• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2017

Атырауда атқарылған игі іс көп

60 рет
көрсетілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы атыраулықтар тарапынан кең қолдау тапты. Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған күннен бастап мұнайлы мекен тұрғындары қоғамның әр мүшесін отансүйгіштікке үндейтін бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытты.

Көп кешікпей облыс орталығында «Рухани жаңғыру» аясындағы іс-шараларды жүзеге асыратын жұмыс тобы құрылып, жоба кеңсесі ашылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев бүгінге дейін 106 жоба жоспары бекітілгенін, оның 34-і жүзеге асқанын айтады. Осы мақсатқа биыл 1,6 млрд теңге бөлінген. Оның 1,088 млрд теңгесі жергілікті кәсіпкерлердің демеушілік қаражаты.

Бағдарламаның қай бағыты болсын, елдің рухани әлеуетін көтеруге, ұлттық құндылықтарды, жалпы ізгілікті насихаттауға арналған. Атырау облысында «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы», «Әлемдегі Қазақстан мәдениеті», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Латын әліппесіне көшу» бағыттарының аясында кіші бағдарламалар қабылданды. «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» жобалары алғашқы нәтижелерін беріп үлгерді. «Бағдарлама қаралған сәтте игі істерге жергілікті кәсіпкерлерді тартуға, соның нәтижесінде өңірден шыққан бизнес иелерін туған жердің нысандарын абаттандыру, жалпы көркейту жұмыстарына жұмылдыруға басымдық берілді», дейді Ж.Бисембиев.

«Атамекен» кіші бағдарламасы «Әлеу­меттік бастамалар картасы» және «Жомарт жүрек» бөлімдеріне сай жүзеге асуда. Ту­ған жерге деген перзенттік парызды асқақ азаматтықпен ұштастырып жүр­ген атыраулық бизнес иелері бұл баста­мадан тартынып қалмады. Мысалы, Жы­лыой ауданының Құлсары қаласында кәсіпкер Мағауия Мерғалиев «Анашым» балабақшасын салып, оны мемлекеттің қарауына өткізді. «Жомарт Жүрек» базалық жобасының аясында кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Аманжол Қонысов Нұрсая шағын ауданында екі бірдей спорттық ойын алаңын салып, мемлекет қарамағына берген. Меценаттар көмегімен «Жаңғырық» атты деректі фильм түсіріліп жатыр. Белгілі кәсіпкер Ибрагим Ақдрашевтің қолдауымен Мақат ауданындағы Жеңіс саябағының құрылысы басталды. Қуаныштысы сол, бұл тізімді әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі Атырау облысында жоғары деңгейде екенінің айқын көрінісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Сарайшық қалашығы мен халық батырлары Исатай мен Махамбет жөнінде мультипликациялы фильм түсіру жұмыстары қолға алынуда. Алдағы жылдары облыс орталығында белгілі күйші Қаршыға Ахмедьяров пен Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің ес­керт­кіштері бой көтереді.

– «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» Атырау аймағында орналасқан 13 нысан ұсынылып, бес тарихи орын, яғни ортағасырлық Сарайшық қалашығы, Ақмешіт қорымы, Ұшқан ата және Махамбет Өтемісұлы мен Мұрат Мөңкеұлының кесенелері жалпы тізімге енді, – дейді басқарма басшысы. – «Қазақстанның киелі жерлерінің география­сы» аясында «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша 2018 жылы Атырау облысының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағын дайындау және баспадан шығару, облыстық тарихи-өлкетану музейінде интерактивтік онлайн-музей ұйымдастыру, Атырау облысының киелі жерлерінің картасын дайындап, шығару жоспарлануда. Келер жылы Астрахан қаласындағы В.До­гадин атындағы көркемсурет галереясында оқитын жастар арасында «Мир без границ» атты байқау өткізу де жоспарда тұр.

Жақында Атырауда республикалық «Асар» үшжақты әріптестік форумы өтеді. Бұл ауқымды шара аясында мемлекет, бизнес өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп жүзеге асыратын әлеуметтік жобалар қаралады. Үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын тек мемлекет есебінен ғана емес, кәсіпкерлердің қолдауымен тұрақты жүзеге асуына жағдай жасауды мақсат еткен форумда меморандумдарға қол қойылады.

«Отаным – тағдырым» базалық жо­ба­сы­ның аясында да бірқатар жұмыстар атқа­рыл­ды. Атырау облысынан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 13 000 оқу­шы және студент, 1206 оқытушы, 118 меди­цина қызметкері қатысты. Бұл – респуб­лика бойынша жоғары көрсеткіш екенін мақ­та­ныш­пен айтуға болады. Бүгінде мұ­найлы өлке өнердің өрелі ордасына айнал­ған. Рес­публика көлеміндегі оркестрлер кон­­церті, театрлар қойылымдары, айтыс, ұлттық спорт ойындарынан жарыстар да Елба­­сының «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында өтіп, көрермен қошеметіне ие болды.

Бағдарлама жобаларын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мұнай компанияларын, кәсіпкерлерді ынталандыру үшін бірнеше рет ресми жиындар өткізді. ТШО компаниясының қолдауымен қала күніне орай ашылған әлеуметтік нысандардың бірі ретінде Жайық жағасынан орын тапқан Ретро-саябақты атап өтуге болады. Жетім бала­ларға арналған тұрғын үйлер салып, қай­та­рымсыз беру жөнінде бірқатар кәсіп­кер­лермен жүргізілген жұмыстар да нәтижесіз қалмас деген сенімдеміз. Бұл аталған жұ­мыс­тар атқарылған шаралардың бір парасы ғана.

Елбасының саясатын жүзеге асыру үшін өңір басшылығынан бастап бұқа­ра халыққа дейін рухани жаңғыру жұмыс­тарын қолдап, осы істің басы-қасынан табылуы – елдіктің нышаны. Бұл ретте атыраулықтардың абыройы биік болары сөзсіз.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