• RUB:
    6.37
  • USD:
    507.07
  • EUR:
    572.53
Басты сайтқа өту
Театр 05 Қыркүйек, 2017

«Қиялға бойлау» фортепияно мен балеттің қайталанбас кеші

28 рет
көрсетілді

Елордадағы «Астана-Балет» театрында «Қиялға бойлау» деген тақырыппен балет премьерасы өтті. Әлемдік деңгейдегі түрлі композиторлардың фортепияноға арналған шығармалары арқау болған әсерлі кеште балет әртіс­тері, симфониялық оркестр музыканттары мен әйгілі пианист Әмір Тебенихин өнер көрсетті.

 

Кеште балет көрермендері Эдит Пиафтың әндерінің әуенімен қойылған «Love fear loss» балетін, А.Вивальди, С.Рахманинов, Ш.Гуно, К.Сен-Санс сынды даңқ­ты ком­по­зиторлардың музыкасы­мен Рикардо Ама­рантенің «Diver­si­ty»­ спектаклінен үзін­ділер тама­ша­лады.

Балет әртістері театрда тұңғыш рет Сергей Рахманиновтың «Фор­те­пияно мен оркестрге ар­нал­ған №2 концерт» шығар­масына қойылған балетті ұсынды. Орыс­тың атақты ком­позиторы Сергей Рахманинов әрі пианист, әрі дири­жер болғаны белгілі. Өнер зерт­теу­шілері оның фортепияноға ар­нал­ған атал­мыш туындысының 1900 жылы өмірге келгенін айтады.

Ал, «Қиялға бойлау» балетіне келер бол­сақ, қоюшы-режиссер Рикардо Амаранте оның қойы­лу­ына С.Рахманиновтың «Фор­те­пияно мен оркестрге арналған №2 кон­церті» себепкер болғанын айтады. – Бұл ең үздік музыкалық шығармалардың бірі. Оның дүние­ге келу тарихы да мені қы­зық­­тырды. Депрессияға түскен композитор шығарманы өзі­нің психотерапевт-дәрігері Николай Дальге алғыс ретінде шығарған. Бұл маған қат­ты әсер етті, – деді Рикардо Амаранте жур­налистерге берген сұхбатында.

«Қиялға бойлау» деген атына сәйкес балет кеші көрермендерді түрлі сезімдер мен кө­ңіл-күйге жетеледі. Адам бойындағы әде­мілікті сезіну, өмірді сүю, тылсым дүние­нің жұмбағына бойлау сынды сезімдер балет кешімен үндесіп жатты.

Балет кешін танымал шығар­ма­шылық иелерінен құралған топ өткізді. Қоюшы-режиссер әрі хореограф Рикардо Амаранте, кос­тюм суретшісі Рене Салазар. Спек­такльді симфониялық оркестр сүйемелдеді, солист Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір Тебенихин, ал, дирижері Арман Оразғалиев.

Айгүл СЕЙІЛ, «Егемен Қазақстан»