Ауылдың нақ ортасында базар бар. Оның бір бөлігінде – азық-түлік, екінші бөлігінде – дүние-мүлік, үшінші бөлігінде – төрт түлік сатылады.
Сауда-саттық саябырсып, ел тарай бастаған шақта, яғни, түс әлетінде бір топ кісі базардың кіреберісіндегі қымызханаға жиналады. Ол жерде әрине, қымыз ішіледі, қызық-қызық әңгімелер айтылады. Бұл өзі, біздің жақтың ертеде-е-ен келе жатқан дәстүрі ғой.
Қымызханада кімнің қанша қымыз ішкені, кімнің қандай гәп шерткені, кімнің кімге әзіл айтқаны – бәрі белгілі. Себебі, ауыздан ауызға көшіп, ауылдан ауылға тарайды.
Айталық, кеше ғана қымызханада біздің Рахматулла нағашымыз бір қызық әңгіме қозғапты. Нақтылап айтсақ, жиналған топқа тосын ұсыныс жасапты. Онысы әрине, біреуге ұнапты, біреуге ұнамапты.
Енді соған тоқталайық.
Бір-екі шара қымыздан соң бойы балбырап, көңілі жадырап, әдеттегісінше әзіл-қалжыңға қарай ықылас таныта бастаған кісілерге қарап біздің нағашы: «Әй, жамағат, – депті. – Біз осы, қымызхана деген атауды өзгертсек қайтеді, а?! Себебі, мұның жөні – қымыз ішіп, қызыққа бату боп барады ғой өзі. Айналадағы жұрт қымызханада қандай өнегелі әңгіме айтылыпты деп емес, қандай өрескел қызық бопты деп елеңдейтін болды. Ілгеріде біздің бабаларымыз мұндай бас қосып, мәслихат құратын жерді – Майхана деп атаған екен. Және онда, елдің көңілін аздырмайтын келелі, мәмілелі мәселелер айтылып келген. Ендеше, біз де бұл жерді бұдан былай Майхана деп атауға көшейік!..»
Қымыз ішіп, қызық әңгіме күтіп отырған жұрт сілтідей тына қалыпты. Домбаз-домбаз дөң жастықтарды қолтығына қысып, жамбастай бастағандар аяғын жиып, түзеліңкіреп отырыпты.
Сәлден соң біреу кеудесінен ыстық дем шығарғандай: «Жө-ө-өн!» депті.
Тап осыны күтіп отырғандай тағы бір кісі басын кекжең еткізіп, әлгі сөзді айтқан пақырға айырдай шаншыла қарап: «Несі жөн?!» деп шақ ете қалыпты.
Ал содан... аяқ асты басталған қызу талас, дау-дамай былтырғы жылдан қалған ескі шөмелеге тиген өрттей қаулап, өрши жөнеліпті. Әрине, біздің нағашының айтқан сөзі, бір жағынан, дұрыс-ақ.
Бірақ, қай заманда да, қандай қоғамда да жаңалық атаулының дау тудырмай, жау арттырмай, бірден қабылданып кете қоюы қиын. Сондықтан, нағашымызды көрген жерде біз: «Қымызхана дегеннің өзі де жаман емес, бірақ сіздің айтқаныңыз одан да жақсы, – деп күмілжитін болдық. – Дегенмен... Жақын уақытта оп-оңай шешіле қоятын мәселе емес-ау...»
«Әй, жиен! – дейді ондайда біздің нағашы. – Ол – бауын тартсаң, оп-оңай шешіле салатын шалдардың сәтен дамбалы ғой деп пе ең. Мен айтсам, жұрт ойлансын, толғансын деп айттым. Ендігісін өздері біледі».
Содан соң, нағашымыз бізге мынадай бір қызық әңгіме айтады:
...Баяғыда бір атамыз майханада әртүрлі жаңалық ашып, ұсыныс жасап, елдің мазасын ала беретін көрінеді. Оған ылғи да Тағабек болыс басу айтып, тыйым салып, қажет десе, дауыс көтеріп отырады екен.
Күндердің бір күнінде әлгі атамыз қызып кетіп, өзін қайта-қайта тоқтата берген болыс-екеңе едіреңдеп, жаман сөз айтып, балағаттап жіберіпті. Ал содан...
Майханадағы жұрт у-шу болып: «Бұл не деген бейбастық? Мұндай итті елден қуу керек!» деп өре түрегеледі.
Ағайын-туыс аңқалаңдап араша сұрайды. Сөйтіп, ақыры, жік-жік боп, жақ-жақ боп айтыса-тартыса келе: «Болыс-екеңді балағаттағаны үшін бес сом айып төлесін!» деген үкім шығарады.
Ой-по-о-ой! Ол кезде бес сом дегеніңіз – екі биенің құны ғой.
Сөйтіп... мезгілі жеткен күні әлгі атамыз болыстың алдына келіп, басын иіп, кешірім сұрап, он сом ұсыныпты.
«Оу, кесілген айыптың құны – бес сом емес пе еді. Ал сен неге он сом әкелдің?» деп сұрайды болыс.
Сонда атамыз: «Болыс-еке, өзіңіз жақсы білесіз, менің тілім ащы. Аузым жаман. Алдағы күндерде тағы да бір жаңалық ашып, ұсыныс айтып, сізге тілім тиіп кете ме, кім біледі, алдын ала ақысын төлеп қоя берейін», деген екен...
Осыны айтып, нағашым сылқ-сылқ күледі. Оған қосылып біз де күлеміз. Әйтсе де, болыс-екеңнің «реакциясын» білгіміз келіп: «Иә, сонымен, не бопты?» деп сұраймыз ғой.
«Ой, не болушы еді? Тағабек болыс: «Тәйт әрі! Ақшаң да құрысын, өзің де құры!» деп, он сомын кері лақтырып, үйінен қуып шығыпты», дейді нағашымыз.
Ал әзірге ауылдағы қымызхананың Майхана аталған-аталмағанынан еш хабар жоқ. Десек те, біздің Рекеңнің айналадағы жұртқа ой салып, ұсыныс жасап қойғаны анық.
Бір білетініміз, қай заманда да, қандай қоғамда да жаңалық атаулының бірден қабылданып, жүзеге аса қоймай... Жә, жарайды, оны сіздер бізден де жақсы білесіздер.
Нұрғали Ораз, «Егемен Қазақстан»