Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейде өткен салтанатты шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, Астана қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов қатысып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балғын жүзді ұрпаққа ізгі тілегін арнады.
Оның да жөні бар, №54 мектеп-лицейдің биылғы 46 түлегі еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарына түссе, соның дені Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін таңдаған.
Салтанатты шарада ақ тілектер ақтарылып, ән де салынды, би де биленді. Содан кейін жұдырықтай жүрегі лүпілдеген балғындар алғашқы мұғалімдерінің жетектеуімен сыныптарына кіріп, парталарына отырды. Бұл олардың «Мен өз елімнің патриотымын» атты алғашқы дәріс тыңдауы болатын.
Сөйтіп, азат елдің айбынын асыратын балғындар күздің алғашқы күнінде жарқын болашаққа қадам басты.
«Егемен-ақпарат»