Қазір екі қолын алдына салып жұмыссыз жүрген жастар көп. Сылтау бар. Жұмыс табылса тау қопарардай кейіп танытқанымен, аспаннан алтын жауатындай әлденені күтіп жүреді. Кінәні өзінен емес мемлекеттен көргісі келе ме қалай...
Тәуекелшіл жігіттер «алма піс, аузыма түс» деп қарап отырмайды. «Амангелді» ЖШС-нің директоры Нұрлан Құраловтың еңбектегі жолы осылай дегізеді. Қарапайым мұғалімдер отбасында өскен. Алды-артында анау айтқандай тіреп тұрған көке-жәкесі жоқ. Еңбек етуден бөлек оны үйлестіре біліп, бірді екеу ету және бар. Нұрлан Құраловтың мамандығы инженер. Шымкенттегі қорғасын зауытында қарапайым жұмысшыдан бөлім бастығына дейін жоғарылаған. Тоқырау заманында зауыт жабылды. Мыңдаған жұмысшы тентіреп қалды. Сол кезде Нұрланның Мәскеуде инженерқұрылысшы мамандығын оқып жатқан інісі бұған екі ел арасында cауда-саттықпен айналысуды ұсынады. Коммерция осылай басталған. Бірақ, өндірісі жоқ жабайы сауданың ерте ме, кеш пе тоқтайтындығы белгілі. Бизнесте біраз қаржы құрап алған аға мен іні ендігі жерде ауыл шаруашылығына инвестиция салуды қолай көреді. Арада бірталай уақыт өткенде өз туған әкесінің есімімен аталатын «Амангелді» серіктестігі облыстағы ең ірі агроөнеркәсіп корпорациясына айналады. Бұл іске тәуекелге баруының өзі қызық.
Тоқырау заманы ғой. Шанақ ауылында мектеп директоры болып жұмыс жасайтын жақын ағасы, «мұғалімдердің айлығына деп 10 тонна бидай берді. Осыны ақшаға айналдырып берші» деп қолқа салады. Іскер жігіт бидайды алып диірменге тартқызады. Дайын ұнды дүкендерге сатып, мұғалімдердің ақшасын шығарады әрі өзіне де қаржы қалады. Адамға ең әуелі алтын-күміс емес, тамақ керек. Осы жағын бағамдаған Нұрлан Қазығұртта астық қабылдау пунктін, Монтайтас пен Шымкенттен бидай тартатын диірмен салдырады.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елге ауыр тигені белгілі. Үлеске жер алғанымен техникасы жоқ халық сенделіп қалған. Осы кезде Нұрлан Құралов көпшілігінің басын қосып кооператив құрады. Техникалар сатып алады. Бүгінде Арыс қаласы, Сайрам, Сарыағаш, Қазығұрт, Төле би және Ордабасы аудандарында корпорация иелігінде 30 мың гектардай жер бар.
2008 жылы 10 гектар жерге жүзім егіп көрді. Оған жұмсалған шығынның елу пайызын мемлекет көтергеннен кейін бауды ұлғайтудың мүмкіндігі туды. Техникаларды жаңалады.
– Кооперация туралы жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес жерi бар, бiрақ игере алмай жатқан шаруа қожалықтарының басын бiрiктiру iсi әрi қарай да жалғасын таба бергені жақсы. Сондықтан да осы заңның мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, шаруаларды бiздiң компаниямен бiрлесiп жұмыс iстеуге шақырдық, –дейдi Нұрлан.
Алайда қиындықтар да жоқ емес. Көптеген iрi шаруашылықтарды толғандырып жүрген проблема аталған компанияны да бiраз қиындыққа салып отыр. Ол – бiлiктi агрономдардың жетiспеушiлiгi. Агроқұрылым басшысының айтуынша, жас кадрлар жоқтың қасы. Сондықтан агроном мамандығын игеруге ниетi бар жастарды компания өз қаражаты есебiнен тегiн оқытуға дайын.
