Польшаның Томашув-Мазовецк қаласында конькиден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды. Бұл жарыста 500 метрлік қашықтықты 41.30 секундта жүгіріп өткен Арина Ильященко күміс медальді иеленді. Жерлесіміз тек италиялық Джорджия Айелодан (40.16) қалып қойды. Қола медальді германиялық Марлин Эхселунс (41.37) еншіледі.
Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының «Төрттік финалында» өнер көрсететін командалар толықтай анықталды. Дүбірлі доп додасында Алматының «Қайратынан» бөлек, Испанияның «Пальма» мен «Картахена», Португалияның «Спортинг» клубтары күш сынасады.
Бибісара Асаубаева ФИДЕ-нің үш бірдей әлемдік рейтингінде жеке-дара көш бастады. Дарынды қыз 20 жасқа дейінгі ойыншылар арасында классикалық шахматтан, рапид, блицтен бірінші орында тұр. Ал әйелдер арасында ол 13-сатыға жайғасты. Сондай-ақ Бибісара ересектердің рапиді (9-орын) мен блицінде (7-орын) ТОП-10 шахматшының санатына еркін еніп отыр.
12-15 желтоқсан аралығында Словакияда шайбалы хоккейден 2026 жылы алауы тұтанатын қысқы Олимпия ойындарының іріктеу турнирі өтеді. Сол жарыста елімізде әйелдер құрамасы бақ сынайды. Негізгі іріктеу сынына жолдама алу жолында жерлестеріміз Словакия, Исландия, Словениямен сайысқа түседі.
Жеңіл салмақта күш сынасып жүрген 33 жастағы қазақтың кәсіпқой боксшысы Абылайхан Құсайынов 28 желтоқсанда Қытайдың Хайкоу қаласында жергілікті былғары қолғап шебері Йонкианг Янгпен жұдырықтасады. Қос саңлақ WBO Inter-Continental нұсқасы бойынша алтын белбеуге таласады.
Фристайл-акробатикадан еліміздің құрамасы жаңа маусымға дайындықты Шымбұлақта бастады. 5 желтоқсанда олар Финляндияда өтетін Еуропа кубогіне қатысады. Жастар келесі жылдың қаңтар айында Алматыда жалауы желбірейтін әлем біріншілігінде бақ сынайды. Аталған бәсекелерде Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Дінмұхаммед Райымқұлов, Ұланбәкір Өмірзақов, Асылақын Асан, Ардана Маханова, Аяна Жолдасқа айрықша сенім артылып отыр.
Футболдан 2025 жылы өтетін клубтық әлем чемпионатына қатысатын барлық 32 команда анықталды. Олар – «Челси», «Реал», «Манчестер Сити», «Бавария», «ПСЖ», «Интер», «Боруссия», «Порту», «Атлетико», «Бенфика», «Ювентус» «Ред Булл Зальцбург», «Палмейрас», «Фламенго», «Флуминенсе», «Ботафого», «Ривер Плейт», «Бока Хуниорс», «Монтеррей», «Сиэтл», «Леон», «Пачука», «Интер Майами», «Аль-Хиляль», «Урава Рэд», «Аль-Айн», «Ульсан», «Әл Ахли», «Видад», «Сандаунз», «Тунис», «Окленд Сити» клубтары. Аталған доп додасының жеребесі 5 желтоқсанда тартылады.
Семсерлесуден еліміздің жастар құрамасы Гонгконгта жалауы желбірген Әлем кубогінің командалық сайысын күміс медальмен қорытындылады. Құрамында Богдан Лукин, Кирилл Проходов, Георгий Тинников, Нұржан Әбжанов сынды сайыпқырандары бар жерлестеріміз БАӘ, Оңтүстік Корея, Гонгконгты ұтып, финалда Қытайға бір ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберді.
Футзалдан еліміз кубогінің жеребесі тартылды. 21-24 желтоқсан аралығында Ақтауда жалауы желбірейтін жарыста мына клубтар өзара шеберлік байқасады: А тобы – «Семей», «Тұлпар», ТЧЕ-14, «Бәйтерек». B тобы – «Жетісу», «Ордабасы», «Биосфера», «Аят». C тобы – «Каспий», «Алатау», BS, «Ақтөбе». D тобы – «Қайрат», «Атырау», «Омега», «Астана».