Ғалымдар егін шаруашылығына, жалпы ауыл шаруашылығы саласына ғылым мен заманауи білікті маман келмейінше алға жылжу мүмкін емес екенін айтып жүр. Бұл орайда «KMF» микроқаржы ұйымы және «KMF-Демеу» корпоративтік қоры ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді ғылыми жолдармен шеше отырып, кәсіп жүргізуді жеңілдетуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Отырар ауданында «Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі тиімді жолдар» тақырыбында өткен агрофорум – сол игі істердің бірі. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын ғылымға сүйеніп дамытпаса, тоқырауға ұшырайтынын, агроғылымды дамыту және оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажеттігін айтқан болатын. Отырар ауданында өткен маңызы зор шарада аграрлық ғылым мен өндірісте мол тәжірибесі бар ғалымдар «Ауыл шаруашылығында тұқымның маңыздылығы. Тұқымды дұрыс таңдау», «Тиімді өсімдік қорғау тәсілдері. Шәуілдір массиві жағдайында ауру-зиянкестермен күресу тәсілдері. Тыңайтқышты дұрыс қолдану», «Түркістан облысы жағдайында су үнемдеу технологиясы. Су үнемдеу технологиясын дақылға байланысты дұрыс таңдау» тақырыптары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, осы бағыттағы негізгі мәселелерді талқылады. Форумға шақырылған агроөнеркәсіптік компания өкілдері, тұқымдар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуші «BASF», микротыңайтқыштарды жеткізуші «KWS» компаниялары ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын ұсынса, суару жүйесін өндіруші «Metzer», өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы саласында аграрлық сүйемелдеу қызметтерін көрсететін «KazAST», тұқымдардың дистрибуциясы, көбейту және өңдеу, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуші «Б-агро», натрий гуматы мен калий гуматын өндірумен және сатумен айналысатын «Серабетон» және тұқым, тыңайтқыш, гербицид, инсектицид, фунгицид, уландырғыштар сатумен айналысатын «Alliance AgroTrade» компаниялары өз өнімдерімен таныстырды. «KMF» мамандары қаржыландыру жөніндегі кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ агрофорумның ұйымдастырушылары, «KMF» компаниясының Түркістан қаласы филиалының аймақтық директоры Мейіржан Мамаханов пен «KMF-Демеу» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары Әсел Шегебаева аймақтың ауыл шаруашылығы саласының даму тарихына тоқталып, «KMF» пен оның клиенттері арасындағы ұзақмерзімді қарым-қатынастарды нығайту бүгінгі жиынның негізгі мақсаттарының бірі екенін жеткізді. Ал зиянкестермен күрес тәсілін 15 жыл бойы зерттеп келе жатқан ғалым-агроном Нариман Масалиев ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайын 10 жыл бұрынғымен салыстыруға мүлдем келмейтінін айтты. Шаруалар аз шығынданып, көп өнім алуды көздейді. Өнім алуда оң өзгерістер бар, дегенмен түрлі зиянкестер де пайда болып жатыр. Осы орайда агроном-ғалым Шәуілдір массиві жағдайында ауру-зиянкестермен күресу тәсілдеріне және тыңайтқышты дұрыс қолдану мәселесіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ «KMF» микроқаржы ұйымы мен «KMF-Демеу» қорының ұйымдастыруымен өткен агрофорумда ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілердің көрмесі ұйымдастырылды.
Форумның Отырар ауданында өтуінің де өзіндік себептері жоқ емес. Аудан шаруалары ұзақ жылдар бойы жүгері дақылын өсіруде тынымсыз еңбек пен мол өнім алудың үлгісін көрсетіп келеді. Бір ғана мысал, М.Шойманов ауылындағы «Шәдібек» шаруа қожалық иесі «Батыр ана» Ханзада Абденбайқызы 5 гектар жерге жүгері дақылын еккен. Өнім көлемін арттыру мақсатында шетелден әкелінген «Франческо» жүгері сортын еккен шаруа гектарына 17-19 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Шөлейтті аймақтарда өсіруге төзімді жүгері сорты тәжірибе ретінде биыл алғаш рет егілген. Ұзақ жылдан бері мақта және жүгері дақылдарын егумен айналысатын Ордабасы ауданы, Жайылма елді мекенінің тұрғыны Сәкен Сауранбек форумда көкейде жүрген сұрақтарына нақты жауап алғанын айтады.
«Биыл мақтада зиянкестер көбейді. Ауыл диқандары дәрі шашып, түрлі шара қолданып келеді. Бірақ зиянкестерді жою қиындау болып тұр. Осы орайда, егін егу жұмыстары барысында кездесетін тұқым таңдау, дәрілеу жұмыстары мен суғару секілді мәселелерде агро-мамандарының кеңесі ауадай қажет. Яғни кәсіби сарапшылар мен шаруалардың басын қосқан бүгінгідей форумдардың берері көп», деді С.Жорабекұлы.
Ал аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық аймақтағы әлеуметтік жағдайды ескеріп, шаруалардың басын біріктірген семинардың диқандар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ жиын барысында шаруаларға форумда айтылған ақпараттар мен ғылыми мәліметтерге қатысты викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген азаматтарға арнайы сыйлықтар ұсынылды.
Форумды «KMF» компаниясының Түркістан қаласы филиалының аймақтық директоры Нуриддин Жасымбеков қорытындылап, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланған жиынға қатысушыларға және осы салада компаниямен бірге болған клиенттерге алғысын білдірді.
Айта кетелік, «KMF» микроқаржы ұйымы мен «KMF-Демеу» қоры 2022 жылы өзінің 25 жылдығына орай, Қызылорда облысының Жаңақорған кентінде бірінші агрофорумын өткізген болатын. Өткен жылы Тараз қаласында, Қызылорда облысының Шиелі кентінде және Түркістан облысының Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы форумы ұйымдастырылды. Аталған жиындарда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің тиімді жолдары туралы өңірге арналған өзекті тақырыптар қозғалып, екі жыл ішінде форумдарға 500-ден астам адам қатысқан.
Түркістан облысы