Жақында ғана елдігіміздің тағы бір келісті көрінісіне куә болдық. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада халқымыздың аса көрнекті тұлғасы туралы танымал мемлекет және қоғам қайраткері жазған кітаптың тұсаукесері өткізілді.
Кітап кейіпкері – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Кітап авторы – Қуаныш Сұлтанов.
Тізгінін қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ұстаған тұсаукесерде кітап иесінің ұстазы, ұлт абыздарының бірі Мырзатай Жолдасбеков бастап, басқа азаматтар қостап, автордың еңбегіне жан-жақты баға берілді. «Қазақтың Қонаевы» деп аталған кітапты толық оқып шыққаннан соң, пікір білдіруді жөн санадық.
Бұл кітаптың басты өзегі – ел басқару өнері.
Бағзы заман данышпаны Демокриттің «Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі» деп айтқан сөзі бар. Маргарет Тэтчердің саяси бестселлерге айналған кітабының «Искусство управления государством» деп аталатыны да сондықтан.
Ел басқарудың қандай қиын, жауапты міндет екенін біз қазір күнбе-күн көріп отырмыз. Шүкір деп айтайық, мынандай алмағайып заманда Президентіміз сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміздің кемесін тұс-тұстан соққан алай-дүлейге алдыртпай, алға сәтімен жылжытып келеді.
Д.Қонаев туралы аз жазылған жоқ. Жеке кітаптар да, ұжымдық жинақтар да баршылық. Димекеңнің өз мемуарлары дүркін-дүркін басылып жатыр. Қонаевтану жалғаса беретіні сөзсіз. Бірақ соларды есептегенде де біз сөз еткелі отырған кітаптың бәсі биік тұратыны анық. Неге бұлай деп сеніммен айтамыз?
Өйткені бұл тақырыпқа Д.А.Қонаевтың тұсында жиырма жылдан астам биліктің барлық буынында қызмет еткен, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысынан Орталық партия комитетінің басты бөлімінің меңгерушілігіне дейінгі баспалдақтарға ретімен, жөнімен көтерілген, республика комсомолының көшбасшысы кезеңінен жұмыс бабына орай алдында талай болған, ағалық ақылын алып, өнегесін көрген, Димаш Ахметұлының тасы өрлеген кезінде де, күрделі сын сағатында да жанынан табылып, ақыр аяғында ақтық сапарына шығарып салуды өз қолымен ұйымдастырған адамның қалам тербеуінің жөні бір басқа.
Осы кітапты жазу Қуаныш Сұлтанұлының адамдық әрі азаматтық асыл парызы, қайраткерлік әрі қаламгерлік қымбат қарызы еді. Бәріміз сол парыздың өтелгеніне, сол қарыздың қайтарылғанына куә болып отырмыз.
Бұйырса, биыл тарихи жеңістің қапталында елімізде біраз мерейлі мезеттер өткелі тұр. Қуаныш Сұлтанұлының 1945 жылы мамырда туғаны, сол шақта жер жәннаты Жетісуда да жеңіс қуанышы тойланып жатқаны, өмірге келген нәрестеге ел еңсесі көтерілетіндей ат қойылғаны – ұмытылмас оқиға. Міне, Жаратқанға шүкір, ауыл-аймақтың арман-аңсарынан туған бұл перзент бүгінде 80 жастың сеңгіріне шығармашылық қуатымен, толымды табысымен келіп отыр. Енді кітаптан замана шыңдаған тұлғалық мектеп туралы мына жолдарды оқимыз: «Республикамызда көптеген адамдар Димекеңнің басқаруымен қызметтес, әріптес болды. Одан да көп адамдар Димекеңнің шешімімен, келісімімен әртүрлі деңгейдегі жауапты қызметтерге өсіп, белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлері болды. Ол кісі ел аралап жүргенде батасын алып, шапағатын көрдім дейтін адамдар қаншама. Солардың әрқайсысының Димекең туралы өз сөзі, өз ойы болуы да заңды. Мен де кезінде Дінмұхамед Ахметұлының қолдауымен, қамқорлығымен он жылдай республиканың ең жауапты лауазымды, атап айтқанда, республика комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет, ұйымдастыру-партия жұмысы сияқты екі үлкен бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқару сенімі мен бақытына ие болдым. Сол жылдары өткен мектебім мен мемлекет ісіне жауапкершілігім, тәжірибем өмір бойғы ұстанымым болды, әрі одан кейінгі жылдарда да мемлекет ісіне адалдықпен еңбек етуге мол бағыт берді».
Қуаныш Сұлтановтың тәуелсіздік жылдары егемен еліміздің тұңғыш ақпарат министрі, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, Қазақстанның Қытайдағы елшісі, үкімет вице-премьері, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаты сынды асуларының бәрінде де, осы кезең ішінде көрнекті қоғам қайраткері биігіне көтеріліп, ойы терең, қаламы ұшқыр публицист ретінде танылуында да Қонаев өнегесі, Қонаев үлгісі, Қонаев тәлімі бары талассыз.
Өзіміз де – сол заманның перзентіміз. Біз де – Қонаев есімін қастерлеп өскен ұрпақтың өкіліміз. Дінмұхамед Ахметұлын халықтың бәрі де жақсы көргеніне мынандай бір оқиғаны дәйек еткім келеді.
1987 жылдың қаңтар айы. Колбин билігінің алғашқы апталары. Мен ол кезде партияның Орталық комитетінде жалпы бөлімнің сектор меңгерушісі болатынмын. Біздің сектор негізінен хат-хабарды тіркеумен, тиісті тәртіппен жауапты адамдарға жеткізумен, арыз-шағымдарды тексеруге жіберумен айналысатын. Бір күні республикалық деңгейдегі лауазымды тұлғадан хат келіп түсті. Ол кісі соның алдында ғана бірінші хатшының қабылдауында болған. Хат сөзіне қарағанда, Колбин ол адамға «Осы айтқандарыңызды маған кеңейтіп, ресми түрде жазып беріңіз» деген. Сөйтіп, ақсақты тыңдай, шынды құдай ұрғандай етіп, естіген-білгенінің бәрін тізе беріпті.
Дінмұхамед Ахметұлын жерден алып, жерге салыпты. Оқып шығып, қаным басыма тепті, зығырданым қайнады. Кеше ғана басшылыққа жалбақтап жүргендердің біреуі еді. Не істейсің, қолдан не келеді? Амал жоқ, тиісті тәртіппен тіркеуге жібердім. Көп ұзамай бір айқай-ұйқай басталды да кетті. Бірінші хатшының қабылдау бөлмесінен жаңағы хатты іздетіп жатыр. Бөлім меңгерушісі маған жетіп келді. «Хат қайда? Геннадий Васильевич сұрады». Ізделген хаттың түскенін, тіркеуге жіберілгенін айттым. Тіркеуден қарасақ, ондай хат жоқ... Тіркелетін уақыты болды. Бірақ хат ізім-ғайым жоқ. Енді бастығым мені қыса бастады. Ондай хат бар екенін растадым. Шыны керек, қатты қысылдым, қиналдым. Амал жоқ, аппараттағы жұмыс жөні бойынша түсініктеме жазуға кірістім. Сол кезде кабинетіме біздің бөлімнің бір қызметкері келді. Аты-жөні – Ольга Николаевна Бондарева. Жыларман күйде. «Ол хат менде еді...» дейді. Сөйтсем, жаңағы хатты әдейі тіркемей, тығып қойып отыр екен. Тіркелмеген хат тексерілмейді ғой. Ондағы ойы – Қонаевты қайткенде де жаладан арашалауға тырысу.
Міне, осы бір деректен-ақ Қонаевқа шынайы халықтық құрметтің шексіздігін көруге болады.
Дінмұхамед Ахметұлының көңілінің кеңдігіне, адамға жанашырлығына қатысты тағы бір мысал айтайын. Сол Орталық комитеттегі жалпы бөлімде істеп жүрген шағым. Сонда бастауыш партия ұйымының хатшысы да едім. Тәртіп бойынша ОК-нің бірінші хатшысынан бастап, басшылықтың бәрі біздің бастауыш ұйымның есебінде тұратын. Соның жөнімен бұрын республика басшысының кабинетіне айына бір рет кіріп, ол кісіден мүшелік жарна алатынмын. Қызметтен кеткеннен кейін бір күні кабинетіме Димекең кіріп келгені. Сасып қалдым. Орнымнан атып тұрып, қос қолымды ұсынып, амандасып жатырмын. Мүшелік жарнасын төлеуге келіпті. Төлеп, қол қойып болған соң сыртқа шығарып салмаққа жиналғанымды көрген ол кісі мені өзі тоқтатты. «Махмұт, рақмет. Коридорға шықпа. Саған зияным тиіп кетуі мүмкін», деді. Осындай адам болатын жарықтық.
«Қазақтың Қонаевы» – шынайы кітап.
«1986 жыл. Желтоқсан» деп аталатын бөлім былай басталады:
«Анамның бала кезімнен, сонау «құдайсыз» атеизм заманында мен үйден шығарда: «Аллам бәле-жаладан сақтасын!» деген тілегіне құлағым үйреніп, отбасылық дәстүрге айналған. Анам ол тілеуін жалғыз маған емес, бес баласына айтады. Әсіресе әкеміз дүниеден өткен соң, үлкен болғандықтан ба, маған ерекше айтатын. ...Сол тілекпен есейген, лауазымды қызметтерде жүрген шағымда, 1986 жылдың қарашасының бір күнінде Анам Шәрбану Мәжитқызының батасындай сөзіне кейде еркелеп, кейде әзілдесіп жүретініме салып (әлде бір шайтан түртіп): «Тәте (анамызды тәте, әкемізді аға дейтінбіз) мен ешкімнен ешнәрсе алмасам, ешкімнің өзің айтқандай «ала жібін аттамасам», ешкімге қиянат жасамасам, ол неғылған бәле-жала?» деп қалғаныма: «Көп сөйлеме, жұмысыңа бар!» деп қысқа қайырып, шығарып салып еді. Қырықтың қырқасына жаңа шыққан, «бәле-жала» көрмеген шағым екен ғой».
Иә, тарихтың сол бір талмау тұсында қаншама адамның сынға түскені рас. Талайлардың сол сынаққа шыдамағаны да шындық. Қонаевтың өзіне ғана емес, сол кезде қызметке іліккен көп адамның үстінен арыз жазылғанын, едәуір жақсы мен жайсаңға жала жабылғанын білеміз. Тарихтан біз алуға тиісті сабақтың бірі де – осы.
Автор сол заманда бәрін білгендей, бәрін болжағандай көрінбейді, артық ақылгөйсіп жатпайды. «Жоғарғы жақ» синдромы қоғам санасына сыналап кіріп, сіңісіп, бұзылмайтын сең, алынбайтын қамал болып, қалыптасып қалған. «Темірдей тәртіп» компартияның Жарғысында да жазылған. Сондай заман болған. Ол заманнан айналып өте алмаймыз. Ол да еліміздің тарихы», делінеді кітапта. Бұл ойды біз де құптай аламыз. Қуаныш Сұлтанұлының қарамағында комсомолда жұмыс істеген кезімізде жастар ұйымының жасампаздығына сендік. Кейін Компартияның орталық комитетіне барғанда да партия бағытының түзулігіне күмәнданған емеспіз.
Автор Қонаев туралы әңгімені 1986 жылғы тарихи Желтоқсаннан бастайды. Бұл, тегінде, назарды кейіпкер өміріндегі ең бір драмалық тартысқа толы тұсқа арнайы аударуы шығар. Дегенмен Қуаныш Сұлтанұлы бұл тақырыпқа әлі де қайта оралады, Қонаевтың қызметіндегі басқа да белестерді арнайы сөз етеді деп шамалаймыз. Өйткені автор тікелей куә болған Димаш Ахметұлы басшылық кезеңінің өзінде айрықша айтатын жайлар жеткілікті. Мысалы, Қуаныш Сұлтанұлы комсомолға жетекшілік еткенде шығармашылық жастармен жұмысқа қатты көңіл бөлді. Сол тұста жыл сайын көктемде жас өнер иелерінің байқауы өткізіліп тұрды. Ол фестиваль «Жігер» деп аталатын. Кейін ел өнерінің елеулі тұлғаларына айналған Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева, Кеңес Дүйсекеев, Ерболат Төлепбаев, Нағима Есқалиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Мәдина Ералиева, тағы басқа таланттар сол жылдары халыққа кеңінен таныла бастаған еді. Республика комсомолының осы игі ісін Қуаныш Сұлтанұлы ұйымдастырып жүрді. Жастардың бұл жұмысының жемісті жүруіне Дінмұхамед Ахметұлы қамқорлық көрсететінін, республика комсомолының жетекшісін қолдап тұратынын сезетінбіз.
Қуаныш Сұлтанұлы Желтоқсанға байланысты пайымын орайымен ортаға салған. Бір тұста былай дейді: «Әділіне келсек – Димекең алаңға шығып, жастарға бірауыз сөзін айтса – олар тарап кетуі де мүмкін еді. Өйткені жиналғандар ол кезде, яғни таңертең, түске дейін әлі қызбай, сөз тыңдайтын қалыпта тұрды. Бірақ мұндай бедел Мәскеуге қажет емес еді». Расында да, алаңға Қонаев шығып, салиқалы сөзімен, биік беделімен жастарды таратып жібере алса, мұның өзі кеше ғана орнынан алынған басшының абыройын асқақтатары сөзсіз.
