Кәсібін өркендету жолында су жолын сауда-саттық пен қарым-қатынасқа қолайлы санағандар үшін Маңғыстау барынша ыңғайлы мекен болып тұр. Осы орайда өңірге инвестиция тартып, ел игілігін еселеу жолында Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын құру туралы тапсырма берген болатын.
Өңірдің өндірістік секторын және экономикасын дамытуды мақсат еткен аталмыш аймақ алып өндіріс алаңына айналып келеді. Бүгінде мұнда 16 жоба іске асып, 1144 жұмыс орны ашылған. Арнайы экономикалық аймақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға көптеген преференциялар көзделгендіктен кәсіпті өркендетуге ең тартымды орын екендігін дәлелдеуде.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай аймақта тағы бір жаңалықтың тұсауы кесілді. Бұл жолғы іске қосылған нысан – мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылған темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт. Жоба қазіргі таңда Құрық портына қажетті өнімді дайындаумен айналысатын және порттың бас мердігері болып табылатын «QSM Precast Concrete Aktau» компаниясы мен «Найза құрылыс» ЖШС-мен жасасқан шарт негізінде жүзеге асырылып отыр.
– «Қазақсельмаш Корпорациясы» компаниясын зауыттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі таңда басты мәселе жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты жұмыспен қамту. Зауыт аумағында 200 жұмыс орнын ашу көзделген. Жобаның қуаттылығы тәулігіне 150 дана тетрапод шығару. Өнімді дайындауға негізгі шикізат ретінде аймақтағы өте көп құм, цемент, қиыршақ тас және арматура пайдаланылады. Жобаға 768 млн теңге инвестиция тартылады. Өлкемізде осындай кәсіпорындар ашылып жатқаны қуантады. Зауыттың ұжымына табыс тілеймін, – деді зауыттың ашылу салтанатында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
QSM корпорациясы басқармасы төрағасының орынбасары Ғ.Оспанқұловтың айтуынша, компания өндірісте бетонның бағасын арзандататын жаңа технология қолданады. Бұл бәсекелестік алаңындағы компанияның өзіндік ерекшелігінің бірі болып табылады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы