• RUB:
    6.37
  • USD:
    507.07
  • EUR:
    572.53
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2017

Талдықорғандатағы да қоныс тойы

31 рет
көрсетілді

Талдықорғанда 168 отбасы үйлі болды. Мұның бәрі Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкінің салымшылары есебінен салынған 1 және 2 бөл­­мелі пәтерлер. «Арлан жоба» ЖШС-нің жобасы бойынша «Же­ті­сужилсоцстрой» ЖШС тұрғызған 5, 6, 7 қабатты үйлердің құ­ры­лысы 2014 жылы басталыпты. Жалпы алаңы 11 мың шаршы метрге жу­ықтайтын үш үйді тұрғызуға 1 млрд теңге жұмсалған. Нысандар жос­парға сай қолданысқа беріліп отыр. Және сапасы жағынан да та­лаптарға толықтай жауап береді. Құрылыс барысын техникалық жа­ғынан бастан-аяқ қадағалап отырған «Krav Инженеринг» ЖШС өкілдері осындай мәлімет беріп отыр. 

 

Көптің қуанышына ортақтасып, пә­тер кілтін табыстауға Алматы облы­сы­ның әкімі Амандық Баталов пен «Қа­зақстанның тұрғынүйқұрылысжи­нақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты.

Өңір басшысы құттықтау сөзінде:

– Елбасының халықты тұрғын үй­мен қамтамасыз ету туралы тапсыр­ма­сына сәйкес облыста ау­қым­ды жұ­мыстар атқарылуда. Об­лыс ор­та­­лығы да жаңа салынып жат­қан үй­лердің есебінен күннен күн­ге көр­кей­іп, өсіп келеді. Жаңа пә­тер­ге қол жет­кізіп отырғандарыңыз со­ның дә­­лелі. Алдағы уақытта да ха­лық­ты бас­­панамен қамтамасыз ету жұ­мыс­т­а­­ры жүйелі атқарылатын болады, – деп сендірді.

Соңғы жылдары Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкіне деген сенім арт­қан. Жоғарыда айтқан 43 мың са­лымшы соның дәлелі. Олардың 20 мыңы облыс орталығында тұрса, қал­­ғандары елді мекен тұрғындары. Лә­з­зат Ибрагимованың айтуынша, бұл – өзгелерге үлгі боларлық көр­сет­­­кіш. Ал Қазақстанның «тұрғынүйқұ­­­рылысжинақбанкі» АҚ облыстық фи­лиалының директоры Ғалымжан Шалғынбаевтың сөзіне жүгінсек, «Са­лым­шылардың дені дәрігерлер, мұ­ға­лімдер, қарапайым еңбек адамдары, мем­лекеттік қызметкерлер, тағы басқа санаттағы азаматтар. Орташа табыс иелері. Соған қарамастан тұрмыстан қаржы үнемдеп, оны банктегі есепшотына аударып,  кезегі келгенде тұрғын үй­ге ие болуға үмітті», дейді.

Банк бүгінге дейін облыс орта­лы­ғында ғана тұрғын үй салумен ай­на­лысып келсе, бұдан былай «Нұр­лы жер» бағдарламасы аясында мұн­дай жұмыстар барлық аудандарда қол­ға алынбақ. Бұл жайлы Ләззат Ибрагимова айтты.

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ осыған дейін өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәй­кес облыста 74,1 мың шаршы ме­тр тұр­ғын үй салған. Соның ішінде «Тұр­ғын­д­ардың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша 41,1 мың шар­шы метрлік 12 үй (609 пәтер) салынса, «Жас отбасыларға арналған тұр­ғын үй» бағыты бойынша 33 мың шар­шы метрлік 7 үй (593 пәтер) пай­далануға берілген. Ал биыл 6 үй салу жоспарланған, оның төртеуі Тал­дықорғанға тиесілі.

Пәтер кілті табысталардан бір са­ғат бұрын екі тарап жаңа келісімге кел­генін де айта кету керек. Жаңа жос­парда – облыс орталығында «Нұр­­лы жер» бағдарламасы бойын­ша салы­натын екі қабатты 607 кот­тедж­дің құрылысы тұр (оның 48-і би­ылғы жылдың соңына дейін қол­да­нысқа беріледі). Ол үшін облыс әкім­дігі 100 гектар жер бөлген. Дай­ын­дық жұмыстары жүріп жатыр. Банк тарапы жетісулықтардың бұл бастамасына ерекше ден қойып, қолдау танытуға дайын. Осы мақсатта о­блыстық әкімдікте облыс әкімі Аман­дық Баталов пен «Қазақстанның тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибра­гимова екіжақты ынтымақтастық келісімге қол қойды.

Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы