• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір 25 Ақпан, 2025

Мұндай қаламгерді ұлты ұмытпайды

72 рет
көрсетілді

Дулаттың қазақ әдебиеті мен мәде­ниетіне, қоғамдық өміріне сіңірген ең­бегі өлшеусіз. Құдай берген талантын, мәдениетін, білімін – бәрін сарқып жұмсады. Әдебиеттің іргесін кеңейт­ті. Қазақ драматургиясын үлкен биікке кө­терді. Әлемге шығарды. Драмалары Еуропаның біраз сахналарында, Англия­да, Кореяда, Тәуелсіз мемлекеттер одақ­тастығында қойылды. Дулатқа дейін қазақ драматургиясы бүйтіп әлемді ара­лаған жоқ. Біздің қазақ өнерінде дра­матургияның негізгі өзегін ұстап қалған осы Дулат болды.

Оның ең алғашқы пьесала­ры­ның бірі «Әпкені» көргенде біз соғыстан ке­йінгі ұлт өмірін, өз өмірімізді қайта көр­гендей болдық қой. Шынайы шебер еді. «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекшілерге» қарасаң, тақы­рыбы отансүйгіштікке ша­қыр­майтын шығарма сияқты. Оқып көр­сең, қазағыңның ғұр­пы, қаза­ғыңның тіршілігі, кейіп­керлері не атағы жоқ, не беделі жоқ, не үлкен қызметкер емес, жай ғана адамдар. Бірақ қазақты өсіріп жатқан ауылдағы сол адамдар. Соларды көрсете білді. Риза болдық.

Дулатпен жарты ғасырдан астам бірге жүр­дік. Әй-шәй дескеніміз жоқ. Халық үлкен жазушысынан, үлкен өнерпазы­нан айырылып жатса, Төлен, Кәдірбек – бәріміз үлкен досымыздан айы­рылдық. Жер қойнына беретін кезде ел «ұлы­ жазушы еді, ұлы шебер еді» деді. Елге еш­кім олай айт деген жоқ. Халық көкейіндегі сөзін айтты.

Қазақтың ұлы жазушысының екін­ші өмірі басталды. Оның ха­лыққа сіңір­ген еңбегін балаларымыз, немере-шө­берелеріміз, болашақ ұрпақ оқу керек. Бүгінгі ұрпақ көріп-білмеген соғыстан кейінгі қазақ өмірін қанын тамызып, айнытпай суреттеген Дулат бола-тұғын. Біздің замандастар арасынан Оралхан екеуі бірінші болып ағаларымыздың ілтипатына ілінді. Солардың сеніміне ие болды. Сол сенімді бұлар үлкен абыроймен ақтады.

Тәуелсіздік алған жылдары теңселіп қалдық қой. Мемлекетіміз де жол таппай, өзіміз де қиналдық. Солай дағдар­ған кезімізде Дулат елді мақа­лаларымен демеді. Жиі-жиі ма­қала жазды. Біздің бәріміз «қыз­­дарымыз бетімен кет­ті, Са­йын көшесінің бойында тұрып алды» де­генімізде, Дулат «Egemen Qazaqstan» газетіне мақала жариялады. «Қыздарды қор­ғайтын ұл­дарымыз қыздарды өздері қорлап жатыр» деді. Қыз­дарды қор­ғай алмаған, келіншектерді қорғай ал­­ма­ған еркектер еді ғой. Елді намысқа ша­­қыр­­ған ондай жалаулы сөздері де ұмытыл­майды.

Дулат қашан да қиыншылықты ел-жұрты­мен бірге көрді, бірге көтерісті. Сондағы бар ойы осы елді дұрыс дәрежеге жеткізу болды. Жол көр­сетіп, жөн сілтей білді. Кезінде қаншама ел мен жерді араладық. Соның бәрінде халық Ду­латты танитын, сөзіне құлақ асатын. Өйт­кені ол көпшіліктің көкейіндегі сөзді айтып, ­жөн сілтейтін.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылда­рын­да қаламгер екендерін ұмытып кет­­кен жазушылар болды. Дулат олай ет­кен жоқ, бес қаруын тастамады, жасанып жауға шапты. Сөз-семсерімен жігер бер­­ді. Мұндай ұлды халқы ұмытпайды. Біз де ұмытпаймыз. Жатқан жері жайлы бол­сын.

 

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты