• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Ауыл 03 Қыркүйек, 2024

Тағайна ауылының мерейі тасыған күн

124 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатыны айтылған. Бұл бастаманың жүзеге асырылып жатқанына күні кешегі Білім күнінде өңір жұртшылығы куә болды. Түркістан облысында қазіргі таңда құрылысы жүргізіліп жатқан 49 мектептің 42-сі биыл пайдалануға беріледі. Оның алғашқылары Білім күнінде ашылды.

Мысалы, Сарыағаш ауда­­­нын­да 300 орындық Бақыбек мектебі, ал Дербісек елді мекенінде 350 орын­­дық мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Оқушылардың білім алуы­на қолайлы жағдай жасалған 350 орындық мектепте 52 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Жеке кәсіпкер Серік Нарбаевтың есебінен салынған зият­кер­лік мектепте суық су, жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұя­сында кітапхана, барлық пән ка­би­неті толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Әрбір бөлме арнайы құрал-жабдықтармен, жи­һаздармен жабдықталып, сырт­қы және ішкі бейнебақылау камералары орнатылған. Сонымен қатар мектепте ішкі бассейн де орнатылған. Ауданда, сондай-ақ Сарысу елді мекеніндегі №40 Н.Әбдіров атындағы негізгі орта мектептің 200 орындық оқу ғи­мараты жаңа оқу жылында пай­далануға берілді. Ал Отырар ауданында Ақкөл елді мекеніндегі 100 орындық Ж.Егембердиев атындағы негізгі мектебінің, Сауран ауданында төрт мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа оқу жылына пайдалануға берілген төрт мектептің біреуі – мемлекеттік, үшеуі – жекеменшік мектеп. Ал жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сауран ауданында 3 мектеп пайдалануға беріледі. Келесі жылы Ынталы мен Құмтүйін елді мекендерінде 600 орындық екі мектептің құрылысы аяқталмақ. Оқушылардың білім алуына толық жағдай жасалған білім ошағы Кентау қаласында да пайдалануға берілді. Соңғы үлгіде салынған жекеменшік «Bastau» мектебі 450 оқушыға арналған. Ал Арыс қаласында оқушы саны­ның артуына байланысты жаңа­дан пайдалануға берілген 300 орын­дық оқу ғимараты толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Үш қабаттан тұратын ғимаратқа жылы су жүйесі, ойын және спорттық алаңшалар орнатылған. Барлық оқу кабинеті жаңа парта-үстелдермен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ішкі әжет­ханалармен жабдықталған.

Төле би ауданында пеш жағып, оқушылары түтінге тұншығып, тар, тозығы жеткен ғимаратта оқитын мектеп бар еді. Көршілес ауылдардағы балалар заманауи типтегі зәулім мектептерге барып жүргенде солардың қақ ортасында орналасқан Тағайна елді мекенінде оқушылар пешпен жылытылатын, әбден тозығы жеткен ескі ғимаратта оқуға мәжбүр болған еді. Бұл мектептегі жағдайды арнайы барып көргенбіз. Мәселені тиісті орындарға жеткізген де едік. Тәуба! Тағайнада тамаша мектеп салынуына атсалысқан азаматтарға, мәселені бақылауда ұстаған «Amanat» пар­тия­сының өкілдеріне, бюджеттен қаржы бөлу ұсынысын қолдаған облыстық әкімдіктегілерге ауыл тұрғындарының айтар алғысы шек­сіз. Жаңа оқу жылында Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық мектеп пен Көксәйек елді мекеніндегі аудандық саз мектебі пайдалануға берілді. Тағайна жалпы орта мек­­тебінің ашы­­лу салтанатында аудан әкімі Төлеген Телғараев ауыл халқының көптен күткен білім ордасының құрылысын мердігер мекеме «Дос и К сервис» ЖШС жүргізгенін атап өтті. Құны 925 млн теңге болатын мектепте оқушылардың тиянақты білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Ауданда тозығы жеткен үш білім ұясына күрделі, ал 33 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша үш мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Сондай-ақ Білім күні Түлкібас ауда­­нында 300 орындық жаңа мектеп ашылса, Келес ауданы Қош­қарата ауылдық округіне қарасты Бесқұбыр елді мекенінде №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектебінде 300 орындық қосымша жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында үш мек­тептің құрылысын жыл соңы­на дейін аяқтау көзделген.

 

 Түркістан облысы