Жақсы кітап – жан азығы. Әсіресе, оқырман үшін жаңалығы мол, мазмұнды дүниенің орны бөлек. Кітаптың құндылығы оның көпшілікке қаншалықты қажеттілігімен өлшенбек. Біздіңше, танымдық сипаты мол сондай бағалы басылымның бірі – «Үлкен саясат сыртында» («За кулисами большой политики») атты жаңа жинақ. Бұл – белгілі журналистер Ерлан Бекхожин мен Владимир Курятовтың бірлескен туындысы.
Кітаптың алғашқы бетін ашқан адам оны соңына дейін ықыласпен оқып шықпауы мүмкін емес. Мұнда Қазақстан Президентінің шет елдерге сапарларына кеңінен шолу жасалып, елімізбен ынтымақтастығы нығайып келе жатқан жетекші мемлекеттердің ғылымы мен мәдениеті, тарихы мен әдет-ғұрпы, халқының өмір салты, тіпті қажетіне қарай жекелеген сәулет нысандарына дейін қамтылған. Негізінен, сыртқы саясатты саралаған кітаптан Көшбасшының бүтін болмысын да, түрлі елдердің бүгінгі тіршілігінің тұтас панорамасын да аңдауға болады. Дүниежүзілік саясатқа әсер етіп отырған халықаралық беделді ұйым жетекшілерімен Қазақстан Президентінің келіссөздері елімізге зор пайдасын тигізіп жатқаны жинақта жүйелі көрініс тапқан. БҰҰ, Еуропалық Кеңес, Еуропалық комиссия, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Еуропа Қайта құру және даму банкі, МАГАТЭ, ЮНЕСКО тәрізді ұйым басшыларының Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесулерінің маңызы мен мәні ашып көрсетілген. Ел экономикасының негізгі тірегі бизнес секторы екенін бір сәт те естен шығармайтын Елбасы өзі барған жердің бизнес-капитандарымен үнемі жүздесіп жүреді. Біздің елде тасын өрге домалатқысы келетін іскер жандарға Қазақстандағы шет ел инвесторларына жасалған қолайлы жағдаймен Мемлекет басшысының өзі таныстырып жүргені кітапта бүкпесіз баяндалған. Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Қатар, Австрия, Польша, Иран елдеріндегі кездесулер Қазақстан экономикасына қомақты инвестиция құюға септігін тигізгені дәйекті түрде дәлелденген. Сонымен бірге, сапарлар аясында Елбасының қайсыбір елдерді Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне тартуға тікелей ықпал еткені және сол жөніндегі нақты келісімдерге қол қойылғаны айтылады. Авторлар топтамада мұндай мемлекеттерге айрықша тоқталған. Бұдан бөлек, осы кітаптан Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі бастамаларының нәтижесінде ұйымдастырылған арнаулы форумдар мен шаралар туралы толыққанды мағлұмат алуға болады. Антиядролық қозғалыстың белсенді әрі беделді жақтаушысына айналған біздің Президенттің ұстанымдары жаһандық қоғамдастықты мойындатқаны еліміз бен Елбасымыз үшін мақтаныш сезімін оятады. Кітапқа көз жүгірту барысында әлемнің әр құрлығына жасаған сапарында Елбасының тек мемлекеттер басшылығымен ғана жүздесумен шектелмей, шет елде білім алып жатқан Қазақстан жастарымен де тілдесуге уақыт табатынын аңғарасыз. Жастармен осындай жылы жүздесулер Франция, Польша, АҚШ, Австрия және т.б. елдерге сапарлар аясында сәтті көрініс тапқан. Авторлар қаншалықты қауырт-қарбалас кездерде де Елбасының соншалықты жайдары, сергек көрінетінін, өзінің тартымды тұлғалық болмысынан еш жазбайтынына тәнті екендерін жасырмайды. Мәселен, бұған дәлел ретінде мына бір эпизодты айта кетуге болар еді: Президенттің Парижге кезекті сапарларының бірінде, Елисей зәулім сарайында француз оркестрі қазақтың танымал әуендерін орындап тұрады. Сол мезетте Елбасымыз «Көзімнің қарасы» әніне қосыла шырқай жөнеледі. Бейнетаспа болмай қалғанын байқаған автордың бірі сол әсерлі де тарихи, бағалы бейресми сәтті өзінің қалта телефонына түсіріп алады. Соның арқасында көрерменнің бұл фрагментті кейіннен жарыққа шыққан деректі фильмнен тамашалауына мүмкіндік туғанына еріксіз риза боласыз. «Үлкен саясат сыртында» («За кулисами большой политики») атты кітап – осындай сәулелі сәттерді, шуақты шақтарды да молынан қамтыған шұрайлы сценарийлер жинағы. Жалпы, біз әңгімелеп отырған жаңа кітап – белгілі бір шектеулі ортаға ғана емес, білмекке, көрмекке құштар көпшілікке, көзі қарақты кез келген оқырманға қызықтылығымен ерекше. Осы орайда, авторлар туралы да бірер ауыз сөз айта кеткен жөн болар. Ерлан Қалижанұлының жастайынан журналистикада жұлдызы жанған дарын иесі екені жұртшылыққа мәлім. Ол Елбасы жұмысының қыр-сырын жетік білетін, әсіресе, оның сыртқы саясаттағы қызметін терең ұғынған санаулы тележурналистің бірі. Ал Владимир Курятов ресми ақпарат беру тұрғысынан қамшы салдырмайтын қазіргі қарымды репортердің бірі. Түйіндей келгенде, қос автордың қаламынан шыққан бұл туынды – халықаралық қатынастар мамандығына машықтанып жатқан жастарымызға әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың маңыздылығы мен елдер арасындағы келісімдерге қол жеткізудің қыр-сырын ұғыну үшін басшылыққа алуға тұрарлық пайдалы дүние деп білеміз. Айтпақшы, кітаптың тағы бір басты ерекшелігі – оны авторлардың өздері ұзынқұлақтан естіп, дайын деректерді пайдаланбай, тікелей Президенттің жанында жүріп жазғаны, оқырманға ұсынылған ақпараттардың негізінен тікелей оқиға орнынан алынып, боямасыз берілгені деп білеміз.
Досұлан АЙТБАЕВ