• RUB:
    6.37
  • USD:
    507.07
  • EUR:
    572.53
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қыркүйек, 2017

Медициналық сақтандыру – ұлт денсаулығы үшін қажетті реформа

42 рет
көрсетілді

Биылғы 1 шілдеден бастап енгізілген міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің пайдасы мен денсаулық сақтау саласын дамытудағы рөлі жөнінде Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының директоры, белгілі дәрігер, профессор Жақсылық ДОСҚАЛИЕВПЕН әңгімелескен едік. 

 

– Жақсылық Ақмырзаұлы, міндетті медициналық әлеу­мет­тік сақтандыру жүйесі ен­гі­зілгеніне көп бола қойған жоқ. Бүгінде мемлекет осы жүйе­ден ерекше үміт күтіп отыр. Ден­­с­аулық саласының білгір ма­­маны ретінде бұл жөнінде не айтар едіңіз? Расымен сақ­тан­дыру қоры өзін-өзі ақтай ала ма?

– Еліміздің медицинасы бұ­дан қиын кездерде де дамы­ған. Қа­зіргі жағдайымызға сай ден­сау­лық саласының аяқ алысы жаман емес. Бірақ медицина бір орнында тұрмау керек. Бұл сала заман ағы­мына сай дамып, жаңа технологиялардан қалыс қалмауы тиіс. Әрі бүгінде жаһандық қауіп-қатерлер де пайда болды. Бұрын естіп-білмеген құс тұмауы, Эбола вирусы секілді ғаламға қатер төн­діріп тұрған дерттердің алдын алып, қам жасау үшін де медицина мығым болуы қажет. Жер бе­тін­дегі халық санының көбеюі, тех­­ногендік апаттардың артуы да денсаулық саласына талапты кү­шейтті. Осындай міндеттердің бә­рін тиісті деңгейде еңсеріп, саланы дамыту үшін бізге қосымша қаражат керек. Бюджеттік қау­қар­мен медицинадағы күрмеуді то­лық­қанды шеше алмаймыз. Сон­дықтан түйткілді мәсе­ле­нің түйінін шешудің жолы меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесін енгізу деп білемін.

Елбасы өз Жолдауында бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжі­ри­­беде дәлелденгенін, меди­ци­­налық сақтандыру жүйесіне қа­­ты­сушыларға кең ауқымдағы меди­циналық қызметтер ұсы­ны­латынын атап өтті. Демек, әлем­де­гі ең дамыған 30 елдің қатарына қо­сылу үшін де сақтандырудың пай­дасы мол болмақ.

Еуропаның көп елінде ұлт ден­саулығына үш жүйе жауап береді. Оның біріншісі – мемлекет болса, екіншісі – жұмыс берушілер, ал үшіншісі – азаматтардың өз­де­рі. Мемлекет қанша жерден ме­ди­цинаға көңіл бөлгенімен, азаматтар өз денсаулығына нем­құрайды қараса, ештеңе де өзгермейді. Сондықтан үш жүйе­нің күшін біріктіру арқы­лы денсаулық саласындағы түйт­кіл­ді мәселелерді бірлесе шешуге ұм­ты­луымыз керек. Соның бастама­сы – медициналық сақтандыру жүйесі.

– Кезінде елімізде меди­ци­налық сақтандыру жүйесі енгі­зіліп, бірер жылдан кей­ін жұмысын тоқтатқаны бел­гілі. Со­ндықтан ба, қазіргі ме­ди­циналық сақтандыру жүйе­сіне сенбестік танытатындар көп...

– Кезіндегі медициналық сақтандыру жүйесінің денсаулық саласына нарық талаптарына енгізуімен ерекшеленді. Қазір де бюджетке қарап отырмай, медицинаны нарыққа бейімдей беруіміз керек. Сапаны жақсарту үшін алдымен бәсекелестікті қа­лыптастыру қажет. Оған мүм­кін­дігіміз жетеді. Себебі, біздің жеріміз ұлан-байтақ болғанымен халқымыздың саны аз. Барлық азаматтың қолы жететіндей сапалы көмекті көрсетуге болады. Жағ­дайы мүлде келмейтіндерге мем­лекет көмектеседі. Сон­дық­тан Қазақстан үшін сақ­тан­ды­рудың әлеуметтік нұс­қа­сы дұ­рыс. Ме­дициналық сақтан­дырудың бұл түрі халыққа оңтайлы әрі жұрт­шылықтың қалтасына да сал­мақ салмайды. Бірақ тұрақты табысы жоқ, өзін өзі жұмыспен қам­тамасыз етіп жүргендер жарнаны төлей алмауы мүмкін деген қауіп бар. Бірақ уақыт өте келе, ре­форманың жемісін көргеннен кейін олар да түсінеді деп ойлаймын.

– Жақында қабылданған заңға сәйкес, жарна мөлшері едәуір азайғаны белгілі. Қорға түсе­тін қаражат медициналық кө­­мекті жоғары деңгейде көр­се­туге жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Қаражат қашанда жетпейді. Мысалы, Америка медицина саласына ІЖӨ-нің 17 пайызын бөледі. Obamacare жүйесі 30 миллион америкалықты сақтандырды. Бі­р­ақ Құрама Штаттарда ме­ди­­циналық көмектен қағыл­ған­дар да көп. Сондықтан сақ­тан­дыру жүйесі енгізіле сала, ден­­саулық саласының барлық мә­­селесі бірден шешіледі деген ой тумауы керек. Бұл – ұзақ мер­зімді бағдарлама, әлі-ақ өзін өзі ақ­тай­ды. Мен бұл жүйені мақ­са­ты айқын стратегия әрі ұлт ден­сау­­лығы үшін қажетті реформа дер едім. Мұны медицинаның бо­лашағы деуге болады. «Көз қор­қақ, қол батыр». Бұл реформадан үркудің қажеті жоқ. Кезінде бі­рыңғай ұлттық жүйе дегенге қар­сы шыққандар болды ғой. Қа­зір міне, ел соның игілігін кө­ріп отыр. Рас, реформа енгізу, оны халыққа түсіндіру – оңай ша­руа емес. Бұл жүйенің сәтті жү­зеге асырылатынына күмәнім жоқ. Сон­дықтан орынды-орынсыз сын­мен шаршатпай, кәсіби ма­ман­дардың жұмыс істеуіне мүм­кін­дік бергеніміз жөн.

– Енді сақтандыру жүйесінің артықшылығы жөнінде айтып берсеңіз?

– Сақтандыру жүйесінің ең бас­ты артықшылығы – қарапайым ха­лық өзіне өзі ұқыпты қа­рап, жұ­мыс берушілер қол астын­да­ғы жұмысшыларының ден­сау­лығына көңіл бөле бастайды. Себебі, қорға қалтасынан ақша төлей бастаған жұрт «ақ­шам қайда кетіп жатыр, сол қар­жы­ма қандай медициналық кө­мек­ті тегін ала аламын?» деп қы­зы­ғушылық таныта бастайды. Мысалы, біздің орталықта ем алып жатқандардың бәрі те­гін емделеді. Олардың ішінде дәрі­гер­лердің не беріп, не қойып жат­қа­нын сұрамайтындар бар. Тіпті бау­ыр, бүйрек ауыстыру опе­рация­сынан кейін берілетін дә­рі­лерді ішкісі келмейтіндер де та­былады. Өйткені тегін, қал­та­сы­нан бір тиын шығарып жатқан жоқ.

