• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Басылым 12 Сәуір, 2025

Сот ісі де – таным нысанасы

90 рет
көрсетілді

Таяуда елордадағы «Фолиант» баспасынан заңгер, қаламгер Марат Азбанбаевтың «Абайдан Азбанбайға дейінгі сот істері» атты еңбегі жарық көрді. Сот саласында ұзақ жыл қызмет атқарған азаматтың әр жылдары жазған «Менің Қазақстаным. Жұмекен», «Әділ, әсем әлем», «Қарқабат», «Мықты қазақ және «Игорь полкі туралы жыр» атты кейде тосындау, кейде қалыпты кітаптары оқырманды бейжай қалдырмағаны да есімізде.

Автордың пікірінше, «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында екі басты кейіпкер бар. Оның біріншісі – кітап, екіншісі – оқырман. Жазушы  бала Абайдың дана Абайға дейінгі аралықта ғылым іздеп, ерінбей көп кітап ақтарған кезін оқырман ретінде де суреттеген. Сот төрелігі де – Абай сияқты адам, қоғам, заң, мемлекет мінезін ерінбей оқи білуге тиісті оқырман. Абай елге, жұртқа заңсыз қорлық қылатын тоқ тіленші сот төрелігінің пайда болу себебін анықтап кеткен. «Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ», деп.  Архивтен  құпиялылық таңба алынып тастала бастаған кезеңде әркім адам болып өмір сүру құқығына қиянат қылған, заңсыз қорлаған сот істері құжаттарын ерінбей таза әрі толық оқи  алады. Ол үшін құқық зерттеуші деңгейіне көтерілуіміз қажет».

Міне, Марат Ақторғайұлы осы құқықтық қажеттілікке өтеу үшін біраз уақытын архивтерді ақ­тарумен өткізіп, тапқан дерек­терін таза ақыл мен ар тезіне сынатқан.

Жаңа кітабының жүйесіне қарасақ, таза заңдылық пен құқықтық тәртіптің оқырманы болу мақсатында 1850 жылы Құнанбай Өскенбаевқа қарсы қозғалған қылмыстық істі зерделеген. Заңгердің ойынша, «Құнанбай ісіндегі» мән-жайлар  – сол замандағы адам аулауға бағытталған заң актілерінің нормалары, адамның ақиқаттан адасуына жол ашқан жосықтар.

1898 жылы Абайға жасалған қастандыққа қатысты ашылған қыл­мыстық істегі құжаттарды кітап авторы  «өз ырқы өз қолынан кеткен елде әділ, таза, толық сот билігінің атымен жоқ болуынан» деп санайды.

«Әркім тіршілік үшін күресте «анау да менікі, мынау да менікі» деген  нәпсісін жеңе алмауы, бо­йын күш сынасқан күндестікке, іштарлыққа, көреалмаушылыққа билетуі – елдік трагедияның үлкені», деп түйіндейді Марат Ақторғайұлы.

Иә, туындының өн бойында сот та адам баласы екені,  адам аулау­дан, алдаудан ада сот қызметін адал, таза атқаруға бас­тайтын жол жауапкершілік екені жүйелі түсіндіріледі.  «Судың да сұрауы бар» дегендей, әрбір судьядан да сұрау болмағы – жаратылыс заңы.

Кітап авторы хакім Абайдан өз бабасы, кешегі кеңес заманының шаруасы Азбанбай Текебайұлына дейінгі сот істерінің ішкі сырын ашып, ақиқат майданына алып шығуы «сот билігінен сұрау боларын ескертуім» дейді.

Заңгер-қаламгер еңбектің мақсатын «сақтандыру» деп көрсетеді. «Сот төрелігінде қиянат еткен судьяның бейнесі құқықтық жадта сол күйінде  сақталып, оның надан, болымсыз ғұмыры арттағыларға сөз болады, жаман атын шығарған нақты істеріне талдау жасалынады. Бүгінгі заңгерлер әділет дәуірінде тарих сабағын оқысын, үйренсін, жиренсін!» деп қорытады Марат Ақторғайұлы. Кітапта Шәкәрім, Қ.Сәтбаев әулеті, Ахмет Бірімжан, Жүсіпбек Аймауытұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Жармұхамед Төленұлы, т.б. тұлғаларға және Абыралы, Шыңғыстау көтері­лісіне байланысты заңдық-құқық­тық, адами-болмыстық қызық деректер бар.

 

Сабыр Шәріп