет 1968 жылы жарық көрген «Таңдамалы туындылары» кітабына енгізіліпті. Сонымен, шығарманың шұңғымасына сүңгідім де кеттім. Ол әлгі еңбегінде «Балбырауынға» байланысты былай деп жазады:
«Табылған темір кені жүлгесінің жалпы ұзындығы 270 шақырымға тең... Ені 2-5 шақырымдай. Терісбұтақ өзенінің солтүстігі мен Білеуті өзенінің оңтүстігіндегі темір кені жүлгесі мезозой-кайнозой шөгіндісінің көлбеу жамылғысы астында жатыр. Білеуті мен Терісбұтақ аралығында ішінара барынша беріректе түзілген шөгінді астында да кездеседі».
Одан әрі темір кені жүлгесі кездесетін басқа өңірге түрен түспегенін, геологиялық-барлау жұмысы жүргізілмегенін айтады. Осы аймақтың күрт құбылмалы ауа-райына тоқталады. Жер бедерін сипаттайды. Гидрогеологиялық және гидрографиялық ерекшелігін қарастырады. Халық шаруашылығы мен өндірісте көктемгі қар суын пайдалану мүмкіндігіне назар аударады.
Жалпы, геологиялық барлау дерегіне, бұрынғы зерттеудің болжам-байламына сүйеніп, ғылыми негізде жазылған көлемді әрі күрделі еңбекті қайталап айтып шығудың қажеті жоқ шығар, сірә?! Басы ашық нәрсе сол – Қарсақбай төңі-
регінде «Балбырауын» бастаған кен көзінің шоғырланғандығы. Бұл еңбектің тигізген әсері сондай, оқып шыққан соң көз алдыма тағы бір Қазақстан магниткасының сұлбасы көлбеңдеп тұрып алды.
Бұдан он шақты жыл бұрын «Балбырауын» әртүрлі алқалы жиында жиі
ауызға алына бастады.
2004 жылы ақпанда «Қазақмыс» компаниясының басшылығы журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Шикізат қорын нығайту мәселесіне баса назар аударылған сол жиында мынандай әңгіме айтылды:
«Қазір компания «Қарсақбай» аумағындағы «Балбырауын» темір кен орнын игеру мен өңдеу жобасын жүзеге асыруға кірісті. Оған электрлендірілген темір жол тартылады. Төтесінен тартуға мүмкіндік болуына қарамастан, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында оның Жезді, Қарсақбай арқылы өтуі қарастырылған.
«Балбырауын» кен-металлургия кешенін игеру Қаныш Сәтбаевтың арманы еді. Соны жүзеге асыратын сәт туған сыңайлы. Біздің болашақ – «Балбырауын». Оның қазір зерттелген қорының өзі 30-40 жылға жетеді. Одан өндірілген шикізатты электрмен балқытып, болат алатын уақыт та алыс емес».
Сол жылы наурызда Қарағанды облысының сол кездегі әкімі К.Мұхамеджанов Жезқазғанда аймақтық кеңес өткізді. Бірқатар өзекті өткір мәселе талқыланған осы алқалы басқосуда сөз алған «Қазақ-
мыстың» басшысы Владимир Ким әралуан әлеуметтік мәселені шешуге байланысты атқарылып жатқан жүйелі жұмысты айта келіп, кен қорын нығайтуға қатысты да әңгіме қозғады.
– Біз «Балбырауын» кен орнын игеру жобасын жүзеге асыруға кірістік. Келешекте оның базасында электрмен балқыту арқылы жоғары сапалы болат алу көзделген. Корпорация Жезқазған аймағын дамытуға соны серпін береді, – деп қадап айтқан.
Қысқасы, «Балбырауын» бұрынғыдай болашақтың емес, бүгінгінің бірегей нысанына айналып отырғаны аңғарылған. Жалпылама әңгіме нақты істен көрініс таба бастаған. Дархан даланың тусыраған төсі дүбірлеген еңбек күйіне бөленетін уақыт таяп қалғанын түйсіндік. Содан соң компанияның сол кездегі бас геологы Виктор Шквыряға телефон шалып, тілдескенім есімде.
– «Балбырауын» Қарсақбайдың оңтүстігінде жатыр, – деген ол.
– Қоры қанша?
– 125,6 миллион тонна.
– Бұл қаншаға жетеді?
– Бастапқы жылдық жобалық қуаты 3 миллион тоннаға жуық кен өндіруге есептелген. Бара-бара оның ауқымы артатыны аян. Сонда қоры қырық жылға жетіп қалар...
– Құнарлығы қандай?
– Кен құрамындағы металдың орташа көрсеткіші – 40,4%. Бұл әлемдік өлшеммен алғанда онша құнарлы шикізат саналмайды. Дегенмен, жоқтан жақсы ғой?..
– Кен қоры ұрпақтың бір буынына молынан жетеді екен. Ал «Балбырауынды» бітірген соң қайтеміз?
– Қарсақбай төңірегінде темір кен орны баршылық. Соның бірі – «Балбырауын». Солтүстігінде керіліп «Керегетас» жатыр. «Сазтөбе» мен «Жетіқыз», тағы басқа кен орны кезегін күтіп тұр. Кезінде Қаныш Сәтбаев жасап кеткен батыл болжам бүгінде нақтыланып, іргелі іске іргетас болары анық.
Екеуара осы әңгімеден Ұлытау өңіріндегі өмірге үлкен өзгеріс енгелі тұрғанын аңғарғандай болдым. Сол қауырт қимылдың дүбірі құлаққа келгендей...
«Қазір қолда бар нақты деректер табиғат соншалықты жомарттықпен ал-
уан түрлі бай кенді аса мол мөлшерде бір жерге жинақтаған Жезқазған аймағын жер шарындағы санаулы бақытты өңірлердің біріне жатқызуға мүмкіндік береді», деп берік байлам жасаған Қаныштың көрегендігіне еріксіз қайран қаласың. Бәрін қолмен қойғандай көрсетіп кеткен. Бедерлі болашаққа бастайтын бүгіннің кемел келешек көкжиегін кеше кестелеген, соған жеткізетін соқпақты салып кеткен. Бізге бұйырғаны – сол сүрлеумен ілгері озу.
Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты