Сөз түзелсе, ел түзеледі. Бүгінде қоғамды әлеуметтік желі мен мессенджерлер тәрбиелеп жатыр десек, артық айтқандық емес. Соның ішінде руханият тақырыбында сөз қозғайтын дін қызметкерлері, яғни уағызшылар халық арасында беделге ие. Олардың ізгілікке негізделген насихаты – қоғам тұрақтылығы мен бірлігінің басты ұстыны.
Мешітте, түрлі жиында, сондай-ақ әлеуметтік желіде сан мыңдаған адамның санасына иман сәулесін құйған дін қызметкерлерінің қоғамды адамгершілік жолына тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Дегенмен кейде базбір уағызшының қате тұжырым жасап қойып, қоғамдық пікірталасқа түрткі болатын кездері де бар. «Жаңылмайтын жақ жоқ» дегенмен, дүйім елді аузына қаратқан діни көшбасшылардың жұрт алдындағы сөйлейтін сөзін жеті рет өлшеп, бір рет пішіп айтқаны дұрыс-ақ. Кеше Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қоғамда ізгілікті насихаттаудың мәдениеті» ІІ Республикалық уағызшылар форумында осы мәселе көтеріліп, кеңінен талқыға салынды.
Жиынға қатысқан Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген адамгершілік пен жауапкершілік, әділдік пен адалдық, бірлік пен ынтымақ сынды құндылықтарды қоғамда кеңінен дәріптеудің маңызына айрықша тоқталды. Сонымен қатар Президент атап өткен әлеуметтік кеселдермен күресудің өзектілігін тілге тиек етті.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы асыл дінімізді дамытуға, оның ұлтты ұйыстыру жолындағы рөліне жоғары мән береді. Шын мәнінде біздің басты байлығымыз – елдің бірлігі мен тұрақтылығы. Ынтымағымызды нығайту жолында бәріміз еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыда бұл форумның идеясы мен мақсаты дұрыс. Сіздердің елді имандылыққа ұйытудағы, ауызбіршілік пен адамгершілікке шақырудағы еңбектеріңіз зор», деді Е.Қарин.
Мемлекеттік кеңесші сөз арасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының діни терминдерді қазақша айту туралы ойын құптады. ҚМДБ төрағасы жас буын өкілдерінің ауызашарды «ифтар», сәресін «сухур» деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіретінін айтқан еді. Бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданып, ана тілімізге құрмет көрсетуге шақырды.
Форумда сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы былтыр бірінші рет уағызшылар форумын өткізіп, «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» құжаты қабылданғанын атап өтті.
«Мұндағы мақсатымыз – уағызшылардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру. Өйткені уағыз айту – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Уағызшы ең алдымен өзінің әдебі мен мәдениетін жетілдіріп, жылы сөзбен, сабырлықпен, дәлелді түрде насихат айтса, адамдардың жүрегіне иман құндылықтары ұялайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды асыл қасиеттерімізді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияладық. Алла қаласа, игі бастама аясында бірнеше іс-шараны жүзеге асырамыз. Осы ретте уағызшыларды ел арасында отбасы құндылығы жайлы белсенді насихат айтуға шақырамын», деді Бас мүфти.
Жиын барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, наиб мүфтилер Кенжетай Дүйсенбай мен Сансызбай Шоқанов, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Жапал Долиев сөз алып, қоғамдағы уағыз айту мәдениетіне қатысты ойларын ортаға салды.
Форум аясында имамдарға арналған ақпараттық-оқу семинары өтіп, уағызшыларға қоғамда түсінбеушілік тудыратын тақырыптарды қозғамау, біржақты пәтуа бермеу, ҚМДБ бекіткен пәтуаларға сүйену, сондай-ақ дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау қажеттілігі түсіндірілді. Іс-шара соңында «Үгіт-насихат айтудың тәртіптік ережесі» құжаты қабылданды.