Серіктестік экономика саласын әртараптандыру бағытына көшкен. Агроқұрылым егiн егiп, бау өсiруден бөлек, мал шаруашылығын дамытуды да қолға алуда. Компанияның 400 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Мың басқа шақталған тауарлы сүт фермасы жұмыс жасайды. Жиын-терiм науқанында жиналған жемiс өнiмдерiн дер кезiнде өткiзбесе, кейiн сату қиынға соғады. Осыны ескерген агроқұрылым польшалық инвесторлармен бiрлесiп, жемiстерден джем, тосап, шырын, концентрат шығаруды ойластырып жатыр. Жобаға қажеттi қаражатты «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы алмақ.
– Бiздiң өнiмдер – экологиялық жағынан таза. Астана қаласында жемiстердi арнайы тексерген кезде құрамынан бiрде-бiр нитрат қоспасын таппады. Жуырда Қытайда iссапармен болдым. Қытай өнiмдерiн тұтынудың адам денсаулығына пайдасы аздау екенiн бұрыннан естiп жүрмiз ғой. Сол iссапарда ол жақта ауылшаруашылық өнiмдерi тек химиялық қоспалардың күшiмен өсiрiлетiнiне әбден көз жеткiздiм. Бiздiң өнiмдер ұзақ тасымалға шыдамайды. Сол үшiн де экологиялық таза өнiм болып саналады. Бiзде химиялық препараттар тек арамшөптер мен өсiмдiк зиянкестерiмен күресу үшiн ғана қолданылады. Еккен өнiмнiң жақсы жемiс беруi жерге байланысты екенiн ескерсек, «Амангелдi» шаруашылығына қарасты алқаптардың топырағын макро-микроэлементтермен үнемi байытып отырамыз, – дейдi Нұрлан Құралов.
Біз өткізу нарығын кеңейткіміз келеді. Барлық қазақстандық үшін ағзаға пайдалы табиғи тағамның қолжетімді болғанды қалаймыз. Жұрттың бәрі қазір гипермаркеттерден сауда жасайды. Біздің мақсат – жыл он екі ай тұтынушыға арзан бағамен экологиялық таза өнім ұсыну. Ол үшін барлық жағдай жасалған, екі мың тонналық тоңазытқыштар баудың басында орнатылды.
Бұрын бизнесті бастағанда жас ағаш көшеттерін шетелден, Түркия, Италия елдерінен іздеп әуреге түссек, қазіргі кезде тұқымды өзіміз өсіріп шығып, өзге әріптестерімізге бере аламыз. Суармалы жерлерде бау-бақша баптау тиімді. Себебі Үкімет тамшылатып суару мен көшеттер сатып алу сияқты қызмет бағыттарына жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеп береді. Қазіргі кезде жеміс мол. Жылына сан-алуан сұрыптағы тонналаған жүзім мен алма өсіріп, Ресейдің де экспорт нарығын бағындырудамыз. Алатын өнім мөлшері артып жатыр. Құдайға шүкір, «Атамекендегі» алқалы кеңестен соң, Астана қаласындағы «Кең-mart» сауда үйінің сөрелеріне төмен бағамен өнімдеріміз қойылып, тұтынушыларды қуантуда. Бірнеше гипермаркетпен келісімге келдік. Оларға жеміс жеткізіп беріп отырамыз.
Бізде өнімді өткізудегі кедергілер көп. Қоймадан 100 теңгеге берген жеміс базар-дүкенге жеткенде 500 теңгеге саудаланады. Жылыжайда өсетін қияр бағасының сауда нүктелерінде мың теңгеден асып кететінін көріп, қатты таң қалдым. Әрине, халықтың наразылығы осындайдан туады. Өзің көлікке тиеп барсаң, әдейі шет жағынан халық бармайтын елеусіз орын ұсынып, саудаң жүрмейтіндей етеді. Заңнамалық тұрғыда жағдайды түбегейлі өзгертпесе, жақсылыққа апармайды. Мұндайда мемлекеттен қатал шара қолданылуы керек. Шөп басын сындырмай диқан еңбегін қанау арқылы халықтың қалтасына түсіп отырған делдалдарды жөнге салатындай заң талаптары жұмыс жасаса дейміз.
Серіктестік басшысы осылай деген. Бүгінде «Амангелді» серіктестігінің бау-бақша өнімдері Ресейге экспортталып жатыр. Бидайдан тартқан ұнын Ауғанстан сияқты мемлекеттер өздері келіп алып кетеді.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы