Мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлер қызметіне кері әсерін тигізетін кілтипан жиі кездеседі. Бұқара мен биліктің арасына дәнекер болуы, қазақ қоғамының сенімін нығайтуға тиіс мемлекеттік органдар қандай өрескел әрекетке барады?
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Атырау облысы бойынша департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушы Қасымхан Мырзатаевтың айтуынша, біріншіден, тексерулерді қалыптастыру мен тіркеу мерзімін сақтамайды. Екіншіден, кәсіпкерлерден қызметтік ақпаратты сұратады. Үшіншіден, лауазымды тұлғалар кәсіпкерлік нысанына тексеру актісін бермей келеді.
«Мұндай деректер кәсіпкерлік қызметті ілгері жылжытуға кері әсерін тигізіп отыр. Былтыр жыл басынан бері 1 763 тексеру тіркелді. Оның ішінде 874 дерек жеке кәсіпкерлерді тексеруге қатысты болып отыр. Кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында 3 тексеруге тосқауыл қойылып, 83 тексеру күшін жойды. Тіркеуден бас тарту арқылы 44 тексеруді жүргізуге жол берілмеді. Ал қалыптастыру кезіндегі 50-ден астам чек қайта қарауға жіберілді. Департаменттің қабылдаған шараларының нәтижесінде 21 лауазымды тұлға тәртіптік, 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді Қ.Мырзатаев.
Оның сөзінше, құқығы бұзылған кәсіпкерлер «Qamqor» мобильді қосымшасы арқылы тексерулер туралы ақпарат алуына болады. Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетіне қатысты шағым бере алады. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, «Бизнеске жол» жобасы басталғаннан бері 4,5 мың кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді.
«Кәсіпкерлердің қызметіне байланысты жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден астам берешек өтелді. Анықталған бұзушылықтарға қатысты 18 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Біз кәсіпкерлермен жиі кездесу өткізіп, әкімшілік кедергілер немесе шенеуніктер тарапынан заңсыз әрекеттерді анықтаймыз», деді Е.Серікқалиев.
Жеке кәсіпкер Әсел Есениязованың Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында бірнеше кәсіпкерлік нысаны бар. Кәсіпкердің шағымына сүйенсек, бұрнағы жылдан бері бір топ адам оның бизнесіне кедергі келтіріп жүр. Ол осыған байланысты тиісті органдарға шағым түсірген.
«Бейбарыс ауылында мейрамхана, шағын маркет аштым. Балалар алаңы бар. Бір топ адам үнемі менің кәсібімнен кез келген бұзушылықты іздейді. Тұтынушы атын жамылып, жарамдылық мерзімін, тауардың бағасын, нысандар орналасқан аумақта темекі тұқылының бар-жоғын тексерген болады. Заң бұзушылық болса, полиция шақырып, маған айыппұл салдыруға мәжбүрлейді. Олар әлеуметтік желіде менің аты-жөніме, бизнесіме байланысты теріс пікір жариялап отыр. Нәтижесінде, олармен соттасумен келемін. Жақында сот мені құптап шешім шығарды. Алайда әлгі топтағы адамдардың шабуылы мұнымен тоқтамай тұр. Олар жақында мейрамханаға, шағын маркетке келіп, мені айыптау үшін тағы да себеп іздеді. Мен енді қалай жұмыс істеуім керек? Өзімді және бизнесімді қалай қорғаймын?» дейді Ә.Есениязова.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша департаментінің сектор меңгерушісі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, жеке кәсіп иелерінің құқығын қорғау алгоритмі бекітілген. Соған сәйкес былтыр Антикор қызметкерлерімен бірге бизнестің 121,684 млн теңгеге мүліктік құқығы қорғалған.
«Өңірде кәсіпкер жұмысына кедергі келтіру үшін қорқыту дерегі бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Шағын және орта бизнес өкілдерін қорқыту үшін түрлі санаттағы топ өкілдерін тартуға тырысатындар бар. Осы орайда полицейлердің айыппұл салу әрекеті заңды ма? Бұл мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр», дейді С.Жолдыбаев.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Биғамбаевтың пікірінше, полиция қызметкерлері өздігінен кәсіпкерлердің құқығын бұзу әрекетіне бармайды.
«Шақыртуға барған полицейлер алдымен мәселенің анық-қанығын тексеріп, зерделеуге тырысады. Өйткені тәртіп сақшылары кәсіпкерлік нысандардың иелері шағым түсіруге құқылы екенін біледі. Сондықтан олардың тарапынан кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіреді дей алмаймын», деп мәлімдеді Е.Биғамбаев.
Атырау облысы