Кітапта Қонаевтың кең құлашты қайраткерлік қасиеттері жан-жақты ашылған. Нақты деректермен жазылған. Мәселен, сан түрлі себеппен кезінде консерватория дипломын ала алмай қалған Нұрғиса Тілендиевті Композиторлар одағына өткізу, кеңес одағының Халық әртісі атағына ұсыну жөнінде Мәскеудің жоғары лауазымды тұлғаларына жолығуды тапсыруының жай-жапсары егжей-тегжей жазылған.
Кітаптың «Қиянат», «Наразылық», «Оңаша әңгіме», «Қайшылықтар», «Жаланың жалғасуы», «Колбинмен екі кездесу» деген тарауларының аттарынан-ақ Желтоқсаннан кейінгі сойқан саясаттың ызғарын сезінесіз. Кітап авторының сол бір күндердегі күйзелген көңіл күйіне еріксіз ортақтасасыз.
«Саналы өмірімде жастайымнан отансүйгіштік, коммунистік партия ісіне адалдықпен сенушілік сезіміме тұңғыш рет сызат түсті. Жүрегім шайлықты. Күйзелдім», дейді ол. «Жазығы, қылмысы жоқ адамға кім тиісе алады?» деп ойлауым бекер екен. Ойың түгіл түсіңе кірмеген бәле-жаланы жабатындар және сол өтірік жалаға сеніп, сөз айтатындар толып жүр екен» деп те жазады. Сондай күндерде жас жігітке: «Қарағым, сен мықты болуды ойла. Күресуді ойла. Өзіңнің адалдығыңды дәлелдеп шығуға дайын бол. Ең бастысы – инфаркт болып қалма. Инфаркт болсаң – күресуге шамаң болмайды. Үгілме, босаңсыма. Қайраттан. Қырыққа жаңа келдің. Қайда әлі... Мұндайдың талайын көресің. Аққа құдай жақ. Алла жар болсын!» деп ағалық ақылын айтатын адамдардың табылғанына тәубе дейсің.
Мына біз дәл сол күндері Орталық комитетте жұмыс істегенбіз. Бәрін де көрген, бәрін де бастан өткерген адам ретінде Қуаныш Сұлтановтың кітабындағы баяндалған жайлардың шып-шырғасы шығарылмаған шындық екенін растай аламыз.
Қуаныш Сұлтанұлының Димекеңді ақтық сапарға шығарып саларда көрсеткен қайраты мен тапқан ақылына арнайы тоқталғым келеді. Кітапта автор «Ел басшысы болған қазақтың ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен қоштасуға келген халықта есеп жоқ. Театр көшесі, оған келетін екі көшеде автокөлік тоқтатылған, бәріне халық толып кетті. Біздің әуелде жоспарлаған екі сағатымыз жетпей, тағы екі сағатқа ұзартуға тура келді» деп жазыпты. Бірақ өзінің сол тұста қабылдаған шешімі жөнінде айтпапты.
Ол былай болған еді.
О бастағы ойластырылған екі сағаттың жетпейтіні анықталғаннан кейін қосылған екі сағаттың ішінде де жиналған халықтың марқұммен қоштасып үлгермейтіні көрініп тұрды. Мына қалпымен халықтың опера театрына кіруі бас-аяғы кемі бес сағатқа созылатынын шамаладық. Сол кезде жерлеу комиссиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сұлтанов қоштасуға келушілерді театр фойесінің екі қанатынан қатар жіберуді ұсынды. Содан кейін ғана адамдардың легі екі есе жылдамдап, түскі сағат екіге дейін қоштасушылар түгелдей театрға кіріп үлгерді. Қуаныш Сұлтанов сондай шешім қабылдамағанда Қонаевпен қоштасуға келген халық театрға толық кіре алмай, бұдан адами реніш туындап, тіпті қалың жұртшылықтың наразылығы өршіп кетері мүмкін еді. Осылай шұғыл жасалынбаса, марқұммен қоштасу рәсімі тағы бірер сағатқа созылып, жоспарланған іс-шараның бәрі кейінге ығысып, ығы-жығы болып кетері анық-тын.
Тау тұлғаға тағзым етудің әдемі үлгісіндей қайраткер кітабы оқырманға көп тағылым беретіні, асылдарды ардақтай алатын халықтық дәстүрімізді дамытуға септесетіні сөзсіз.
Махмұт Қасымбеков,
саяси ғылымдар докторы