Сондай-ақ, бүгінде мемлекет әртүрлі скринингтік тексеру бағдарламаларына қыруар қа­ражат бөледі. Әйелдердің жа­тыр мойны ісігін анықтау, ма­мо­логиялық тексерулер де те­гін. Мемлекет жасап отырған осын­дай жақсы мүмкіндікті жұ­рт­шылықтың бәрі пайдалана бермейді. Тіпті жылдап дә­рі­гердің алдын көрмейтіндер мен тегін скринингтік тексерулерге жалынып шақырсаң да келмейтіндер бар. Ал мұ­ның бәріне қалтасынан ақша төле­сін­ші, бәрі де жүгіріп келіп өтер еді. Адамның психология­сы сондай. Жұмыс беруші де жар­на төлеген соң сапаны талап етеді. Оған қоса, мемлекет 18 млн халықтың жартысынан астамын сақтандырғалы отыр, яғни тұрғындардың 60 пайызы үшін жарна төлейді. Ендеше, мем­лекет те жауапкершіліктен қа­шып отырған жоқ. Мұның өзі қа­зіргі енгізіліп отырған сақтан­ды­рудың әлеуметтік реформа екенін дәлелдесе керек.

– Бұл жүйе қарапайым ха­лық­қа не береді? Бұдан меди­ци­на қызметкерлерінің ұтары не?

– Қарапайым халық қай жа­ғы­нан да сапалы медициналық қыз­метке қол жеткізеді. Сапа қалай көтерілмек? Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру жүйесіне мемлекеттік ұйымдар ғана емес, жекеменшік клини­калар да қатысады. Олар­ға дәрі­гер­лердің санына, білік­ті­лі­гіне, емдеу мекемесінің жаб­дық­талу деңгейіне қатысты бел­гі­лі бір талаптар қойылады. Сол талаптарға жауап берген мекемелер ғана халыққа медициналық көмек көрсетуге жіберіледі. Екін­шіден, дәрігерді таңдау құ­қығы сақталып, ол кеңейе түседі. Үшіншіден, пациенттер біліктілігі төмен дәрігердің үс­тінен шағымдануға мүмкіндік ала­ды. Қор бұл шағымдардың еш­қайсысын ескерусіз қа­л­дыр­май­ды. Содан соң емханалардағы ке­зек мәселесі де шешімін табады деп ойлаймын, өйткені дәрігерлерге түсетін жүктеме азая­ды. Сонымен қатар, жүйеге қа­тысушы клиникалар мен емха­налар саны артқан соң бәсе­келестік күшейеді. Әлбетте, еш­кім­нің ақшадан қағылғысы кел­мейді. Сол себепті клиникалар пациенттің бар жағдайын жасауға күш салады. Бұдан дәрі­герлердің де ұтары сөзсіз. Олар емдеген әрбір адамы үшін ақша алатын болады. Қазір дә­рігерлердің жалақысы ставкасына қарай төленетін болса, МӘМС жүйесінде біліктілігіне, емдеген адамдарының санына қарай төленетін болады.

– Міндетті медициналық сақ­тандыру қоры болашақта про­филактикалық шараларға кө­бірек басымдық бермекші. Осыған қатысты пікіріңізді білсек...

– Мен бұл тактиканы қолдай­мын. Қазір біз аурудың алдын алуымен емес, салдарымен күре­сіп жүрміз. Өкінішке қарай, көп адам ауруы асқынғанда ғана дәрі­герге келеді. Ал ауруды емде­геннен гөрі алдын алған әлде­қай­да тиімді. Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйы­мы елдерінде денсаулық са­ласы­на бөлінген қаржының 34 пай­ызы стационарлық емдеуге жұмсалады. Ал, қалғанын ауру­дың алдын алуға жұм­сай­ды. Ал бізде керісінше – 51 пайызын ста­ционарға жұм­сай­мыз. Да­мыған мем­лекеттер­де про­фи­лактикалық шараларға көбірек көңіл бөледі. Адамдардың санасы да соған бейімделген. Олар жылына кемінде бір рет тексеруден өтіп, дәрігерге көрінуді ұмытпайды. Бізге де осындай жауапкершілік қажет. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол із­деп», профилактикалық шара­лар­ға көбірек ден қойған жөн.

Әңгімелескен

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,  «Егемен Қазақстан»