Ертең Аустрияның Линцінде шымылдығы түрілетін Гран-при турнирінде еліміздің 14 дзюдошысы күреседі. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова (48 кг), құрлық чемпионы Данияр Шамшаев (73 кг), Азия ойындарының қола жүлдегері Нұрлыхан Шархан (100 кг) сынды танымал саңлақтармен бірге Толғанай Әбеуова (52 кг), Дана Әбдірова (57 кг), Самалай Ерғалиева (63 кг), Ақерке Рамазанова (+78 кг), Талғат Орынбасар (60 кг), Нұрмұхаммед Ботабай (66 кг), Қуан Барыс (73 кг), Мәди Амангелді (81 кг), Азат Күмісбай (81 кг), Мейірлан Максим (90 кг), Жантілек Нұртілепұлы (+100 кг) татамиге шығады.
7 наурызда Грекияның Гераклион шаһарында семсерлесуден Әлем кубогінің кезеңдік сайысы басталады. Ежелгі Эллада елінде Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Анастасия Гулик, Диляра Исабекова сынды спортшыларға сенім артылып отыр.
АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін халықаралық турнирде еліміздің бірнеше теннисшісі өнер көрсетеді. Алғашқы айналымда Александр Бублик (АТР №82) жапониялық Юсуке Ватунакимен (349), Александр Шевченко (АТР №98) аустралиялық Ринки Хиджикатамен (83) күш сынасады. Елена Рыбакина (WTA №7) мен Юлия Путинцева (№20) жарысты екінші кезеңнен бастайды. Юлия аргентиналық Мария Карле (103) мен чехиялық Катерина Синякова (59), Елена Чехияның тағы бір өкілі Мари Боузкова (50) мен франциялық Сюзан Ламменс (64) арасындағы кездесудің жеңімпазымен шеберлік байқасады.
Футболдан еліміздің премьер-лигасының І турының қорытындысы бойынша Түркістанның «Тұран» клубы сапындағы өзбекстандық легионер Шахбоз Умаров ең үздік ойыншы деп танылды. Көкшетаудың «Оқжетпесіне» қарсы кездесуде 25 жастағы жартылай қорғаушы бір гол соғып, бір рет нәтижелі пас берді. 8-9 наурыз күндері өтетін екінші турда мына командалар өзара күш сынасады: «Оқжетпес» – «Атырау», «Жетісу» – «Ұлытау», «Жеңіс» – «Тобыл» , «Қайрат» – «Ордабасы», Ақтөбе» – «Тұран», «Елімай» – «Қайсар», «Қызылжар» – «Астана».