Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейтін жадыда жүретін нақылы бар. Бұл – әсіресе ғылым жолына түскен ғалымдарға тән қасиеттер. Мұны атыраулық ғалым Ерсайын Ихсанов темірқазықтай жарқырап тұратын бағдаршамына айналдырды.
Еліміздің батыс шебіндегі Қиғаш өзеніне таяу орналасқан қазіргі Бөкейхан ауылында 1950 жылы өмірге келген. Қиырдағы ауылда балалық шағы өтіп, ержеткен ол мектепті бітірген соң педагогика саласын таңдады. Сөйтіп, 1966 жылы Алатау бөктеріндегі Алматыға жетіп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының математика факультетіне құжатын тапсырды. Білімге құштар жас 1971 жылы аталған оқу орнын бітірді.
Еңбек жолын алдымен бұрынғы Гурьев педагогика институтында бастады. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Алаш қайраткері Х.Досмұхамедовтің есімі берілген университеттің математикалық анализ кафедрасында 20 жыл жұмыс істеді. Кейін Атырау мұнай және газ институтындағы жоғары математика және есептеу техникасы кафедрасының меңгерушісі, УНАТ институты Атырау филиалының директоры, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры қызметін атқарды. Елу жылдан астам мерзімде мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп, математика ғылымының қыр-сырына баулыды.
Ақырын жүріп, анық басатын қалпынан таймаған Ерсайын Уәлитханұлы ұстаздық кәсібін ғылыммен ұштастырды. Жоғары білім алған институттағы аспирантураның күндізгі бөліміне түсіп, дифференциалдық және инте- гралдық теңдеулер саласын таңдады. Ғылыми ізденісінің нәтижесінде 1990 жылы «Динамикалық симметриял спутниктің конустық прецессиясына туындайтын периодтық қозғалыстар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ал 2005 жылы «Аспан механикасының жаңа модельдеріндегі Ляпунов бойынша орнықтылық мәселесі» бойынша докторлық диссертациясын қорғап, физика-математика ғылымдарының докторы атанды. 2007 жылы ғалымға Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен математика профессоры ғылыми атағы берілді.
«Ерсайын Уәлитханұлының ғылыми зерттеу еңбегінде аспан ме-ханикасының жаңа моделі құрастырылды. Толық симметриялы 9 және 10, толық емес симметриялы 10 аспан денесінің шектеулі есебіне байланысты динамикалық модельдер үшін дифференциалдық теңдеулер жүйесі енгізілді. Евклидтік және фазалық Гамильтон кеңістіктеріндегі координаталар жүйесінде сапалы әрі сандық есептеулер жүргізілді. 9 және 10 аспан денесіне қатысты шектелген мәселені анықтайтын дифференциалдық теңдеудің стационарлық шешімін анықтайтын функционалдық теңдеу құрылды. Компьютерлік алгебра әдістерімен дифференциалдық теңдеулер жүйесінің жиіліктер арасындағы резонанстық қатынастар анықталды. 3 және 4-ретті жиіліктер резонанстары үшін Ляпунов мағынасында тепе-теңдік жағдайдағы орнықтылық және орнықсыздық туралы теоремалар дәлелденді», дейді профессор, халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі Серік Өтепқалиұлы. Оның ғалым ретіндегі қалыптасу кезеңі М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, С.Орджоникидзе атындағы Мәскеу Авиациялық институты және КСРО Ғылым академиясының Теориялық астрономия институты секілді жетекші ғылыми мектептерде өтті. Мәселен, кандидаттық диссертация тақырыбы бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарына КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты профессор Е.Гребеников, профессор А.Сокольский жетекшілік етті.
Ғалым ғылыми зерттеулеріндегі тұжырымдары туралы халықаралық және республикалық ғылыми басылымдарда 114 ғылыми мақала, 3 ғылыми монографиясын жариялады. Оның жетекшілігімен 1 докторлық жұмыс дайындалды. Жоғары оқу орындарында 12 ғылым магистрін даярлады.
Ол бірнеше рет облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Үлкен шаһарда тұрмаса да жергілікті ғалымның жоғары білімді, білікті мамандар даярлау ісіндегі және ғылымдағы қажырлы еңбегі үшін лайықты бағасын алды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2010 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы беріліп, 2020 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал былтыр ғылымның қия шыңына өрлеген ғалым Ерсайын Ихсанов Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Атырау облысы