• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Әскер 28 Ақпан, 2025

Жеңіс шеруіне дайындық

60 рет
көрсетілді

Биыл 7 мамырда елімізде Жеңістің 80 жылдығына, сондай-ақ Отан қорғаушы күніне орай әскери шеру өтеді. Оған өзге де күштік құрылымдармен қатар Ұлттық ұланның 400-ден аса әскери қызметшісі қатыспақ. Бүгінде ұландықтар жауапты сәтке қызу дайындыққа кірісіп кетті.

Жеңіс шеруі әдеттегіше әскери құрам­дардың саппен жүруі, әскери техниканың көрсетілімі және авиацияның әуеде ұшып өтуі секілді үш кезеңнен тұрмақ. Ұлттық ұлан қатарынан әскери қызметшілердің екі колоннасы сап түзеп өтеді деп жос­парланып отыр. Оның бірін күн сайын еліміздің қалаларында қоғамдық тәр­тіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін патрульдік-бекеттік қызметтің әскери қызметшілері, ал екінші колоннаны арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің әскери қызметшілері құрайды. Бұл бөлімше жуырда «UAE SWAT Challenge» халықаралық жарысында үздік ондыққа енгенін айта кетейік.

Сонымен қатар шеруге үлгілі-көрсе­тілімдік оркестр мен іс-шараны ұйым­дастыруға жауапты әскери қызметшілер де қатыспақ. Олардың қатарында жүргі­зушілер, техника жетекшілері, медици­налық қамтамасыз ету мамандары мен экипаж мүшелері бар.

Жаяу әскерден бөлек, Ұлттық ұланның 17 әскери техникасы шеруге қатысады. Олардың ішінде «Барыс» 6х6 және «Cobra II» көліктері бар. Бұл бронды машиналар кепілге алынғандарды босату, маңызды нысандар мен көлік колонналарын қорғау бойынша тапсырмаларды орындауға арналған. Ал «Урал ВВ» және «Алан-2» техникалары күзетілетін нысандарға шабуыл жасалған жағдайда қолдау көрсету мен қорғанысты күшейту үшін қолданылады. Бұл техникалардың шерудегі көрсетілімі Ұлттық ұланның ел азаматтары мен ұлттық мүдделерді қорғауға дайындығын айқын дәлелдейді.

Биылғы шерудің бұрынғылардан ерекшелігі – сап түзеген колонналар соғыс жылдарындағы киім үлгісінде болады және алғаш рет еліміздің аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік туларын салтанатты жағдайда алып өтеді. Бұл – елдің батырлық тарихына құрмет көрсетіп, бірлігін айшықтайтын маңызды іс-шара болмақ. Шеруге жалпы саны 4,5 мың адам қатысады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұйымдастырылады. Ел тарихындағы маңызды күн Қарулы күштеріміздің де кез келген жаудың бетін тойтаруға сақадай сай дайын екенін әйгілемек. 

Соңғы жаңалықтар