Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов Кубогы» атты халықаралық турнир аяқталды. Екі күнге созылған дәстүрлі жарыста 17 елдің балуандары бақ сынап, Олимпиада бағдарламасына енген алты салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан балуандары 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.
Турнирде 66 кило салмақта кіл мықтылар белдесті. Алмат Кебісбаев, Данияр Каленов сияқты көптеген халықаралық турнирлерде олжа салған еліміздің балуандарын айтпағанда, жақында ғана Парижде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған оңтүстіккореялық Рю Хан Су да Болат Тұрлыханов атындағы турнирге арнайы келген екен.
Аталған салмақта бас жүлдеден бірден-бір үміткер де корей елінің осы балуаны болатын. Бірақ турнир деңгейінің жоғары болғандығы соншалықты, әлем чемпионы деген атағы бар Рю Хан Судың өзі еліне жүлдесіз қайтты. Әлем чемпионын жартылай финалда Данияр Қаленов 1:0 есебімен жеңді.
Данияр өткен аптада ғана Ашхабадта аяқталған жабық кешендегі Азия ойындарында жеңімпаз атанып қайтқан болатын. Болашағынан зор үміт күттіретін балуан осы турнирде алдына жан салған жоқ. Финалда ол еліміздегі тәжірибелі балуандардың бірі Алмат Кебісбаевты жеңді. Есеп – 5:3. Алмат та осы турнирде жаман күреспеді. Көп күш жұмсады. Тіпті 1/8 финалда Польшадан келген Роман Поцрковскиден 1:7 есебімен есе жіберіп жатып, соңғы бір минут қалғанда поляк балуанын таза жеңіп кетті. Бұл салмақта қола жүлдені ресейлік балуандар Павел Салеев пен Арсен Мирзоян жеңіп алды. Соңғысы әлем чемпионы Рю Хан Суды қола жүлдесіз қалдырды.
Өкінішке қарай, 85 кило салмақта қазақстандық балуандар жүлдесіз қалды. Украиналық Жан Беленюк шешуші сында грузин балуаны Роберти Коблиашвилиден 5:1 есебімен айласын асырып, турнир жеңімпазы атанды. Қола жүлде Николай Стадуб (Беларусь) пен Лаша Гобадзенің (Грузия) қанжығасында кетті.
Аса ауыр салмақтағы алыптар арасындағы бәсекеде Грузия балуандары дес бермеді. Финалда Леван Арабули мен Звиади Патаридзенің арасындағы белдесу 3:1 есебімен алғашқысының пайдасына шешілді. Грузия құрамасы бұл турнирге бірінші және екінші нөмірлі балуандарын алып келгенін айта кетейік. 130 килода үміт артқан балуанымыздың бірі Нұрмахан Тінәлиев болатын. Өкінішке қарай, Нұрмахан жартылай финалда Звиади Патаридзеден жеңіліп қалды. Бірақ қола медаль үшін болған белдесуде оңтүстіккореялық балуаннан айласын асырды.
Сонымен екі күнге созылған жарыс мәресіне жетті. Алты салмақ дәрежесінде өткен халықаралық турнирдің бас жүлдесі алты елдің еншісіне бұйырды. 59 кило салмақта Оңтүстік Корея, 66 килода Қазақстан, 75 килода Түркия, 85 килода Украина, 98 килода Ресей балуаны топ жарса, аса ауыр салмақтың алтын медалі Грузияға жол тартты.
«Егемен-ақпарат»