Жуырда Арыс қаласында асыл тұқымды қошқарлардың облыстық көрме-сайысы өтті. Қалалық орталық стадионда өткен шараға қой бағып, қошқар баптағандар 200-ден аса қошқар әкеліп, баққандарымен мақтанып, сайысқа түсті.
Асылтұқымды қой өсіруші шопандар мен ірі шаруа қожалықтары қатысқан шараның ашылуында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова көрменің маңыздылығына тоқталды. Игі істі ұйымдастырушылар мен мал басын асылдандыру бағытында еңбек етіп жатқан шаруаларға сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді. Көпшілік құйрықты қылшық жүнді, қисары және арашан қой тұқымдарын көрді көрмеден. Қисары қойларының алқымы кең, арқасы тегіс, сирағы жуан болса, дөң тұмсықтары, қылшық жүні бөлекше рең береді. Көрме-сайыстың ережесі бойынша қазылар алқасы қошқарлардың салмағы мен бойына және сыртқы бітіміне қарай бағалады. Сонымен тоқты қошқар бойынша Берік Сұлтанның салмағы 144 килолық «Мүсін» қошқары дара шықты. Бойы 105,5 сантиметр арыстық Ақылбек Әлжанның «Гектар» атты қошқары биіктік бойынша чемпион атанды. Ал Бақберген Әлжановтың «Куба» атты қошқары сыртқы бітімі бойынша үздік болды. Шымкенттен келген Бақтияр Балажанның «Тұран» атты сақа қошқары 195 кило басып, жеңімпаз деп танылды. Қазылар алқасының шешімімен салмағы, бойы және тұрқы ескеріліп, үздік қошқар иелеріне Алғысхаттар мен арнайы чемпиондық белбеу және кубоктер табысталды.
Тұлпар баптап бәйгеге қосатын атбегілер туралы әр қазақ біледі. Құсбегілердің бүркіт, сұңқар, қаршыға сынды жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға салатыны да мәлім. Ал енді тұқымы сирек кездесетін қошқар баптайтындарды қалай атаймыз? Ұйымдастырушылар мен іс-шараны жүргізушілер асыл тұқымды қошқарды баптап, көрмеге әкелгендерді қойбегі деп атап жатты. Қой бағатындарды қойшы немесе шопан дейтін, ал қойбегі деу қаншалықты дұрыс?
Түркістан облысы