«Номад» командасы шайбалы хоккейден Құрлықтық кубок ойындарының жеңімпазы атанды.
Елордалық ұжым Польшаның «Катовице» командасымен кездесті. Матч барысында хоккейшілер тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде есеп өзгеріссіз қалғанымен, екінші кезеңде «Катовице» ойыншысы Райан Кук 35-минутта есеп ашып кетті. Алайда араға 2 минут салып «Номад» сапынан Максим Мусоров (37-минутта) таразы басын теңестірді.
Үшінші кезеңде Олег Бойко – 41, Алан Гатиягов 53-минутта елордалық клубтың басымдығын арттыра түсті. Осылайша, «Номад» қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, Құрлықтық кубок ойындарының жеңімпазы атанды.
Фёдор Полищук жаттықтыратын «Номад» алғашқы екі ойында «Хернинг Блю Фокс» (Дания) клубынан 5:2 есебімен басым түссе, Уэльстің «Кардифф Девилз» хоккейшілерін 7:2 есебімен ойсырата жеңді.
Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алған. Сондай-ақ әр жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) 2-орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.