• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Көрме 09 Сәуір, 2025

Әр бейнеде – нәзік сыр

135 рет
көрсетілді

Мемлекеттік орталық музейде шығармашыл ханым­дардың қолтаңбасын көрсететін «Қарағым-ай» көр­кемөнер көрмесі есік ашты. Белгілі суретші, педагог Индира Элиф Бадамбаева жетекшілік ететін ART-студияда өнер тоғыстырған талантты қылқалам шеберлерінің айтары бар.

Көрме әйел бей­не­сіне және оның айналасында қа­лып­тасатын ерекше рухани әлемге арналған. Бұл — нәзіктік пен табандылық, дәстүр мен заманауи көзқарас, даналық пен терең пайым үйлесім тапқан кеңістік. Экс­позицияда ұсынылған жұ­мыстар эмоционалдық әсерімен, батыл көркемдік ше­шімдерімен, көз тар­тар­лық түстік палитрасымен ерек­шеленеді.

Мемлекеттік орталық му­зейдің сыртқы байланыстар бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко суретшілердің қол­таңбасы сан түрлі болғанымен, олардың жан дүниесін тоғыс­тыратын құндылық – өнерге һәм өмірге деген сүйіс­пен­­­шілік екенін атады. Ол көр­медегі әрбір туынды адам бойына үміт ұялатып, сенім мен шабыт беретінін айтады.

Көрмеде ұсынылған шы­ғар­маларда қазіргі өмір­дің шындығын көрсететін әлеу­меттік тақырыптағы тұ­жы­рым­дамалық жұмыс­тардан басқа, философиялық ойлар, дерексіз кескіндеме де кез­деседі. Графика, акварель мәнерімен ұсынылған кей­бір туынды ой терең­ді­гімен, үйлесімді колорис­тикалық комбинациясымен ерекшеленеді.

Өнер жәрмеңкесінде сөз алған жоба кураторы — Қа­зақстан Суретшілер ода­ғы­ның мүшесі Индира Элиф Бадамбаева қатысушылар­ды алғашқы көрмелерімен құт­тықтап, шығармашылық табыс тіледі. «Бұл көрме — біздің ортақ жолымыздың нә­тижесі. Біздің суретшілер шын мәнінде қайсар, шынайы әрі ерекше жандар. Бүгін мұнда қолтаңбамызды ғана ұсынған жоқпыз, әлемге өз үнімізді жеткіздік. Шәкірттерімнің тыр­нақалды талпынысын өнер жанашырлары жоғары ба­ғалағаны көңілге қуаныш ұялатады», дейді ол.

Студия қатысушылары өнер әлеміне жол ашқан шы­ғармашылық ұжым мен ұстаздарына алғыс білдіріп, жү­рекжарды лебізін жеткіз­ді. Олардың кейбірі үшін бұл көр­ме алғашқы қадам ғана емес, жеке жеңіс пен шығар­машылық жолдағы маңызды белеске айналған.

Көрмеде Айжан Абдирова, Нұргүл Әбішева, Мәдина Ақ­молдаева, Дина Әліханова, Әй­герім Бақаева, Раушан Иманбаева, Нұрай Исенғұлова, Інжу Қасымова, Марина Ким, Гаухар Мұрзабекова, Элео­нора Оразова, Әсел Сәгім­баева, Динара Сәкенова, Ка­терина Сийдра, Таңсұлу Сімтікова, Полина Трегубова, Жібек Төлегенова, Ғайни Тө­ребаева, Әлинұр Уәлиева, Аида Үсенбаевалардың және сту­дия жетекшісі Индира Элиф Бадамбаеваның 70-тен аса жұмысы ұсынылған.

 

АЛМАТЫ