• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Ақпан, 2025

Ойын бизнесіне ҚҚС енгізу әбден орынды - сарапшы

410 рет
көрсетілді

Еліміздегі бірқатар салаға қосылған құн салығы (ҚҚС) енгізіліп жатыр. Осы орайда «лудомандардың қалтасын қағып-сілкіп қоржынын қаржыға толтырған ойын бизнестеріне де осындай салық салына ма, жоқ па?» деген заңды сұрақ туындайды. Мәселенің мәнісін анықтау үшін сала сарапшысын сөзге тартып көрдік.

Ойын бизнесі – жоғары табыс әкелетін секторлардың бірі. Әсіресе, казино, онлайн-казино, букмекерлік кеңселер сияқты бағыттар ел экономикасына елеулі кіріс әкеледі. Алайда лудомания әлеуметтік мәселелерді де қоса өршітеді, ашығын  айтқанда, құмар ойындарға тәуелділік адамның өзімен қоса, оның  отбасына үлкен машақат алып келеді. Сол себепті экономист Бауыржан Ысқақ ойын бизнесіне қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізуді әбден орынды деп есептейді.

«ҚҚС енгізудің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, бұл мемлекетке қосымша табыс көзі болады. Ойын бизнесі – ірі ақша айналымы бар сала болғандықтан, оған салық салу бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға көмектеседі.

Екіншіден, ҚҚС енгізу арқылы ойын бизнесін заңды түрде реттеуге және бақылауды күшейтуге мүмкіндік туады. Яғни, ресми есептілік жүргізіліп, саладағы нақты табыстар ашық көрінеді. Үшіншіден, осы салықтан түскен қаржыны құмар ойындармен күреске және әлеуметтік бағдарламаларға бағыттауға болады», дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол ҚҚС енгізудің белгілі қиындықтары да барын атап өтті.

«Бұл салықтың енгізілуі ойын бизнесі субъектілерінің шығындарын арттырады. Нәтижесінде олардың қызмет көрсету құны да өсуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл салаға салынатын инвестициялардың азаюына әсер етуі ықтимал. Екінші мәселе – заңды реттеудің күшеюі көлеңкелі нарықтың пайда болуына әкелуі мүмкін. Себебі кейбір операторлар салықтық ауыртпалықтан қашып, заңсыз жұмыс істеуге ұмтылады», дейді Б. Ысқақ.

Ел экономикасына тиімді болу мақсатында ойын бизнесіне салынатын салықтың орташа пайыздық мөлшері қанша болу керектігін сұрағанымызда маманның жауабы төмендегідей болды:

«Менің ойымша, ҚҚС міндетті түрде енгізілуі керек, бірақ оның мөлшері шамадан тыс жоғары болмауы тиіс. Оптималды ставка 14–15% деңгейінде белгіленсе, бұл ойын бизнесі субъектілеріне айтарлықтай салмақ түсірмей, заңсыз нарыққа кету қаупін азайтар еді. Ең бастысы – салықты енгізу арқылы бюджетті толықтыру ғана емес, саланы реттеп, әлеуметтік мәселелердің алдын алу маңызды».

Ресми мәліметке сүйенсек, кейінгі екі айда елде 800-ге жуық жаңа букмекерлік сайт тіркелген. Құқық қорғау органдары 260 заңсыз орынды жапқанымен, құмар ойынға тәуелділік әлі де өзекті мәселе болып отыр.